Фото: Облыс әкімдігі
Атырау өңірін тасқыннан қорғау үшін Қорғаныс министрлігінің №30212, №5571, №6655, №82796 әскери бөлімдерінің, Маңғыстау, Ақтөбе, Түркістан, Алматы, Қызылорда облысынан, Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментінің, Төтенше жағдайлар министрлігі №52859 әскери бөлімінің және Ұлттық ұлан қызметкерлері екі ай тасқынның алдын алу шараларына көмектесті.
Жиынға жиналғандар Жылыой ауданы Құлсары қаласында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Атырау облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің» №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау сержанты Рахым Бейбарыс Жалғасбайұлын минуттық үнсіздікпен еске алды.
Облыс басшысы көмекке келгендерге алғыс білдірді.
«Сіздер халықпен бірге Жайықтың бойында жұдырық боп жұмылып, жанкештілікпен еңбек еттіңіздер.
Жылыой жұртына жәрдем беріп, Миялы ауылын аман алып қалуға және күні-түні залалдың зардабын жою үшін тер төктіңіздер.
Бұл күндері біз ата-бабаларымыздан жалғасқан құндылығымыз – бірлік пен ынтымақтың нағыз үлгісін көрдік.
Сонымен рухтандық, жігерлендік. Бірлігіміздің Жаңа Қазақстанның діңгегі боп қала береріне көз жеткіздік. Сіздерге Атырау жұртшылығының шексіз ризашылығын жеткізіп алғыс айтамын», деді С.Шәпкенов.
Асау толқынды ауыздықтау жұмыстарына белсене қатысқан бірқатар қызметкерге Төтенше жағдай министрінің, облыс әкімінің Алғыс хаты және облыстық ардагерлер кеңесінің медалі табысталды.