25 Сәуір, 2015

Саяси мәдениет осылай қалыптасады

711 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

25-04-15-vybory-1

Кеше Астанада «Аманат» интеллектуалды клубының кезекті отырысы өттіОған сарапшылар, үгіт-насихат уақытында БАҚ пен әлеуметтік желілерге үздіксіз мониторинг жасап келген зерттеушілер мен медиа-сарапшылар қатысып, «Сайлау-2015: негізгі трендтері мен қорытындылары» деген тақырыпта пікір алмасты. Қатысушылар сайлау науқаны кезіндегі саяси технологиялар мен үгіт-насихат жұмыстарының жүзеге асырылуы, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің рөлі, дауыс беруге шақыру акцияларының нәтижелері, сайлаудан кейінгі өзгерістер туралы әңгіме қозғады. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин сайлау науқаны басталғалы бері, ҚСЗИ мен басқа да  ғылыми-сараптамалық орталықтар бірлесіп, өзгеше пішінде сая­си науқанға атсалысқанын жеткізді. «Яғни, сайлау науқаны кезінде барлық өңірге шығып, сарапшылардың өңірлердегі кездесулерін өткіздік. Бір айта кетерлігі, өңірлерде қазіргі қалыптасқан жағдайға, елдегі саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайларға байланысты өте көп, тың пікір бар екен. Біздің жиындар ашық пішінде өтті. Жаңа, қызықты ойлар айтылып жатты. Сондықтан, сайлау науқаны қалай болғанда да қоғамда жиналған белгілі бір өзекті мәселелерді алдыңғы қатарға шығарып, соларға биліктің, қоғамның, азаматтардың назарын тағы бір аудартуға себепкер болды деп есептейміз. Кез келген сайлау науқаны шын мәнісінде қалай өтіп жатса да, әрқашан да қоғам мен мемлекеттің ішіндегі үдерістерді, ұлттық, мемлекеттік мәселелерді жарыққа шығарып, жария еткізеді. Сондай жағдай биылғы жылғы сайлау науқаны барысында да болды», – деді Е.Қарин. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Алуа Жолдыбалина сайлау науқаны БАҚ арқылы өңірлерде жоғары деңгейде, белсенді түрде талқыланғанын, БАҚ-тың барлық кандидаттар туралы бір көлемде, толыққанды ақпарат бергенін атап өтті. «Мәселен, Abai.kz ресурсы тұрақты түрде 3 кандидаттың саяси бағдарламасын таныстырды. Үгіт-насихат жұмыстарына қатысты шолу жасап отырды. Жалпы, 2015 жылғы президенттік сайлау қоғам тарапынан кең қолдауға ие болды. Бір атап өтерлігі,  БАҚ 2015 жылғы президенттік сайлау науқанына арналған арнайы сайттың пайда болуы сайлау технологиялардың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті деген тұжырым жасады. БАҚ сайлау науқанының бүгінде бірлескен сипатта өтіп жатқанын айта келе, халықтың электоратты мәдениетін дамытуға, ел тұрғындарын маңызды сая­си шараға жұмылдыруға ықпал етіп отыр деген бағасын беруде», – деді Алуа Жолдыбалина. Саясаттанушы Ерлан Сайыров  бұл сайлауда саяси көзқарастардың, саяси дүниетанымның баламалы бағыттары берілгенін жеткізді. «Бұл жолғы сайлау Қазақстанның саяси мәдениетін белгілі бір дәрежеге көтеруге ықпал еткен кезең болды деп ойлаймын. Біз сайлауды халықты саяси тұрғыдан жоғары деңгейге көтерудің мектебі деп есептеуіміз керек. Сайлау көп болған сайын халықтың саяси санасы өсе береді. Яғни, саяси үдеріс көп болған кезде саяси мәдениет қалыптасады.  Бұл сая­си науқан Қазақстанды саяси тұрғыдан дамытудың басқа бір кезеңінің алдында тұрған үлкен жаттығу тәрізді болды», – деді саясаттанушы. Отырысқа қатысушылар, сондай-ақ, әлемдегі әртүрлі геосаяси үдерістердің шиеленісіп тұрған кезінде,  олардың жағымсыз ықпалының алдын алу үшін де сайлау науқанын өткізу маңызды деген ойларын ортаға салды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».