Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Өмірзақ Озғанбаев,
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары:
– Иә, бесік ұлт мәдениетінің алтын тиегі десек жаңылыспаймыз. Кейінгі елужылдықты есепке алмағанда, қазақтың ең ежелгі бабаларынан бастап хандық дәуірден бері мұқым қазақ бесіктен шыққанын айтса да жеткілікті. Кейінгі кездері әлеуметтік желілердегі ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерімізді, ұлттық құндылықтарды келемеждеуге келіңкірейтін келеңсіздіктер қатты алаңдатады. Әр халықтың кемсітуге, келемеждеуге жатпайтын ерекшеліктері мен құндылықтары бар. Олар сол халықпен ғасырлар бойы жасасып келе жатқан ұлттық қасиеті, тіпті ар-намысы десе артық емес. Біздің халық Отан атты ұғымның өзін алтын бесік туған жер деп бейнелеп айтады. Сонымен қатар мансұқталып жатқан жалғыз бесік қана емес екенін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан салт-дәстүр, әдет-ғұрып деген ұғымдар жүрдім-бардым қарағанды көтермейді. Дамудың жолына түскен бірде-бір ел ондай қасиетті ғұрыптарын келеке еткенін көрмедік те, естімедік. Оның үстіне Қазақ елі үлкен өзгерістердің, ұлы мақсаттардың табалдырығында тұрған халық. Мұны ескеру керек әрі соған сай әрекет етуге лайықты болмайынша іс оңалмайды. Іс оңалу үшін Отан, ұлт, оның құндылықтары алдында әр қазақ жауапкершілікті өзінен бастауға тиіс.
Руслан Рүстемов,
Парламент Сенатының депутаты:
– Әдет-ғұрыптардың ұлттың рухани байлығына, салт-санасына, адамгершілігіне, саулығына әсері зор. Оны мойындауымыз керек. Мәселен, сәбиді бесікке бөлеудің философиялық мәні бар, екінші жағы, баланың тазалығына, денсаулығы мығым болып өсуіне әсері көп. Бесік жырын санасына сіңіріп өскен бала ұлтына адал болып қалыптасатыны да анық.
Қазақ ұлтының символикалық болмысын суреттегенде есімізге жылқы, шаңырақ, домбыра, сосын бесік түседі. Аталарымыз бесікті қасиетті бұйым санады. Тіпті бос бесікті тербетуге болмайды деп тыйым салатын. Өйткені үйге келген адам бос бесікті тербету арқылы өзінің ұрпақсыз қалғанын үндемей-ақ білдірген жайттар орын алғанын тарихтан білеміз.
Енді осы ғұрыптар жүйесінен жирендіретін жағдай әлеуметтік желіде тарап, жағамызды ұстадық. Шыны керек, күлдірем деп қоғамды бүлдіріп, дәстүрлі қазақ қоғамына рухани шабуылды өзгелер емес, өзіміз жасап жатқанымызды түсінеміз бе? Кейінгі жылдары тойда Батыстан енген элементтер көбейіп, қайсысы дәстүрімізге сай, қайсысы жат екенін ажырата алмай қалдық. Ендеше мұндай жиындарымызды ұлттық ерекшелікке сай қайта қарап, реформалау маңызды. Ақпараттық заманда саналы адамдар лайк басып емес, ұлттық салт-дәстүрге бекем боп, лайықты өмір сүрудің жолын таңдағаны дұрыс. Болмаса, жас буынға қандай тәлім қалдырамыз?
Бесік құрлы ұлт мәдениеті құндылықтарының қай-қайсына да асқан жауапкершілік таныту керек. Былтыр домбыраны ұшаққа алдырмай қойғанда ел шулап кете жаздаған. Халқымыздың домбырасы мен қобызы, киіз үйі мен бесігі заңмен қорғалу керек шығар? Олай болмаған күнде сауық қуғандар қызды-қыздымен ойына келгенін жалғастырмасына кім кепіл?
Тілі мен жүрегі, ойы мен сөзі бір жерден шығатын кез келген қазақтың осылай сөйлері анық. Өркениет төріне озған елдің дені әдет-ғұрпы мен салт-санасын заманауи жетілдірген сайын дами түседі. Оны мансұқтап, өз пиғылына пайдалану көргенсіздік боларын түсінген ұлттардан үлгі алған дамушы елдің болашағы қашан да жарқын.