Тағзым • 01 Маусым, 2024

Ұлт тұлғалары рухына тағзым етті

103 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласы Байқо­ңыр ауданы әкімдігі­нің ұйытқы болуымен Сая­си қуғын-сүргін және ашар­шылық құрбандарын еске алу күніне орай аудан аумағындағы Қараөткел қорымындағы Хан Кене сарбаздары мен «Egemen Qazaqstan»-ның баста­уында тұрған редак­тор­дың бірі Смағұл Сәдуақас­ұлы жерленген қорымға зия­рат етіліп, жазықсыз жапа шеккендер рухына Құран бағыш­талды.

Ұлт тұлғалары рухына тағзым етті

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Арыстар рухына тағзым еткен іс-шараға ғалымдар мен ардагерлер, Алаш зиялылары­­ның ұр­пақтары, «Egemen Qazaqstan» газетінің журналистері және Еуразия ұлттық уни­вер­­­­ситетінің студент-жастары қатысты.

Еске алу рәсімінде Байқо­ңыр ауданының әкі­мі Талғат Рахманберді ұлт үшін басын бәйгеге тігіп, құрбан болған Алаш зиялыларының есімін ел жадында қалдыру, осы бағыт­та елордада атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.

Әкімнің пікірінше, Алаш қайраткерлеріне көр­се­ті­лер құрмет, жастардың са­на­­сына отаншылдық рухты сіңіру бағытындағы осындай іс-ша­ралар бұдан кейін де жал­ғасын табады.

«Қазақ газеттері» серік­тес­тігінің бас директоры, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жар­­лы­ғымен құрылған Саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын то­лық ақтау жө­нін­дегі мемле­кет­­тік ко­­миссия былтыр жыл соңында қо­рытындысын шығарды. Қол­ға алынған жемісті жұмыс­тың нәтижесінде 311 мың адам ақталып, 2 млн 500 мың­дай құжат құпиясызданды­рыл­ды. Бұл – өте ауқымды жұ­мыс. Өкі­­­­­нішке қарай, Алаш қайрат­кер­­­­лерінің көбінің бейіті жоқ. Олардың әрбірінің аты-жөні, қайғы-қасіреті, ауыр жолы туралы естеліктер мен оқи­ғалар тарихта толық жазыл­ма­йын­ша, ғылыми жұмыс­тар тоқ­тамайды. Смағұл Сәдуақас­ұлы айтқандай, арты­мызға анық кө­ңілмен, алдымыз­ға ашық көз­бен қарайық, – деді.

Мұнан кейін тарихшы-профессор Қадыр Ахметов пен Алаш ұрпағының өкілі Жамбыл Кәмелов сөз алып, Қараөткел қорымының тарихи орны мен репрессия тағылымы туралы тәлімді ой айтты.

Естеріңізге сала кетсек, ұлт зиялысы С.Сәдуақасұлының Мәс­кеудегі Дон зиратынан мәйіт-күлі 2011 жы­лы Астана­ға жеткізіліп, осы Қараөткел қорымына қай­та жер­ленген. Алаш ардақ­ты­сы елі­­міздің бас басылымын 1921–1926 жылдар аралығында екі мәрте басқарған.