Сайыс көрнекті ғалым және ғылымды ұйымдастырушы, өз заманының ең ірі ойшылы және табиғаттанушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125-жылдық мерейтойы аясында өткізілді.
Олимпиада математикалық, жаратылыстану-ғылыми және бағдарламалау бойынша 3 бағыт және математика, физика, биология, химия, география, информатика пәндерінен пәнаралық кешенді болып табылады.
Іс-шара мақсаты – оқушыларды жоғары деңгейдегі олимпиадаларға дайындау жүйесін жетілдіру және жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер мен бағдарламалау бойынша олимпиадалық резерв құру.
Олимпиадаға Қазақстанның 8 облысынан (Абай, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Павлодар, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс-Қазақстан), Астана, Алматы, қалаларынан, Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Павлодар облысы білім беру мекемелерінің 7-8 сыныптарынан 95 оқушысы қатысты.
Олимпиада екі күн бойы 2 турда өткізілді.
І тур – 3 бағыттың бірін таңдау бойынша жеке жазбаша түрде:
- математикалық (математика, физика, химия пәндерінен кіріктірілген тапсырмалар);
- жаратылыстану-ғылыми (химия, биология, география пәндерінен кіріктірілген тапсырмалар);
- бағдарламалау (Pascal, С++, Python тілдердің бірінде есеп шешу).
ІІ тур – жазбаша және ауызша түрде (теория және практика) 6 пәннің бірі таңдау бойынша, математика, физика, химия, биология, география - ауызша, информатика - жазбаша. 2-турдың практикалық тапсырмаларының шешімдері қазылар алқасының мүшелеріне ауызша тапсырылады.
Екі тур нәтижелері бойынша шығарылған Олимпиада қорытындысында 61 оқушы жеңімпаз бен жүлдегер атанып, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының дипломдарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталды, оның ішінде І орын – 8, ІІ орын – 13, ІІІ орын – 30, Кұрмет грамота – 10.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтары табысталды.
Олимпиада қатысушыларына академик Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық мұражайына және Баянауылдың ұлттық табиғи саябағына қызықты экскурсия ұйымдастырылды.