Туған халқын ән бесігіне, вальс ырғағына бөлеген сазгерді есте сақтау мақсатымен Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры «Шәмші» атты спектакль-концертін көрерменге ұсынды. «Ән падишасының халық аузынан түспейтін, классикаға айналған шығармалары қалай дүниеге келді?» деген сұраққа жауап іздейтін қойылым зор аншлагпен өтті.
Қойылымның алғашқы минутынан-ақ залда отырған көрермен Шәмшінің ішкі бұлқынысы мен шабытының иірімдерін айқын сезінді. Әу баста драмалық тұрғыда өрбиді-ау деп күткен едік, ойламаған жерден спектакльде Шәмшінің әзілі де жарасып, кейбір тұстарында комедиялық образы байқалып қалды.
Шәмші бірде шарқ ұрып шабытын іздесе, енді бірде көңілінің жыртығын жамайтын «Мұқағали шіркін жанымда болар ма еді?», деп толғанды. Қойылым әдетте адамды толғандырып, ойлантып отыратын. Бұл туынды адамның жансарайын, тынысын ашып, демалдыратындай. «Елім жүрегімді түсінсе деймін, қайда барсам да дау-дамай», деп қамығады композитор. Енді бірде Сағынышын іздеп таусылады. Ал иесіне адал Шабыты жарық дүниені тастағанша қасынан табылды. Әр сәт, әр бейне ән болып ақтарылып, көңілдерге нұр болып құйылып жатты. Концерт-спектакльде дирижер Болат Рахымжановтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Шәмші Қалдаяқовтың 18 әні шырқалды. Барлық әнді актерлер жанды дауыста орындап, вокалдық өнерлеріне еріксіз тәнті етті.
Қойылым авторы – Нұркен Тұрлыбек, режиссері – Әділет Ақанов, қоюшы-суретшісі – Айсұлу Шәріпова. Басты рөлде – Мәдениет қайраткері Бейбіт Шәнім (екінші құрамда Кенжеғазы Қарымсақов), Шабытты театрдың жас актері Бауыржан Егінбай, Сағынышты Райхан Жұмақанова, Анасын Гүлжихан Хамитова, сыған қызы Изольданы Айзана Тасболатова сомдады.
Ұжымның көркемдік жетекшісі, қойылым режиссері Әділет Ақанов бұған дейін керекулік театр сахнасында әйгілі композитордың шығармашылығына қатысты «Сыған серенадасы» қойылымы болғанын жеткізді. Ал «Шәмші» спектакль-концерті жұртшылықты Шәмшінің әндерімен әлдилеп, сазгердің ішкі әлеміне үңіліп көруге жетелейді. Мақсаты – тұлғаның ішкі ой-толғам, иірімдерін, шабыт шыңын ұғындыру.
«Шәмші әндері қоғамда әлі күнге өміршеңдігін сақтап, той-думанда, отбасылық мерекеде тұрақты шырқалып келеді. Әсіресе аға буын Шәмшінің әні десе, ішер асын жерге қоятыны рас. Қойылымның мәні – Шәмші мен Шабыт. Олардың тек екеуара ғана түсінісетін әлемдері бар. Шәмшінің ішкі сыры әрбір жүректі толғайды. Ол өмірдің құлазытқан сәттеріне мойымай, мәңгілік әуендерді мұраға қалдырды. Туындыда ән әлемінің майталманы, вальс королі, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен өнері, жетістігі мен жеңілісі, махаббаты мен ғадауаты сипатталады», деп Әділет Ақанов сахна сыртындағы әңгімеде ұжымның шығармашылық ізденістері туралы айтып берді.
Жалпы, бұл туындының сахналық нұсқасының жазылуына театрдың белді актері, Мәдениет қайраткері Бейбіт Шәнім және өнер ұжымының өзге де аға буын актерлері түрткі болса керек. Жергілікті көрерменге король Ричард, король Лир сияқты кесек тұлғалардың образымен танымал Б.Шәнім Шәмшінің әндерін бала кезден жаттап өстік дейді. Тағдырдың теперішін көп көрген сазгердің әндеріне заманында шектеу қойылып, кейбір әндерінің радиодан берілуіне тыйым да салынған. Мәселен, «Ақмаңдайлым» әні 1957 жылы жарыққа шықса, радиода ойнатуға тек 1958 жылы ғана рұқсат берілген. Осындай қиындықпен күресе жүріп, асау шабыттың өрінен түспеген өнер иесінің ішкі жан дүниесі әлем-тапырық болғаны анық. Тағдырлы тұлғаның ішкі жан арпалысын «Шәмші» спектакль-концерті сахнада ашып көрсете алды.
«Бейбіт аға сияқты театр майталмандары ғана мұндай кесек рөлді сахнаға алып шыға алады. Себебі шығармашылық адамының ішкі жан дүниесін танып-білу, оны сахнада сомдау үлкен шеберлікті ғана емес, осы саладағы талай жылғы тәжірибені қажет етеді. Шәмшіні өз заманындағы адамдар түсіне алмады, жан дүниесін аша алмады. Бұл қойылымның сахналық нұсқасын әзірлемес бұрын Ш.Қалдаяқов туралы көптеген фильмді көріп, кітап, газет-журналдарға үңілдім. О.Бодықовтың Шәмші туралы кітабына көп сүйендім», дейді Ж.Аймауытов театры басшысының орынбасары, қойылым авторы Нұркен Тұрлыбек.
Ал театр директоры Арман Темірбек атап өткендей, «Шәмші» – биылғы маусымның соңғы премьерасы.
«Былтыр театрымыз үшін сәтті кезең болды. Қазан айының соңы мен қараша айының басында театр труппасы Ресейдің Мәскеу облысы Мытищи қаласындағы «ФЭСТ» драма және комедия театрында өткен «Подмосковные вечера» фестиваліне қатысып, «Үздік ансамбль» аталымына ие болды. Жалпы, қойылымның өзі мен актерлердің ойыны ресейлік театр майталмандарының оң бағасын алды. Ал маусым басынан бері өнер ұжымы жаңа премьераның тұсауын кесті. Олар – Шекспирдің «ІІІ Ричард», Оралхан Бөкейдің «Кербұғы» қойылымдары», деді театр басшысы.
Ерекше атап өтерлігі, биыл Алаш қайраткері, қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытұлының туғанына 135 жыл толып отыр. Тұлғаның мерейтойына орай Аймауытов театры 20-25 қыркүйек күндері «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестивалін өткізуді ұйғарып отыр. Фестиваль отандық театр өнеріндегі үздік жұмысты, заманауи театр үрдісінің негізгі бағытын анықтау және театр өнерінің классикалық, заманауи мұралары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, актерлік кәсіби деңгейді шыңдау, театр әлеміндегі жаңа есімдерді анықтау мақсатында өткізіледі.
«Еліміздегі ең үздік деген спектакльдер Павлодар төрінде қойылып, жергілікті көрермен де өзге актерлердің өнеріне тәнті болады деген ойдамыз. Бұл фестивальдегі негізгі талап қатысатын жұмыс бұрын өзге театрлардың сахнасында қойылмауы керек әрі кейінгі бір жыл ішінде премьерасы өткен болуға тиіс. Бұл әріптестеріміздің арасындағы бәсекелестікті арттыра түседі деген сенімдеміз. Қазірдің өзінде фестивальға қатысуға ниет білдіргендер баршылық. Тіпті сонау Италиядан хабарласып, қатысу мүмкіндігін біліп жатқандар кездесті», дейді Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының басшысы Арман Темірбек.
Қазіргі уақытта республикалық сынға қатысу жөнінде 7-8 театрдан өтінім түскен. Ал күзде бұл тізім 10-12-ге жетеді деп күтіліп отыр. Аймауытов театры биылғы маусымды туар айда қорытындылап, бесжылдық есеп беру мақсатымен Алматы, Талдықорған қалаларына гастрольдік іссапармен шығуды жоспарлап отыр.
Павлодар облысы