Фото:ашық дереккөз
Қазір әуе айлағы Эквадордан, Бельгиядан, Нидерландыдан жүк рейстерін үнемі қабылдайды. Күн сайын мұнда гүлдер тиелген ұшақтар келеді, кейін олар бүкіл Қазақстан мен ТМД елдеріне жіберіледі. Қарағандыдан Гонконгқа мал шаруашылығы өнімдерімен жүк жеткізіледі. Ал жоспарда – мультимодальды аэрохаб құру көзделген.
Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов Gargohub Karaganda стратегиялық жобасы туралы айтты.
«Бүгінде мультимодальды әуе хабын құру моделі әзірленді. Әуежай аумағында «Сарыарқа» АЭА қосалқы аймағын ашу қажет. Мемлекеттің міндеті – ол жерде қосымша инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Инвестор шамамен 270 миллион АҚШ долларын инвестициялауды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, ұшу-қону жолағы мен терминалды жөндеуге, жүк тораптарын ұлғайтуға күш салынады. Сарапшылардың пікірінше, жобаны жүзеге асыру 2 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға және жыл сайынғы салық түсімдерін 135 миллион долларға арттыруға мүмкіндік береді», деді Мақсұт Қожанов.
Ауқымды бағдарлама 2030 жылға дейін әзірленді. Бүгінде Қарағанды әуежайы арқылы 15 мың тоннаға жуық жүк өтеді. Есептеулер бойынша, аэрохабтың тиімді дамуы кезінде көлемді 200 мың тоннаға дейін ұлғайтуға болады.
Сонымен қатар «Сары-Арқа» әуежайының аумағында үш жеке Қазақстанның жүк авиакомпаниясы орналасқан. Олар он жүк ұшағын сатып алуды жоспарлады. Қазіргі уақытта бір ұшақ сатып алынып, ол кедендік ресімдеуден өтіп жатыр.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті