Мәдениеті өркендеген елордамызда кезекті қалалық дельфийлік ойындар өткізілді. Маусымның 15-16-сы күндері өткен бұл шара “Ерлік даңқы өшпейді” деген атаумен Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналды. Қазақ ұлттық өнер университетінің қолдауымен Ұлттық дельфийлік комитет ұйымдастырған осы сайыс жастарды шығармашылық пен өнерге баулып қана қоймай, туған жеріне деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді арттырып, еліміздің рухани құндылықтарын, тарихын танып-білуге мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Биылғы байқауға 60-қа жуық дарынды өнерпаз жас қатысты. 10 және 25 жас аралығындағы жас таланттар қатысатын бұл жарыстағы сайыскерлер саны жылдан жылға артып келеді. Осы орайда Астана жастары арасындағы өнерсүйер қауымның ұлғая түскендігін бірден байқауға болады. Сайыс бірнеше номинациялар бойынша өтті. Атап айтсақ, фортепиано, скрипка, ұлттық би өнері, академиялық ән айту, аккордеон, фотография, сурет өнері, ұлттық аспаптар және тағы да басқа өнер салалары қамтылды.
Қазақ ұлттық өнер университетінде өткен бұл сайыста жастар тек үздік болу үшін ғана емес, сонымен қатар, бойына біткен талантын ашуға және мәдени тұрғыда өзін-өзі дамытуға да ұмтылды. Өйткені, өнерлерін ортаға салған сайыскерлердің барлығы дерлік халық пен қазылардың көңілінен шығып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Бірақ “жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” демекші, араларынан үздіктері анықталып, 12-16 шілде аралығында Павлодар қаласында өтетін республикалық деңгейдегі VІ Ұлттық Дельфийлік ойындарға жолдама алды.
Олар – Нәзіккүл Жаңазарова (скрипка), Азиза Мирюсупова (фортепиано), Наурызым Ыдырыс, Ақбота Нұрадинова (қобыз), Жансұлтан Жұмағалиев, Әйгерім Есенбекова (академиялық ән айту) және тағы басқа жас өркендер. Олар жолдамамен қоса, алтын медальға ие болды. Ариана Бекболатова (фортепиано), Андрей Марченко (баян, аккордеон, гармонь), Әсел Есболова (скрипка), Шыңғыс Расылханов, Гүлниза Баталова (екеуі де академиялық ән айту) сияқты өнерпаздар күміс медаль алып, екінші орыннан көрінсе, Ботагөз Тұрлыбекова (қобыз) және Тұрсын Төремұратов (академиялық ән айту) сынды талант иелері қола медальға қол жеткізді.
Осы жеңімпаздардан тұратын Астана қаласының құрама командасы енді республикалық деңгейдегі Дельфийлік ойындарға қатысады.
Би-Болат СЕЙТАҚ, ЕҰУ-дің студенті.