Қоғам • 04 Маусым, 2024

Велошабандоздар шеруі

151 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттік рәміздер күніне орай Май ауданында мерекелік велошеру ұйымдастырылды. Спорттық іс-шарада саламатты өмір салтын ұстанатын 85 әуесқой өзара кіл мықтыны анықтап, үздік шыққан спортшылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Велошабандоздар шеруі

Велошабандоздар додасы әуелі Көктөбе ауылдық әкімдігі орна­лас­қан ғимарат алдынан басталды. Вело­шерудің ашылу салтанатында аудан басшысы Ағыбай Әмірин жұрт­шылықты Рәміздер күнімен құт­тықтап, спортшыларға сәттілік тіле­ді.

«Мемлекеттік нышандарымыз – кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бей­нелейтін, оның ажырамайтын атрибут­тарының бірі. Өскелең ұр­пақты саламатты өмір салтына насихаттау, патриоттық сезімді ояту, мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу мақсатында бүгін осындай спорттық іс-шара өткізуді ұйғар­дық. Биыл Май ауданының құрыл­ғанына 85 жыл толып отыр. Осы мерейлі датаны ескере оты­рып, велошеруге 85 спортшы қа­тысса деген тілек болған. Шақыртуымызды ескеріп, белсенді қатысып жатқан тұрғындар мен оқушыларға, жастарға алғыс айтамыз», деді құттықтау сөзінде әкім.

Велошеруге оқушылар мен жастар, мемлекеттік қызмет­ші­лер, тұрғындар мен ардагерлер, кәсіпкерлер қатысты. Велосипедке отырып алып, онымен желдей есудің денсаулық үшін пайдасы мол екенін Май ауда­ны­ның жұртшылығы жақсы түсінеді. Үл­кен шаһарда тұрмаса да, жер­гі­лікті халық арасында велосипедпен қыдырыстау, күнделікті жұ­мы­сына барып-келу кең тарал­ған. Денсаулыққа пайдасынан бөлек, шап-шағын әрі ыңғайлы бұл көліктің қоршаған ортаға да еш зияны жоқ екенін еске сала кеткен артық болмас. Ал Май өңірі – кезінде атом сынағынан ең көп зардап шеккен аймақтардың бірі.

Аудандық балалар-жасөспірім­дер спорт мектебінің директоры Сағадат Отаров мұндай іс-шара жас ұрпақты дене тәрбиесімен айна­лысуға үндеуде маңызды рөл атқа­ратынын атап өтті.

«Жазғы уақытта таза ауада серуендеп, спортпен шұғылданудың пайдалы екені баршаға мәлім. Ал велосипед тебудің пайдасы ұшан-теңіз. Велоспорт күнделікті әдетіңіз­ге айналса, жалпы денсау­лық­қа жағымды әсері мол. Вело­си­педті экологиялық көлік ретін­де де насихаттап жүрміз. Бірақ, ең бастысы, оның адам ағзасына қосымша оттегі бөліп, есте сақтау, ойлау қабілетіне жақсы әсер ететінін ұмытпауымыз керек», дейді спорт маманы.

Қатысушылар Әйтеке би, Абай, С.Сейфуллин, Абылай хан көше­лерін басып өтіп, Орталық алаңда мәре сызығын қиды. Ұйым­дас­ты­рушы тарап – аудан әкім­дігінің қызметкерлері қатысу­шылар арасынан «Ең жас вело­шеруші» мен «Ардагер вело­шерушіні» анықтап, оларға арнайы аталымдарды табыс­тады. Ал үздік шыққандар мен жүл­де­лі орынға ие болғандар ба­ғалы сый­лық­тармен марапатталды.

 

Павлодар облысы,

Май ауданы,

Көктөбе аулы