Үкімет • 04 Маусым, 2024

Сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету маңызды

47 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысу мақсатында Минскіге барды.

Сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету маңызды

Сапар барысында Бела­русь Республикасының Пре­мьер-министрі Роман Голов­ченкомен екі мемлекет басшы­лары деңгейінде қол жет­кізіл­ген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері бойын­ша кездесу өтті. Сауда-экономикалық, өнер­кәсіп, АӨК, цифрландыру салаларындағы ынтымақ­тас­тықты нығайту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Екіжақты тауар айналымы былтыр 912 млн долларды құрады. Сауда ағын­дарын әртараптандыру және жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейту шаралары қаралды. Қазақстан шамамен 265 млн доллар сомасына 105 тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайтуға дайын.

Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы бірлескен жобалар — екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты. Бүгінгі таңда жалпы құны 200 млн доллардан асатын тракторлар мен комбайндарды және өзге де техниканы құрастыру бойынша 11 жоба іске асырылды, 1,6 мың жұмыс орны ашылған. Тараптар қазақ-беларусь әріптестігінің қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін көпжоспарлы жұмыс­ты жалғастыру ниетін растады.

Олжас Бектенов «Бел­агро-2024» халықаралық көр­месіне қатысып, «Еуразия­лық экономикалық одақтың азық-түлік қауіпсіздігі» плен­арлық сессиясында сөз сөй­леді. Сессияға Ресей, Қыр­ғыз­стан, Өзбекстан, Беларусь, Әзер­байжан үкіметтері­­нің бас­­шылары, Армения вице-премьері, сондай-ақ Еура­зиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы қатысты.

Премьер-министр атап өткендей, халықты сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету басты міндет болып қала бермек. Қазақстан Орталық Азиядағы астық пен ұнның негізгі өндірушісі бола отырып, өзінің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін жаһандық азық-түлік тұрақтылығын қамта­ма­сыз ету үшін пайдаланады. Қазақстан әлемдік азық-түлік экспорттаушыларының ТОП-25 қатарына кіреді. Отандық ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 80 еліне, соның ішінде Орталық Азия мен ЕАЭО елдеріне жеткізіледі. Оның экспорты соңғы 5 жылда екі есеге өсіп, 5,4 млрд долларға жетті.

«Елімізді дамытудың стра­тегия­лық басымдық­тары­ның бірі – агроөнеркәсіп кешені. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметінің алдына ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етіп, экспорт көлемін одан әрі арттыра отырып ауыл шаруашылығы саласын терең өңдеу деңгейіне жеткізу міндетін қойды. Еліміз 2026 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын екі есеге ұлғайтуды мақсат етіп отыр. Бұл ретте біздегі экспорттың құрылымы белсенді түрде өзгертіліп, терең өңдеу өнімдеріне басымдық беріледі. Біз Қазақстанда лока­лизациялаумен бірлескен қайта өңдеу өндірістерін ашу­ға мүдделіміз», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазақстан Премьер-министрі ЕАЭО-ға қатысушы елдердің 600 млн-ға жуық адамның азық-түлікке деген қажеттілігін қамтамасыз ету жөніндегі әлеуетіне назар аударды. Ол үшін Одаққа қатысушы барлық мемлекеттің қажеттіліктері мен мүдделерін ескере отырып, ұлттық дең­гейлерде азық-түлік жеткізу тәсілдерін үйлестіру қажет.

«Озық халықаралық стан­­дарт­тарға сәйкес келе­тін бәсеке­ге қабілетті, эколо­гиялық және экспортқа бағдарланған өнім шығару үшін тығыз коопера­циялық байланыс орнату біздің негізгі міндеттеріміздің бірі болуға тиіс. Орталық Азия арқы­лы жаңа логистикалық бағыт­тарды одан әрі дамыту және Қытайға жеткізетін қол­даныстағы бағыттардың өткізу қабілетін арттыру перспективаларды кеңейте түспек», деп атап өтті Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов логистика мен сақтау жағдайларына байланысты ауыл шаруашылығы өнімін жоғалту мәселесін шешу, сондай-ақ жаһандық жылыну, су тасқыны мен құрғақшылық секілді мау­сымдық сын-тегеуріндерді сараптамалық бағалау жұ­мыс­тарын ескере отырып, агроазық-түлік жү­йелерінің тұрақтылығын ны­ғайту үшін қажетті шараларға тоқталды. Сонымен қатар қазіргі заманғы аграрлық ғылымды дамыту және АӨК-те инновацияларды белсенді түрде енгізу мәселесі ерекше атап өтілді.

Сондай-ақ «Белагро-2024» көрмесінде Қазақстан Рес­публи­ка­сының ұлттық экспозициясы да қаралды. Онда комбайндар, тракторлар, жаңбырлатып суару аппараттары секілді отандық ауыл шаруашылығы техникалары мен АӨК терең өңдеу өнімдері ұсынылған. Бұған қоса қазақстандық аграрлық ғылыми зерттеу институттарының ғылыми жетістіктері, мәсе­лен, егіс­тік­терді өңдеу үшін қолда­нылатын дрон, селекция­лық жетістіктердің патенттері, оның ішінде алманың 4 сұрпы көрсетілді.