Жұрттың делебесін қоздырған дүбірлі додада Қостанай, Ақмола, Қарағанды облыстары мен Ресейдің іргелес жатқан өңірлерінен келген 80-ге жуық сәйгүлік бәйгеге түсті. Республикалық «Бәйге» федерациясы мен Қостанайдағы ұлттық ат спорты федерациясы ұйымдастырған айтулы спорт іс-шарасында қазақтың ежелден келе жатқан қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, көкпар ойындары мен аламан, құнан жарыстары ұйымдастырылды. Бәйгенің жалпы жүлде қоры – 19 млн теңге. Жарыс нәтижесінде бес бірдей жүлделі орынға ақшалай сыйлық табыс етілді.
Ат спорты мерекесінің ашылу салтанаты Мемлекеттік әнұранмен басталды. Одан кейін ат спортын дамытуға атсалысып жүрген азаматтар мінберге көтеріліп, аталған іс-шараның басты мақсаты Қостанай жылқысын насихаттау екенін, бүгінде осы тұқымды көбейту жолдары қарастырылып, оған мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп, қомақты қаржы бөлініп отырғанын айтты.
«Биыл – үшінші жыл. Осы Қостанай жылқысын дамытуға мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, қолдау көрсетіліп жатыр. Биыл байқасаңыздар, бәйге атының саны да көп, сапасы да жақсарған. Жазғы маусымға қыс бойы дайындық жүргізілді. Қостанай жылқыларынан бөлек таза қанды ағылшын жылқыларын ұстап отырған азаматтар бар. Маусымашар болған соң, мұндай ауқымды іс-шарадан шет қалмасын деген ниетпен өзіміз қаржы шығарып, оларды да бәйгеге қосып отырмыз. Олар да 1000, 1 800, 12 000 метрге шабады. Биыл жыл соңына дейін 5 бәйге өтеді. Соның бәріне 96 млн теңге қаржы бөлінген. Қостанай жылқысының бұлайша халықаралық деңгейге көтерілуі ғалымдарымыздың жүз жыл бойы жүргізген табанды ізденісі мен еңбегінің нәтижесі деп айтуға болады. Қостанай тұқымының саны 1965 жылы 45 мыңға дейін жеткен. Өкінішке қарай, қазір содан 278 таза қанды жылқы ғана қалып отыр. Сондықтан Үкіметтің қолдауымен, Сенат депутаттарының ұйытқы болуымен Қостанай жылқысын дамыту туралы заң жобасы әзірленіп, Мәжіліс талқысына ұсынылған еді. Аталған заң жобасын 22 мамырда Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жіберді. Республикалық комиссияның шешімімен Қостанай жылқысын өсіріп отырған шаруашылықтарды субсидиялауға 5 жылға 600 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді», деді Ұлттық спорт қауымдастығы вице-президенті Тастанбек Есентаев.
Сонымен қатар ол Президенттің бірқатар ұлттық спорт түрін олимпиадалық спорт деңгейіне дейін көтеру туралы тапсырма бергенін алға тартты.
«Осы мақсатта елімізде V Дүниежүзілік көшпелілер ойыны өтейін деп отыр. Міне, осының бәрі біздің ұлттық спортымыздың әрі қарай дамуына септігін тигізеді. Қостанай жылқысын айтпағанда, қазір жалпыұлттық спортты дамыту жөніндегі заң жобасын әзірлеу керек деген ұсыныс айтылып жатыр. Сондықтан болашақта ұлттық спортты дамытудың заңдық негізі жасалады. Қостанай жылқысының ішінен келешекте көкпарға, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, ат бәйгесі секілді ат спорты түрлеріне ат дайындау керек деген ойдамыз. Біздің алдымызда үш мақсат тұр: біріншісі – мамандар даярлау, екіншісі – инфрақұрылымды дамыту, үшіншісі – спорттық индустрияны дамыту. Мәжіліс депутаттары мақұлдаған заң жобасы осы міндеттердің шешім табуына септігін тигізеді. Егер осы индустрияны мықтап қолға алып, өзіміздің Қостанай жылқысын дамытар болсақ, келешекте ат спорты түрлеріне басқа жақтан ат іздемейміз, Қостанай тұлпарлары көптеген халықаралық жарысқа қатысып, әлемдік деңгейде танылуға мүмкіндік алады», деді Т.Есентаев.
Жергілікті жанкүйерлердің қуанышына орай, қысқа қашықтықтағы 1 000 метрлік бәйгеде Қостанай жылқы зауытында туған Тактика атты ұшқыр сәйгүлік бірінші болып келді.
«Бұл – екі жасар Тактиканың алғашқы жеңісі. Мың метрлік қашықтықта бәсеке өте жоғары. Жүлделі орыннан үміттенгенім рас, бірақ Тактика бұлайша топ жарады деп күткен жоқпын. Осы маусымда тағы бірнеше рет жеңіске жетеміз деген үміт оянды», дейді шабандоз Мария Кариева.
2 000 метрлік жарыста Ақмола облысынан келген Байқұрман Сабыржан мінген Барбара мәрені бірінші болып кесіп өтті.
«Шамамен 700 метрге дейін тізгінді тартыңқырап отырдым. Одан кейін біртіндеп қарқынды үдете түстім, соңғы айналымда Барбара барын салды. Абырой болғанда, мәреге бірінші болып келдік. Осы спортқа 10 жасымда әкемнің айтуымен келдім. Содан бері аттан түскен жоқпын», дейді 18 жастағы шабандоз.
5 мың метрлік Құнан бәйгеде Қостанайдың Сарма атты сәйгүлігі бірінші болып келді. Бәйгенің бұл түріне Туризм және спорт министрлігінің жүлдесі берілді. Сарманың шабандозы – Темірлан Застежко, бапкері – Виталий Пугачев, ат иесі – Данияр Елемесов.
21 мың метрлік Аламан бәйгеге шапқан 16 аттың 12-сі ғана мәреден көрінді. Қарағанды облысының Тайфун атты тұлпары бұл жолғы аламанда да алдына қара салдырмады. Тайфун осымен қатарынан 11-рет жеңімпаз атанып отыр. 13 жастағы шабандоз Жанболат Мінәсіптің жаттықтырушысы Ерболат Жазғыбековтің айтуынша, Тайфун – тынысы шапқан сайын ашыла түсетін нағыз аламанның алдын бермес қас тұлпардың өзі.
«Мәреге жақындаған сайын шабысын үдете түседі. Тек шешуші сәтке дейін тізгінді босатпай ұстай білу керек. Шамамен соңғы 500 метр қалғанда еркіне жібереміз, жануар жебе болып зулай жөнеледі. Бәріне ризамыз. Маусымашар бәйге жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған. Біздің ендігі мақсатымыз – Алматыда өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысу», дейді атбегі.
Бәйге қорытындысы бойынша жалпы есепте Ақмола облысы көш бастап тұр. Ат жарысының хатшысы Айгүл Амандықованың айтуынша, Қостанай облысының арғымақтары да жоғары нәтиже көрсетіп отыр.
«Қазақ тұлпары» жылқы зауытының жүйріктері әртүрлі қашықтықта бірінші және үшінші орын алды. Бұл – кейінгі үш жыл ішінде жүргізілген селекциялық жұмыстардың жетістігі. Бірнеше шабандозымызды Алматыдағы шабандоздар клубына оқуға жіберуді жоспарлап отырмыз», деді А.Амандықова.
Мамандардың айтуынша, Қостанай жылқысы ұшқырлығымен қоса алысқа ентікпей шаба алатын төзімділігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар конкурға да епті, яғни биіктікке де секіреді. Сондықтан келешекте осы қасиетін ескере отырып дамытар болсақ, олимпия ойындарына да қатысады.
Қостанай облысы