16 Қаңтар, 2015

Айтулы жылға арналған алқалы жиын

295 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» тақы­рыбына арналған кезекті кездесу болды. Осы жылдағы шаралар шеңберінде Шве­ция­ның Уппсала қаласында қаңтардың 7-9-ы аралы­ғында этносаралық ынтымақтастыққа арнал­ған ха­лық­аралық конференция болып, онда Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың этносара­лық төзімділік пен қоғамдық келісімнің үлгісі туралы сөз болған екен. Журналистер алдына осы туралы брифингке қатысқан Мәжіліс депутаты, Қазақстан чешендері мен ингуштері ассоциациясының тең төрағасы Ахмед Мұрадов, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия аймағындағы этносаралық және конфессияаралық қатынастар орталығының жетекшісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова, Білім және ғылым министрлігінің Философия, саясаттану және дінтану институтының бөлім меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Мұхтарбек Шәйкемелев және Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, саяси ғылымдар докторы Жаңылжан Жұнысова айтып берді. Алғашқы болып сөз алған А.Сәдуақасова аталған конференцияның Қазақстан жағының бастамашылығымен, оның ішінде Мемлекеттік басқару академиясының жұмыс жос­парына сәйкес жүзеге асқанын атап өтті. Оның жұмысына Еуропа елдерінің 15-тен астам ғылыми орталықтарынан мамандар мен сарапшылар қатысыпты. Конференцияның негізгі мақсаты этносаралық ын­тымақтастық мәселелерін талқылауға арналған. Осы мәселе бойынша қазақстандық модель арнайы таныстырылған. А.Сәдуақасованың айтуына қарағанда, әлемдегі барлық мемлекеттердің 90 пайызға жуығы полиэтносты мемлекеттер, соның ішінде де Қазақстан ерекше екен. Өйткені, Қазақстанды 100-ден астам этностық топтар мекендеп отыр. Сондықтан да қазақстандық модель әріптестеріміз арасында үлкен қызығушылық тудырды, деді ол. Қазақстанның татулық моделіне Балтық елдерінің сарапшылары да үлкен қызығушылық танытты. Еуропалық одаққа мүше болып отырған бұл үш елдегі ішкі мәселелер, оның ішінде тараптардың мүдделерін қорғау, азаматтық құқық саласындағы көптеген жайттар арасында ұсақ қақтығыстардың бар екені белгілі. Осы мәселелердің Қазақстанда қалай шешілетініне олар қызығушылық білдірді, деді А.Сәдуақасова. Қазақстандық модельдің тиімділігі мен бірізділігі тікелей мемлекеттік саясат шеңберінде Мемлекет басшысының бақылауымен іске асырылуында деген пікірлер айтылды. Осыған байланысты көптеген сұрақтар қойылды, деді сөз сөйлеуші. Екінші болып сөз алған А.Мұрадов Швецияда өткізілген конференцияны Қазақстан халқы Ассамблеясының халықаралық әріптестіктегі кезекті қадамы деп бағалайтынын жеткізді. Осының өзін Президентіміздің озық идеяларын халықаралық қоғамдастыққа танытудың бір жолы деп білгеніміз дұрыс. Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі, Азиядағы ірі бірлестіктер сияқты беделді халықаралық ұйымдардың да қызығушылығын тудырып отыр. Олардың бәрі де Ассамблеяның маңызы мен мазмұнын терең сараптап, тәжірибесін үйренуде, деді А.Мұрадов. Одан әрі ол Ассамблеяның этностар үшін маңыздылығы туралы ой өрбітті. Соның ішінде барлық үкіметтік немесе парламенттік құрамдағы шетелдік сапарларда Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерінен, этностық топтардан бір өкіл міндетті түрде баратындығын айтты. Олар шетелдерде Қазақстандағы этносаралық төзімділік пен конфессияаралық келісім туралы айтып, қазақстандық модельдің озықтығын дәріптеп отырады. Соңғы кездері Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында да көрінбейтін көпір салып, мүше мемлекеттер халықтарының экономикалық байланыстарын өзара сенім арқылы күшейтуге үлес қосуда. Міне, осындай әрекеттерімен Ассамблея бүгінгі күні Қазақстанның брендіне айналды. Енді ұйым арқылы имидждік жобаларды қолға ала бастау керек қой деп ойлаймын. Бір жағынан ол біздің этносаралық бірлікті сақтаудың моделін дәріптейтін негізгі ресурс, деп атап өтті А.Мұрадов. Сөз кезегі өзіне тигенде М.Шәйкемелев аталған конференция­да жасаған баяндамасы туралы айтып берді. Оның тақырыбы: «Қазақстан халқы Ассамблеясы – политтехнологиялық эволюция» деп аталды. Біздің модельді әлемде қазір әртүрлі атаулармен атайтынын көріп жүрміз. Соның ішінде «этносаралық төзімділік және қоғамдық келісім» немесе «этносаралық бірлік пен конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі» деп атап жатады. Әрине, мәселе атауында емес. Ең бастысы – бұл қазақ жерінде туған айрықша феномен. Мен өзімнің баяндамамда әлемдік ғылыми ортаға осы ұйымның негіздерін жеткізуге тырыстым. Әрине, бізде өз тәжірибеміздің ғылыми негіздерін жасау немесе институттандыру әлі кемшін соғып тұр. Ұйымның ғылыми-сараптамалық орталығының өмірге келгеніне бес жылдай ғана болды. Өз шамасынша ол, белгілі дәрежеде, ғылыми негіз жасауға ұмтылып келеді, бірақ ол әлі де аздау. Ал қазақстандық модельдің практикалық бөлігі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен алысқа тарап кетті. Алайда, бай тәжірибені ғылыми тұрғыдан негіздеу міндеті алда тұр. Осыны игерсек қана біз моделімізді әлемдік ғылыми ортадағы айналысқа енгізе аламыз, деді ғалым. Соңғы болып сөз алған Ж.Жұнысова конференцияның неге нақ Уппсала қаласының университетінде ұйым­дас­тырылғанына тоқталды. Бұл университет ХІІ ғасырдан бері жұмыс істеп келеді. Алайда, ондағы Ресей мен Орталық Азия елдерін зерттеу орталығы 2010 жылы ғана ашылды. Ал басқа елдердегі мұндай орталықтардың жұмыс істеп жатқанына 30-40 жылдан асты. Сондықтан да олар біздегі этносаралық төзімділік тәжірибесіне көңіл аударып, бірлескен конференция өткізу туралы ұсыныс жасады, деді ғалым. Көптеген еуропалық ғалымдарды ұлттық бірізділік жолдарын табу мәселесі алаңдатады. Мен өзімнің баяндамамды нақ осы тақырыпқа байланысты жасап, өзіміздегі тәжірибе туралы айтып бердім. Осыған байланысты өтпелі кезеңде барлық этностық топтарды ұйыстыра алған ұлттық идеяның маңызы туралы айтылды. Сонымен бірге, бүгінгі күнгі ұлттық идея болып отырған «Мәңгілік Елдің» бір күнде, бір айда, бір жылда туған емес, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі орнаған сананың сатылап жеткен жемісі екендігі туралы айттым, деді Ж.Жұнысова. Брифинг соңынан қатысушылар журналистердің сұрақтарына жауап берді. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».