25 Сәуір, 2015

Күкіртті сутегінің нормадан артық мөлшері анықталды

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

25-04-15-vodorod-1

Газет бетінде Бөрлі ауданындағы Березовка ауылында балалар мен жасөспірімдердің улану көріністері орын алғандығы туралы бұған дейін тиісті мәселе ретінде көтеріліп жазылған болатын. Алайда аталған материал басылымда жарияланған кезде оған қандай да бір болмасын экологиялық және техногендік жайттардың әсерлері тигені немесе тимегені жөніндегі нақты деректер келтірілмеген еді. Осыған байланысты таяуда «ҚазГидромет» РМК директорының орынбасары Баубек Самитов Березовка ауылында 2014 жылдың 25 желтоқсанында орнатылған жаңа экологиялық станса тың деректерді тіркеуге көмегін тигізгенін айтып берді. Рас, дәл қазіргі күні бұл станса тәжірибелік тәртіпте жұмыс істейді. Соған қарамастан, оның жан-жақты экологиялық мониторинг жүргізуге септігін тигізіп үлгергені де дәлелдеуді қажет етпейді. Түйіп айтқанда, мұнда, экостансаның көмегімен күкіртті сутегінің қалыпты мөлшерден сәл артқаны анықталған. Айталық қаңтар және ақпан айларында оның тиісті деңгейден көтерілу мөлшері анықталмаған. Мұның бас­ты себебі дәл сол кезде аталған құрылғыны реттеу мен қондыру жұмыстары жүргізілді, дейді Б.Самитов. Алайда наурыз айының аяғында рұқсат етілген консентрацияның екі дүркін көтерілгені анықталған. Сондай-ақ, оның мөлшері сәуір айының ішінде үш рет ұлғайған. Осы орайда мәселенің мына мәнісіне тоқтала кеткен жөн. Березовка ауылы тұрғындарын өзге аумаққа көшіру жөніндегі мәселе алғаш қозғала бастаған кезде Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны және су ресурстарын қорғау министрлігі аталған ауылға осы тектес екі стансаны құруға рұқсат берген екен. Алайда КПО б,в. шетелдік компаниясының өндірістік аймағы КазГидрометтің бақылау аумағына кірмейтін көрінеді. Бұл үшін де Альянс жетекшілері тарапынан қажетті келісімнің керектігі белгілі болып отыр. «Сонда қалай болмақ?» деген сауал еріксіз туындайды. Егер КПО б.в . компания басшылары Березовка ауылында орнатылған екі экологиялық стансаның көрсеткен деректерін мойындамаса, және оған келіспесе бұл қандай әділеттілік болар еді? Сондай-ақ, мұның өзі экологиялық талаптарға сәйкес келе қояр ма екен?! Осының басын ашып алу керек сияқты. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы.