Облыс экономикасын әртараптандыру бағытында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бес белесін елеулі жетістікпен еңсерген өндірісті өңірдің кезекті биік асуды алуға құлшынысы зор болып отыр. Аталған шара арқылы бірінші бесжылдықта 85 жоба іске асырылып, 12 мың жұмыс орны қамтамасыз етіліп, соның ішінде өткен жылқы жылында 8 жобаның тұсауы кесіліп, 1 мыңға тарта адам еңбекке тартылып, үлкен деңгейдегі міндеттерді орындаудан көтерілген мақсат одан сайын кеңейді. Бұл ретте өркендеу өрісіне бастаушы, даму үдерісін жаңғыртушы еңбек орталарының үлгісі атауға тұрарлықтай әңгіме. Былай алып қарағанда өлкелік индустрия тірегі мен өзегі саналатын «Арселор Миттал Теміртау», «Қазақмыс» компанияларындай алыптар болмағанмен өзіндік күш-қуатына лайық, қауқарына сай жұмысты жарастырып, қажетті өнімдерді өрбітіп, өзгерістер мен жаңарулардан орта буынның да қалыс қалмауын көрсетуші кәсіпорындардың ұлғаюы бүгінгі уақыт ерекшелігі деуге болады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Индустрияландыру күні аясында өткен жалпыұлттық телекөпірде «Жаңа, өнімді жұмыс орындарын көбірек аша алған мемлекет қана жеңіске жетеді» деп айтқандай, сондай өндірістер үлесі өсе түсуі өмір бейнесіне айналып келе жатқан құбылыс.
Осындайлар қатарында Қарағандыдағы Пархоменко атындағы және Сарандағы телекоммуникациялық электр өнімдерін жасайтын зауыттардың озықтығы күннен-күнге танылып келеді. Біріншісі, өтпелі кезеңнің кедергілері мен қиындығын жеңе біліп, дағдарыстан шығуға жол тауып, дамуға берік негіз қалауымен еленсе, екіншісі, тыңнан жол салып, экономиканың жаңа саласын игеріп, енгізуімен ерекшеленеді. Сонау соғыс жылдарында ірге көтерген алғашқысына нарық сұранысына байланысты «Өнеркәсіп салалары үшін құймалар өндіру ісі» жобасын қолға алу жағдайын түзеуге серпін берді. Өте жоғары дәлдікке негізделген болат және шойын құймалары қазақстандық тұтынушылар тілеуіне дөп келіп, өтімді бола түсуде. Құю әдісінде шетелдік технологияларды қолдану материалдық шығынды 5 есеге дейін кемітіп, еңбек өнімділігін 2 есеге арттыруға септік етіп, жылына 3 мың тонна құйма бұйымын өткізуге мүмкіндік берген. Атқарушы директор Юрий Булгаковтың айтуынша, тау-кен және байыту өнеркәсібі үшін құрал-жабдықтар шығару көлемінің өсуі де бір жағынан табысты еселетіп отырған көрінеді. «Қадам бекіді, соған орай талпыныс таудай. Енді жүк вагондарына арналған рельстер шығару көзделуде», деген ол жұмысшы кадрлар тапшылығы мәселесі қинайтынын жасырмай қалмады. Токарь, балқытушы, фрезерші, дәнекерлеуші сияқты мамандық иелерінің жетіспеуі кәсіптік-техникалық училищелер жеткілікті қалада таңғаларлықтай көрінгенмен амал не, солай екен. Сондықтан осындай істерге икемі бар, игеруге бейімді жастарға құшақ ашық делінді. Олардың құлақтарына алтын сырға ретінде зауыт алаңсыз еңбек етуге де, тұрмыстық жағдайды түзеуге де барынша көмек пен қолдау жасауға дайын екенін айта кетер едік.
Ал шағын Саран қаласында ірге тепкен «Қазорталықэлектрсым» ЖШС жұмысының да бір өзгешелігі, өте өтімді сұранысқа ие, алыс-жақыннан таптыра бермес, өндірістік мұқтаждыққа аса қат өнімдерді өндіретіндігіне тоқталып өтпеске болмайды. Бұлар не десеңіз, телекоммуникациялық және электртехникалық кабельді сым заттары болып табылады. Байланыстың бүгінгідей барша түрі дамыған заманында онсыз ешқандай іс-әрекет жоқтығы айтпай-ақ белгілі емес пе. Кәдімгі телефоннан бастап, күрделі қым-қуыт электронды жүйелерге арналған оптикалық-талшықты кабельді сымдарға дейінгі үлгілерін шығаруды меңгеруші еліміздегі әзірге жалғыз кәсіпорын екенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Жылына орамы 120 мың шақырымға тең электртехникалық сымның түр-түрін сыртқы рынокқа да жөнелтетін ол сала көшбасы саналады. Астанада, Алматыда, Өскеменде, Ақтөбеде 4 бөлімшесі ашылып, жұмыс істеуі осынау өндіріс өміршеңдігінен, уақыт талабынан туған заңдылық деуге талас болмастығы хақ.
Серіктестік жетекшісі Сергей Кимнің мәлімдеуінше, байланыс жетілдірілген сайын оның күретамыры өткізгіш, жалғастырғыш сымдар саны мен сапасын ұлғайту, жақсарту жанданып келеді. Бұған қажетті тәжірибе де, қуат-қабілет те, қаржы да баршылық. Боса-болмасын инвестиция салудан аянбайды. Осыны тікелей білуші, біразы сонда еңбек етуші сарандықтардың аталған кәсіпорын арқасында қайта түрленген қалалары келешегіне сенімдері нық. «Өндіріс – өмір өзегі» делінгенде, күні кешегі құлдыраудан сілкінген, жайнап құлпырған, жасарған Саран көз алдыңа келетіндігін айтпай кете алмаймыз.
Сонымен, өңір өндірісіндегі терең өзгерістерге, индустрияландырудың жемісіне айғақ ретінде екі кәсіпорынды сөз еттік. Ең тәуірі сол, мұндайлар аз емес. Өскен өмірдің, өрістеген дамудың бүгінгі бір жарқын мысалы осындай.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.