Мен Акбар ағаны, нақтырақ айтқанда, Акбар Мәжитұлы шығармашылығын өткен ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңынан бері білемін. Оның атақты «Ақсақ құланын» біз 9-сыныпта оқып жүргенде орта мектепке арналған әдебиет оқулығынан, содан сәл кейін жазушының «Ақсақ құлан», «Көк көгершін» деген әңгімелер жинағын басымызға жастанып оқыдық. Ол – Қытайдың Бейжің қаласында тұратын қазақ ұлтынан шыққан атақты қаламгер. Шығармаларын қытай тілінде жазады. Өзінің шығармалары арқылы қытай прозасына жаңа реңк, стиль әкелген суреткер. Қытай прозасының классигі, атақты жазушы Уаң Мың мырза Акбар Мәжитұлының туындыларына баға бергенде: «Ол бұрын-соңды тұрмысты дайын қалыпқа негізделіп көшіре салмайды немесе көптеген оқиға желісін ойдан ойдырып, шалағайлық істемейді. Керісінше тұрмыстың әр қилы жақтарына жіті назар аударып, кейіпкердің көңіл күйін, оқиғаның шиеленісуін, пейзажды және қарама-қайшы құбылысты ұстап қалуға құлшынып, проза жасампаздығына өзінің өзгеше үлгісін енгізді. Сол үшін де ол – қытай прозасындағы орны бөлек суреткер», депті.
Акбар Мәжитұлы ҚХР-дың Шыңжаң провинциясына қарасты Іле қазақ автономиялық облысы, Қорғас ауданының Сарыбұлақ ауылында дүниеге келген. Ол зиялы отбасында тәрбиеленіп өсті. Зиялы да оқымысты әке орысшаны жақсы меңгеріпті. Содан болса керек, ұлын орысша оқытқысы келіп, Құлжадағы орыс мектебіне әкелсін. Бірақ аймақтағы жалғыз орыс мектебіне оқушы саны толып кетіпті де, оған түсе алмай қалады. Алыс келешекті болжаған әкенің бір ойлағаны болуы керек, не келешекке созған үлкен бір арманы болған шығар, болашақ жазушыны Құлжадағы қытай мектебіне береді. Сөйтіп, қытай мектебінде оқыған жасөспірім үлкен арманға қол созады. Бірақ балалық жасөспірім шағы Қытайдағы атышулы «мәдениет зор төңкерісіне» дөп келді. Мектептерде сабақ тоқтаған, экономика құлдыраған, елдің бәрі «оңшылдарды» әшкерелеумен сын тезіне алу, стиль дұрыстау күресімен айналысып кеткен, тоқыраған заман болды ол кез. Мектепті енді бітірген Акбар Құлжа ауданының «Қызыл жұлдыз» коммунасына қайта тәрбие алуға түседі. Бағына орай жазу, сызуға икемі бар, елгезек, кішіпейіл, елге үйірсек бозбаланы коммуна басшылығы коммунаның ақпарат және үгіт қызметіне жауапты етіп көп ұзамай-ақ оны ақпарат жоралығына өсіреді. Өңірлік баспасөзде (газет, радиоларда) хабарлары, шағын мақалалары, очерктері мен репортаждары жарияланып тұрады. Бұның болашақ жазушының шығармашылығындағы алғашқы дерлік қадамы болғаны анық.
Сонда ақпарат қызметімен айналысып жүргенде Құдай айдап Акбар қызмет істеп жатқан коммунаға сол кездегі Қытай көшбасшысы Маудың (Мао Цзэдун) «Ұйымдастыру бөліміне келген жас» деген повесімен назарын аудартқан атақты жазушы, қытай прозасының классигі Уаң Мың шығармашылық сапармен келеді. Бірақ жазушының келген жұмысы бітпей, шығармасы жазылмай қалады. Есесіне туындыларын қытайша жазатын өңірлік БАҚ-та мақалалары жарияланып жүрген қазақша, ұйғырша, қытайшаға бірдей ағып тұрған жас Акбармен танысады. Бұл 1973 жылдың көктемі болуы керек, содан көп өтпей Акбар Мәжитұлы сол жылдың күзінде Ланчжоу университетінің қытай филологиясы бөліміне оқуға түседі. Бұл арманшыл да, талапшыл жастың болашағына үлкен жол ашады. 1977 жылы оқуын бітіріп, Құлжаға қайта оралған ол Іле қазақ автономиялық облыстық үкіметтің аппаратына қызметке тұрады. Осы кезден, яғни 70-жылдардың соңынан алғашқы әңгімелері жариялана бастайды. Бір қуантарлығы, Уаң Мың баяғы өзі танысқан Акбарды сырттай сұрастырып, жағдайын біліп тұрыпты. Кейін келе оның шығармашылығына назар аударып, жазғандарын жоғары бағалап, байланыста болыпты. Уаң Мың мырза 80-жылдары Қытайдың мәдениет министрі қызметінде болды. Акбардың 1979 жылы жазған тырнақалды шығармасы – «Нұрман қарт және оның тазысы Барыс» деген әңгімесі «Қытай жазушылары» журналына жарияланады. Шығарма сол жылы бүкіл мемлекет бойынша шығармаларды бағалауда үзік әңгіме болып бағаланып, Қытай мемлекеттік сыйлығын алады. Бүкіл Қытайдың әдебиет сахнасы дүр сілкінеді. Акбар Мәжитұлы Қытай Жазушылар одағына мүшелікке қабылданады.
Акбар 1980 жылы Бейжіңге Қытай Жазушылар одағына қызметке шақырылады да, атақты Лу Шүн әдебиет институтында оқумен бірге жаңа шығып жатқан «Ұлттар әдебиеті» журналына редактор болады. Журналдың негізін қалап, бас редакторлық қызметін атқарады. Бүкіл Қытайға танымал журнал болуына Акбар Мәжитұлының сіңірген еңбегі мен үлесі ересен. Қытайдағы қытай, қазақ, ұйғыр, заңзу (тибет), чаушиян (кәріс) ұлтынан шыққан жас қаламгерлердің әдебиет сахнасына шығуына, бүкіл елге танылуына Мәжитұлының ықпалы болғанын айтпай кету әділдік болмас еді. Әрбір провинциядан редакцияға келіп түскен жас қаламгерлердің шығармаларын саралап, оны журналға жариялап қана қоймай, олар туралы рецензия, мақала жазып, жариялап отырды. Ол мықты ұйымдастырушылық редакторлық қабілетімен әріптестерін ғана емес, бүкіл Қытайдың әдеби ортасын мойындата білді. Алғашқы әңгімелер жинағы «Ақсақ құлан», «Көк көгершін» кітаптары осы тұста баспадан шықты. Акбар Мәжитұлы әр жылдары «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы, Қытай Жазушылар одағының жанындағы кино, телевизия әдебиеті басқармасының басқарма төрағасы, бүкілқытайлық кино, әдебиет ғылыми қоғамының шығармашылық жөніндегі директоры, үнемділік істерге жауапты бірінші орынбасары, Қытай Жазушылар баспасы корпорациясының басқару комитетінің меңгерушісі, Қытай Жазушылар одағының басқармасының хатшысы қызметтерін атқарды. Мемлекет және қоғам қайраткері санатында Бейжің қалалық саяси мәслихаты құрылтайының тұрақты мүшесі, бүкілқытайлық саяси кеңес құрылтайының тұрақты мүшесі ретінде қоғамдық міндеттерді де жүзеге асырды. Сонымен қоса Орталық ұлттар университеті, Ланчжоу университеті және Шыңжаң университетінің профессоры ретінде аспиранттарды тәрбиелейді.
Бейжің қаласы мәслихатының мүшесі ретінде 300-ге тарта ұсыныс жобаны, бүкілқытайлық саяси кеңес мүшесі ретінде 150-ден аса ұсыныс жобаны ұсынған. Қайраткер жазушының биік мінберден көтерген мәселелері негізінен ұлттың руханият саласын қамтиды. Соның бір-екі дәлелі – бір ұлттың жаны мен рухына, оның күретамыры есепті материалдық емес рухани байлықтарды қорғау жөніндегі ұсыныстары. «Осындай ұсыныстардың негізінде қазір Қытайда бейзаттық мәдениетті (материалдық емес рухани мәдениет) қорғау» жөніндегі заң қабылданған. Акбар Мәжиттің тікелей араласуымен Қытайдағы ең үлкен «Halyk» интернет порталының қазақша және ұйғырша сайттары, Қытай Жазушылар одағының жанындағы Лу шүн әдебиет институтында Шыңжаңдағы жас қаламгерлердің тәрбиеленіп жатқанын, олардың шығармашылығына үлкен өріс ашылғанын біреу білсе, біреу білмейді.
Акбар Мәжитұлының ең алғашқы әңгімелер жинағы «Ақсақ құланнан» (бұл кітапқа Уаң Мың алғысөз жазған) соңғы жарық көрген «Аспантаулар аясында» деген жинағына дейін отызға тарта кітабы, «Акбар Мәжитұлы шығармаларының» 10 томдығы, «Мұхаммед пайғамбар» (Жыжияң оқу ағарту баспасының «Әлемге әйгілі 100 адам сериясы» бойынша жазылған), «Мұқали» (Алтын орда тарихын терең меңгерген қаламгер ескі қытай архивтерінде, мұрағаттарында отырып жазған) кітабы жарық көріпті. Ал аудармашы ретінде Шыңжаңдағы қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің шығармаларын қазақ әдебиетінің классикалық үлгілерін («Абай жолы» эпопеясы секілді), Абай қарасөздерін, қазақ әндерінің антологиясын, ұйғырдың классикалық музыкалық мұрасы «12 мұқанды» қытай тіліне аударды.
Әрине, бұл – үлкен рухани байлық, ұлт руханиятына салған үлкен олжа деген сөз. Шығармалары әлемнің біраз тіліне (ағылшын, неміс, орыс, француз, жапон, түрік, корей, испан) аударылған жазушының кітаптары мен шығармалары елімізде дүркін-дүркін жарық көріп отырмаса да, республикалық әдеби басылымдарда әңгімелері жарық көрсе, «Ақсақ құлан» («Фолиант» баспасы), «Мұқали», («Алатау» баспасы) және Дүние жүзі қазақ қауымдастығының жанынан «Акбар Мәжитұлы шығармалары» (4-том) жарық көріп, атажұрттағы оқырмандарының қолына тиген болатын.
Акбар Мәжитұлы ұлтаралық келісім мен үйлесімділікті сақтауға, еларалық дипломатиялық байланыстар мен мәдениетті үйлестіруге айырықша үлес қосты. Соның бір ғана дәлелі – Қазақстан Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, Қазақстан халық Ассамблеясының Ұлтаралық келісім мен үйлесімділікті сақтауға қосқан үлесі үшін медалімен марапатталуы.
Акбар Мәжитұлы азамат ретінде де, жазушы ретінде де, қайраткер ретінде де оның атқарған жұмысы бір басына көп деуіңіз әбден мүмкін. Бірақ өзінің айтуынша, жоқ көп емес екен. Оның өмір жолы кешегі ХХ ғасырдың 20-30-жылдары ұмыт бола бастап, содан көп кейін Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ортамызға қайта оралған Алаш зиялыларының жолымен, рухымен, тағдырымен үндес, сабақтас секілді. Халқына не қажет, соған ұмтылды. Жақында әлеуметтік желідегі жазбасында жазушының бір оқырманы Акбар Мәжитұлын заңғар тауға, зәулім бәйтерекке, арналы өзенге, сәулелі жұлдызға теңеп жазыпты. Ол – бүгін жазушы ретінде әдебиеттің ақсақалына, қайраткер ретінде ел ағасына айналған, әр қазақтың, ұлттық руханияттың ат байлар алтын қазығы. Қазақтың көрнекті қаламгері Рахымжан Отарбаевтың «сіздермен қанаттас өмір сүргеніме бақыттымын» деген сөзі бар еді. Біз де Акбар ағамен бірге жүрмесек те, рухтас інісі болып, қанаттас өмір сүргенімізге өзімізді бақытты сезінеміз.
Сержан Сәрсенбайұлы