Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Деректерге сүйенсек, ХХ ғасырдың бірінші жартысында 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың 25 мыңдайы атылды. Осы қаралы жылдары еліміз көлемінде ГУЛАГ-тың 20-дан астам лагері орналасты. Жазықсыз жазаланғандар қатарында көптеген мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт зиялысы болды. Ұлтымыз алапат аштықтың да зардабын тартып, орны толмас шығынға ұшырады. Ұжымдастыру науқаны қазақ байтағын бұрын-соңды болмаған аса ауқымды апатқа ұрындырды.
Соңғы жылдары халқымыз бастан кешкен нәубет жылдардың себеп-салдарына тағы да бір терең үңіліп, шынайы баға беру үрдісі тың қарқынмен белең алды. Оған Президент Қ.Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығы еселеп екпін берді. Комиссия жұмысының негізгі бағыттары белгіленіп, мақсат-міндеттері айқындалған соң, түрлі бағытта елеулі жұмыс атқарылды.
Шаң басып жатқан архивтік құжаттар жүйеленіп, сараланып, том-том зерде кітаптары жарыққа шықты. Бұрынғыларға қосымша 311 мың заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азамат ақталды. Зұлмат жылдарға ғылыми баға беру, жазықсыз құрбан болғандарды әділ, негізді ақтау жұмыстары әлі де жалғасады. Солақай саясаттан жапа шеккен отандастарымызға қатысты тарихи әділеттік қайткенде қалпына келуге тиіс. Бұл – мемлекеттің де, қоғамның да парызы.
Тарихымыздағы нәубетті кезең туралы тағылым бізді біріктіре түседі. Осы ретте Қазақстандағы түрлі этнос өкілдерінің тар замандағы қиындықтары да зерттеліп-зерделене береді. Біз әрқашан саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз.