Аймақтар • 01 Маусым, 2024

Ерекше балаларға – ерекше назар

101 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Керуен сарай» көпсалалы кешенінде өткен «Бақытты балалық шақ» мерекелік іс-шара барысында оқушылардың қолөнер жұмыстары жәрмеңкесі мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Балалар жазушыларының кітаптары, «Drone Challenge» және «ROBO FEST» көрмелері қойылды.

Ерекше балаларға – ерекше назар

Мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында шахмат, тоғызқұмалақ ойындарынан турнир, армрестлинг спортынан әлем чемпиондарымен шеберлік сағаты және «Аралдағы цирк» мерекелік қойылымы көрсетілді. Сондай-ақ «Түркістан балалар көзімен» көркемсурет галерея­­­сы, 500 оқушыдан құралған «Dombyra party» флеш-мобы, «Айбын» әскери-патриоттық қозғалысы оқушыларынан құралған топ өнері көрермен назарына ұсы­ныл­ды. Мерекелік іс-шаралар өңірдің барлық ауданында ұйым­дас­тырылды. Мысалы, Жеті­сай ауданында үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілетін бүлдіршіндерге арнайы мерекелік іс-шара өтті. Ауданда бүгінде 18 жасқа дейінгі 1373 мүмкіндігі шектеулі бала бар болса, оның 325-і – үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілетіндер. Ауданда мүмкіндігі шектеулі балаларға сауықтыру, оңалту шараларын өткізуге бағытталған қажетті арнау­лы әлеуметтік қызметтер кешенін ұсынатын арнайы орталықтар жұмыс істеп келеді. Ал мерекелік іс-шара барысында балаларға демеу­шілер тарапынан дастарқан жайы­лып, сый-сыяпат жасалды. Аудан өнерпаздары мен мерекеге қа­тысушы бүлдіршіндердің мере­ке­лік концерттік бағдарла­ма­лары ұсынылды. Сайрам ауда­нында да жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлі­мінің «Әлеуметтік қызмет көр­се­ту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің үй жағ­дайында қызмет алушы бүл­дір­шіндері қуанышқа бөленді. Аудан аумағындағы 100-ге жуық ерекше бала ата-анасымен бірге Шымкент қаласындағы «Зообақ», «Қиял әлемі» демалыс орындары мен «Shymkent sity mall» Play park ойын-сауық орталықтарын аралады. Түрлі жан-жануарларды тамашалап, көңілдерін сергітіп қайтты. Балаларға арнайы сыйлықтар да берілді. Ұйымдастырушылар ерекше бала­лардың мұндай мерекелік шараға жиі қатысуы олардың әлеуметтік ортаға бейімделуі мен жеке қабілеттерінің ашылуына айрықша септігін тигізетінін айтады. Осы арада айта кетелік, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы таратқан мәліметтер бойынша өңірде 110 мыңнан астам адамы бар 27 мың отбасы АӘК алады. Осы отбасыларда 70 мыңнан аса бала тәрбиеленіп отыр. Облыс бо­йынша аз қамтылған отбасыларда 1–6 жас аралығындағы 48,7 мың бала бар. Оларға өткен жылы 1 млрд 695,2 млн теңге көлемінде қосымша әлеуметтік төлем тағайындалды.

Өңірде жазғы сауықтыру лагерь­­­лерінде 35 мыңнан астам бала әлеуметтік жағдайына байла­ныс­ты бюджет есебінен, 20 мыңға жуық оқушы ата-аналар есе­бінен ақы­лы демалады. Соны­мен қатар «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерьлерімен тегін қамтылады. Жалпы, жаз мезгілінде облыс бойынша 22 сауықтыру лагері қызмет көр­сет­пек. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 444 педагог қызметкер жұмыс істейтін болады. Жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 волонтер, 80 колледж студенті дуалдық білім шеңберінде тар­тылады. Қала сыртындағы ла­герьлер маусым айының бірін­ші онкүндігінде ашылып, жаз бойы 6–8 ауысымда қызмет көрсетеді. Сондай-ақ Түлкібас пен Төлеби аудандарындағы «Самал» және отбасылық үлгідегі балалар аулы лагерінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 152 тәрбиеленуші жаз бойы демалады. Тәртібі бойынша мектепішілік және полиция есебінде тұратын 1100 оқушы Төлеби ауданында орналасқан «Тау барысы» лагерінде болады. Ал 266 оқушы «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру лагерьлерінде тыны­ғады. Оқушылар үшін мәдени-ағартушылық, әскери-патриот­тық және спорттық бағыт­та 83 об­лыстық іс-шара тізбесі бекітіл­ген.

 

Түркістан облысы