Суретті түсірген – Әзілхан УАХИТОВ
Мұнайлы шаһар Атырауда өзен арнасы 28 мамырдан бері көтерілген жоқ. Жайық өзенінің деңгейі үш күн қатарынан 6 метр деңгейінде сақталып тұр. Бұл – қауіпті шектен 50 сантиметрге көп. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Шариевтың пікірінше, бұл – әлі шарықтау шегі емес. Өйткені мол су Жайық өзенінің шаһар аумағындағы бөлігіне әлі келіп жатыр.
«Махамбет ауданынан бері аққан су Жайық өзенінің Атырау қаласына дейінгі бөлігін толтырып, Соколок және Сарыөзек каналдарына құйылып жатыр. Қазір су каналдардың арнасына сыймай тұр. Әзірге Атырау қаласында су тасқыны басталатын уақытты нақты болжай алмаймыз. Су деңгейінің көтерілуіне байланысты Атырау қаласының маңындағы 1–5-учаскелер қауіпті аумақта қалып отыр. Сол себептен өзен жағалауындағы елді мекендерде тәулік бойы кезекшілік жүргізу қолға алынды. Қазір су айдынының жағалауындағы қорғаныс бөгеті шифермен қосымша бекітіліп жатыр. Жағадағы дамбы биіктетіліп, каналдар тереңдетілді. Ағыны қатты тасқын су Атырау қаласының солтүстік бөлігінде орналасқан барлық елді мекенге қауіп бар», дейді Р.Шариев.
Сол себептен Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұхановтың айтуынша, Жайық өзенінің жағалауындағы қауіпті аумақтар бақылауға алынып отыр. Әсіресе Қайыршақты, Еркінқала, Алмалы ауылдық округтерінде өзен жағалауындағы бөгетке күні-түні кезекшілік ұйымдастырылған. Өйткені аталған округтердегі шаруа қожалықтарының иелігіндегі жер телімі тасқын судың астында қалған.
«Атырау қаласының аумағында 265 шаруа қожалығы тіркелген. Қазір 37 шаруа қожалығының 3 120 гектар жерін су басты. Оның ішінде 18 шаруа қожалығы Соколок каналының маңында мал өсіреді. Ал 19 шаруа қожалығы Алмалы мен Еркінқала ауылдық округтерінде егін шаруашылығын қолға алған еді. Жер телімін су басқан шаруа қожалықтарындағы мал қауіпсіз аумаққа көшірілді. Шаруа қожалықтарында адам шығыны мен тұрғын үйлерді су басу дерегі тіркелген жоқ. Алайда «Алтын сазан» демалыс орны мен «Адай» дүкені зардап шекті. Әкімдік тарапынан қиын жағдайда қалған шаруа қожалықтарына техника, жанар-жағармай, құрал-жабдықтар, бөгет салу және малға қажетті жем-шөп түрінде көмек көрсетіліп отыр», деді Н.Ермұханов.
Әкім орынбасарының айтуынша, қала маңындағы су басу қаупі басым Қайыршақты, Еркінқала, Алмалы ауылдық округтерінде 180 шаруа қожалығы орналасқан. Ауыл шаруашылығына келген шығынды өтеу мақсатында қалалық комиссияны құру жоспарланып отыр. Комиссияның қорытындысымен шаруа қожалықтарының иелеріне өтемақы төлеу көзделген.
Облыстық жедел штабтың мәліметіне сүйенсек, Жайық өзенінің Атырау қаласындағы жағалауы 113 учаскеге бөлініп, бөгет тұрғызу жұмысы жүргізілді. Әлі де 24 гидробекетте судың деңгейі бақылауға алынды. Сәуір – мамыр айларында облыстың су басу қаупі жоғары елді мекендерінде биіктігі 8–11 метр болатын 523 шақырым бөгет соғылды.
Соның ішінде 8,6 шақырым бөгеті Алмалы аулында салынған. Осы ауылдағы үйлестіруші Нұржауған Төлеуованың дерегіне сүйенсек, Жайық өзенінің тасқын суы Алмалы аулын үш жағынан қоршап тұр. Округте тіркелген 8 шаруа қожалығын ауылмен байланыстыратын жолды су шайған. Бұл шаруаларға қиындық келтіріп тұр. Сол себептен уақытша салынған айналма жолды, бөгеттің кейбір тұсын жыру қолға алынған.
Бірнеше күннен бері Атырау қаласына Жайық өзенінің қос жағалауымен келетін екі жолдың маңы тасқын суға толды. Енді Атырау қаласынан Мақат ауданындағы Доссор бағытына қатынайтын жолдағы көпірдің астын кеңейту қажеттігі туындады. Өйткені қазір аталған жолдағы көпір Жайық өзенінен Соколок каналына құйылған мол судың өтуіне кедергі келтіріп тұр. Осыған байланысты сол маңдағы 112-учаскедегі жұмыстың үйлестірушісі Әлібек Семғалиев арнайы комиссияға көпірдің астын кеңейту туралы ұсыныс айтты.
«Жолда үстіндегі көпірдің астымен мол судың өтуі қиындады. Сол себепті су жазыққа жайылып жатыр. Қазіргі кезде су Атырау қаласының маңындағы Бірлік елді мекені мен Жұлдыз-1, Жұлдыз-2 шағын аудандарының тұрғындары бірігіп салған бөгетке тіреліп тұр. Осыған байланысты комиссияның қарауына көпірдің астын кеңейту туралы ұсыныс бердік. Комиссия оң шешім шығарса, Доссорға қатынайтын жолдағы көпірдің асты кеңейтіледі. Осылайша, судың кедергісіз өтуіне мүмкіндік жасалады. Әзірге елді мекендерге төнетін қауіп жоқ. Соған қарамастан бөгеттің осал тұстарын нығайту жұмысын бастадық», дейді Ә.Семғалиев.
Оның айтуынша, аталған учаскеде 15 адам 8 арнайы техникамен бөгетті нығайтуды жалғастырып жатыр. Өйткені ағысы қатты тасқын су бөгетті жарып кетуі ғажап емес.
Өңірде тасқын судың құрбаны болғандар бар. Мәселен, Индер ауданында 28 мамырда бір топ жасөспірім Жайықтың жазыққа жайылған суына шомылуға барған. Өкінішке қарай, 15 жастағы жасөспірім қапияда суға батып, көз жұмған.
Сол күні Махамбет ауданында Ақжайық аулында тұратын 26 жастағы жігіт өріске мал айдап шығып, хабар-ошарсыз кетті. Төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы, жергілік атқарушы органның қызметкерлері жоғалған жігітті бір күн іздеді. Жазықтағы тасқын судан мүрдесін тапты.
Атырау облысы