18 Маусым, 2010

СУАРМАЛЫ ЖЕРЛЕР ПАЙДАСЫН БЕРЕДІ

828 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Облысымыздың суармалы жер­лердің 2009 жылғы көлемі 1990 жыл­мен салыстырғанда 29,0 мың гек­тарға азайып, 394,8 мың гектар құ­рады. Осыған байланысты, облыс бойынша ауылшаруашылық мақса­тында пайдаланылатын жерлерге түгендеу жүргізу, олардың игерілуі мен пайдаланылуына талдау жасау мақсатында облыс әкімдігі қаулы қабылдады. Аталған қаулыға сәйкес барлық аудандар мен қалаларда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге түгендеу жұ­мыстарын жүргізу үшін ко­мис­сия құрылып, түгендеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, ауыл ша­руашылығы мақсатындағы айна­лым­­нан шығып қалған жалпы 189 мың 464 гектар жер анықталды. Оның ішінде суармалы 86 мың 179 гектар жер бар. Жоғарыда анықталған ауыл ша­руашылығы мақсатындағы айна­лымнан шығып қалған суармалы жерлерді пайдаланбау себептері: - жердің тұздануы мен батпақ­тануынан 15 мың 417 га, - судың жетіспеуінен 20 мың 694 га, - су жүйелерінің істен шы­ғуынан 31 мың 317 га және басқа да себептермен пайдаланылмай жатқан суармалы жерлер көлемі 18 мың 751 гектарды құрап отыр. Бұл – қаржы жетіспегендіктен игеріл­мей отырған жерлер. Облыстың мақталы ауданда­рын­дағы шаруашылықтар нарық­тағы сұранысты ескерместен бар­лығы жаппай табысы мол техни­ка­лық дақыл ретінде тек мақта ши­кізатын өндірумен шектелуде. Көп­те­ген шаруашылықтардың егіс­тік жер көлемдері 1 гектардан 5-6 гек­тар ғана. Мұндай кішігірім шаруа­шы­лықтардың (70 мыңнан астам аг­роқұрылым) бөлініп кетуіне сәй­кес азғантай егістік жерлерінде қар­жының кемшілігінен және ау­ыл­шаруашылық құрал-саймандары мен техникаларының жетіспеуі салдарынан, өндірістерінде сол өл­кеге ғылыми тұрғыда дәлелденіп жа­салынған ауыспалы егістікті ен­гізу, топырақты агротехникалық та­лаптарға сай өңдеу, қажетті мине­ралдық тыңайтқыштармен қамта­ма­­сыз ету, арамшөптермен және өсім­д­ік аурулары мен зиянкестерге қар­сы күресу мүмкіндіктері болмады. Ауыспалы егістіктің қолданыл­мауы суармалы жерлердегі көпжыл­дық шөптердің (жоңышқа) көле­мі­нің кемуіне алып келді. Оның кө­лемі суармалы жерде 2000 жылы 74,0 мың гектар болса, 2009 жылы 14,7 мың гектар жерге кеміп, 59,3 мың га болған, немесе 75 пайызға дей­ін төмендеп кеткен. Мұның бәрі, айналып келіп ең соңында жер­дің құнарлылығының жоғалуына, оның құнды қасиеттері мен бел­гілерінің біртіндеп нашарлап құл­дырауына және сорлануына әкеліп соғуына байланысты егістік жер­лердің ауылшаруашылық мақса­тын­дағы айналымынан шығуына әкелді. Облыстағы суармалы жерлерде қалыптасып отырған жағдай өте қат­ты алаңдатады. Біздің мақ­са­тымыз суармалы жердің әлеуетін толық пайдаланып, оның тиімді­лігін арттыру. Егістік жерді толық пайдалан­бау­дың ең негізгі себебі – жердің тұз­дануы немесе сорлануы. Бұл соң­ғы 15-18 жылдан бері кәріздік жү­йелерге жөндеу, тазалау жұмыс­тары жүргізілмегендіктен лай басып көміліп, су тарту қабілетінің айы­рылуынан болып отыр. Нәтиже­сінде, жер асты сулары 1-1,5 метрге көтерілу себебінен суармалы жер­лер тұзданып, істен шыққан. Бұл күрделі де, жауапты мәселені шешу мақсатында 2009 жылғы “Жол картасы” бағдарламасы аясында 2 млрд. 835 млн. 380 мың теңге қа­растырылып, 63 су шаруашылығы нысандары бойынша ауылшаруа­шылық мақсатындағы айналымнан шығып қалған суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 44360 гек­тар суармалы жер қайта айналымға қосылып, 1196 шақырым суармалы арналардың су өткізу қабілеті жақ­сарды. Сонымен қатар, коммунал­дық меншіктегі арналарда облыс­тық бюджеттік бағдарлама бой­ынша 21 суармалы арнаны қалпына келтіру жұмыстарына 369,4 млн. теңге қарастырылған қаржы толы­ғымен игерілді. 430 шақырым бо­латын ар­налардың су өткізу қа­бі­леті жақса­рып, 5400 гектар суар­ма­лы жер қайта айналымға қосылып отыр. 2010 жылға “Жол картасы” бағ­дарламасы бойынша 56 су ныса­нында жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, оның ішінде 15 су ны­санында күрделі, 41 су ныса­нында ағымдағы жөндеу жұмыста­рын жүргізу жоспарланып отыр. Со­ның ңәтижесінде қалған суар­малы жерлер қалпына келтіріліп, ауыл шаруашылығы айналымына қайта қосылады және 841 ша­қы­рым (оның ішінде жөндеу жұмы­с­тары жүргізілетіні 388 шақырым) су шаруашылығы нысандардың су өт­кізу қабілеті жақсарады деп кү­ті­луде. Пайдаланылмай жатқан 86 мың 179 гектар суармалы жерді “Жол картасы” бағдарламасы бой­ынша және облыстық бюджеттен қаржы бөлу арқылы кезең-кезең­мен ауыл шаруашылығы айналы­мына қайтаруға қол жеткізіледі деп жоспарлануда. Суармалы егістік жерлерді то­лық пайдаланбаудың тағы да бір не­гізгі себебі – суаратын судың жыл­дан-жылға азайып, кеміп, су жетпейтін суармалы жерлердің шартты тәлімі егістікке айналуы. Бұл мәселені шешу мақсатында ау­дандар мен қалаларда тамшыла­тып суару әдісін енгізу қолға алы­нуда. Қазіргі кезде тамшылатып суа­ру әдісін қолдануға ниет білді­руші тауар өндірушілер мен жер кө­лемдері анықталды. Облыс бой­ынша жалпы 8841 гектар жерде орна­ласқан 209 агроқұрылым ниет білдіріп отыр. Бұл көрсеткішті үстіміздегі жылы 20 мың гектарға жеткізу ұйғарылуда. Тамшылатып суару жүйесі суар­малы дақылдардың дербес ерекше­ліктерін ескере отырып cуды дәл­ме-дәл бөліп тартады және оны жет­кізуді, қоректік заттарды өсім­діктің тамырына ендіруді реттейді. Соны­мен қатар суды, еңбек шығы­­ны мен қоректік заттарды үнем­дейді. Су мөлшерін қатаң қадаға­лау­ды сақтау арқылы үлкен алқап­тар­ға ылғал тартуға мүмкіндік береді. Суармалы жердегі әрбір өсімдік өзіне тиесілі ылғал мөлшері мен қоректік заттарын алады, бұл егіс ай­налымындағы дақылдардың өнім­ділігі мен сапасын арттырудың басты кепілі. Мысалы, тамшылатып суару әді­­сін бірнеше жылдан бері енгіз­ген “Жаңа Ақдала” ЖШС 520 гек­тар жерден қызанақ өнімділігін 650 ц/га, 120 гектар жерден мақтаның өнімділігін 54 ц/га алып отыр. Бұл көрсеткіш облысымыздың орта өн­ім­­­­ділігімен салыстырғанда: қыза­нақ гектарынан 388 ц, мақта 34,4 ц. көп алынуда. Бұл тәсілді, жер асты суы көтер­ілген алқаптарда қолдануға бол­май­ды, себебі жер асты суымен қо­сылып, жағымсыз, қайта тұздану үрдісі басталады. Суармалы жерлерді пайдалану­дың тиімділігін арттыру – облысы­мызда азық-түліктің тұрақты мол­шы­лығын жасаудың күрежолы. Бұл үшін суармалы жерлердің мелио­ра­циялық жағдайын одан әрі жақ­сар­ту керек. Кәрізді-қашыртқы жүйе­лерін, суару жүйелерін, тік құбыр­лы қашыртқыларын техникалық қолдану деңгейін және агроме­лио­рациялық шараларды жүргізу бү­гінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады. Органикалық және ми­нералдық тыңайтқыштарды енгізу, қазіргі заманға лайық су үнемдеу технологиясын енгізу, тұзды жер­лер­ді уақытылы әрі сапалы етіп сор шаю, ғылыми тұрғыда дәлелденген. Міне, осыларды қолданып ауыс­па­лы егістікті енгізу жұмыстарының жүргізілуі нәтижесінде суармалы жерлер өз пайдасын береді. М. ҮСІПБЕКОВ, Оңтүстік Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасының сараптама, жоспарлау және лицензиялау бөлімінің бастығы.