Экономика • 04 Маусым, 2024

Мүдделер мүйісі. Ұлы Жібек жолының жалғасы – Транскаспий

106 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Осыдан қаншама мың жыл бұрын, анығырақ айтсақ, біздің дәуірімізге дейінгі II ғасырда Батыс пен Шығыстың арасын жалғайтын Ұлы Жібек жолының дәуірі басталды. Қытайдағы Хуанхэ өзенінің аңғарынан бастауын алған ұлы жол Тарым ойпатын көктей өтіп, Памир үстіртінен асып, Орталық Азияны, Батыс Азияны кесіп өтіп, Жерорта теңізінің шығыс жағалауына дейін жетті. Ғалымдар есебінше, жалпы ұзындығы 12 мың шақырым болған деседі. VI-VII ғасырларда Жетісу мен еліміздің оңтүстігі арқылы өтетін бағыттың тиімділігі арта түскен. Біздің заманның ұлы жолы – Транскаспий халықаралық көлік маршруты (ТХКМ) болатын сыңайлы. Мұны кей кезде Орта дәліз деп те жүрміз. Бұл бағыт та бастауын Қытайдан алады. Ляньюньган портынан басталған маршрут Қорғас құрғақ портына, Достық бекетіне таяп келеді, одан әрі тауар тиелген вагондар Ақтау мен Құрық порттарына жеткізіледі. Тізбек әрі қарай Әзербайжан, Грузия және Түркия топырағында жалғасып, Қара теңіз арқылы Еуропаға шығады. Транскаспийдің де ұзындығы 12 мың шақырымға шамалас. Ұлы Жібек жолы арқылы бір кездері сан алуан тауар, әсіресе жасмин суы мен амбра, кілем мен мата, гауһар мен піл сүйегі, алтын құйма мен қауын-қарбыз толассыз тасымалданыпты. Әрине, ең басты тауар – жібек еді. Қазір де Транскаспий арқылы тауардың түр-түрі тасылады. Солардың ішіндегі ең асылы да бағалысы – қазіргі жібегіміз – мұнай. Ұлы Жібек жолының бойында Құлан, Аспара, Алматы, Талхир, Сауран, Сығанақ, Испиджаб сияқты көркем шаһарлар бой көтерді. Қазіргі Транскаспий желісі түсіп жатқан өлкелердің де өн бойына қан жүгіріп, инфрақұрылым жақсарды. Жаңа теміржол өткелдері, жаңа порттар мен бекеттер тұрғызылып, сауда орталықтары көпфункционалды қатынасты күшейтті. Ең маңыздысы – VI ғасырдағы Түрік қағанаты, XIII ғасырдағы Шыңғыс хан империясы, ал XIV ғасырдағы Teмip империясы Ұлы Жібек жолының бойында тарамдалып жатқан бүкіл жолды бақылауына алса, бүгінде Транскаспийді де, байырғы алып империялардың заңды мұрагері Қазақстан тарапы бас болып дамытып, маршрутқа қатысты барлық іс-шараны елорда төрінен реттеуге атсалысып отыр.

Мүдделер мүйісі. Ұлы Жібек жолының жалғасы – Транскаспий

Транскаспий халықаралық кө­лік дәлізі, расында, бізге тиім­ді әрі қызық бағыт – мұнда теміржол да, теңіз жолы да, құрғақ порт та бар. Сондықтан мультимодальды дә­ліз. Бағыт жылына 6 млн тонна жүкті тасы­малдайды. Елдер 2025 жылы 10 млн тоннаға жеткізуден үмітті.

Негізі Транскаспий – тасымал мар­шрутын әртараптандыру жолындағы бір қадамымыз. Алайда тап осы бағытты тереңдете дамыту және келешекте оны негізгі жолға айналдыру – бірегей мақсат. Сол себепті, мемлекет салаға, әсіресе Ақтау портына мейлінше мол инвестиция құюға кірісті. ҚТЖ мәліметінше, 2023 жылдың бірінші жартысында Ақтау теңіз сауда порты арқылы 2,6 млн тоннадан астам құрғақ және мұнай жүк­тері тиелді. Бұдан басқа тиеліп жат­қан жүк қанша. Соңғы уақытта Баку – Тбилиси – Жейхан бағыты бойынша мұнай тасымалдау көлемінің ұлғаюы да Транскаспий бүйірінің томпаюына сеп.

Мемлекет басшысының айтуынша, 2030 жылға таман Транскаспий бойынша жүк ағыны жылына 500 мың контейнерге жетуге тиіс. Сол мақсатта 2025 жылы портта қызметтердің кең ауқым­ды спектрін ұсынатын контейнерлік хаб пайдалануға беріледі. Одан өзге, «Бақ­ты» өткелінде жаңа құрғақ порт салыну­ға тиіс. Орта дәліздің өткізу қабілетін есе­леу үшін Президент ҚТЖ-ны транспорт­тық-логистикалық компанияға айнал­ды­ру туралы тапсырма да берген. Әлемдік айналым күшейді. Жан-жақтан сауда ағындары келе жатыр – Оңтүстік Шығыс Азия мен Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға тауар тасу енді көбеймесе азаймайды. Олардың деңгейіне сай болу үшін ТХКМ да тынбай жетілуге тиіс. «PTC Holding» компаниясы былтыр қазанда Қара теңіз жаға­лауында Поти портында (Грузия) контейнерлік терминалдың құрылысын бастаған еді. Бұл да ТХКМ-ды кеңейту тұжырымдамасымен сабақтасады.

Енді қалыптасып келе жатқан Құ­рық порты арқылы былтыр әдепкі 6 айда ­­1 млн тоннадан аса жүк тиелді. Портта ­ке­­лер жылы көпфункционалды «Сар­жа» теңіз терминалы бой көтермек. Порт­тан бөлек, пойыз жолдар да белсенді салынып жатыр. Соның бірі – Алматыны айналып өтетін, қазақ-қытай арасын­дағы тасымал көлемін 5 есе арттыруға қабілетті Достық – Мойынты теміржол бағыты. Теміржол бағытын тиім­ді етуде былтырдан бері біраз ша­руаның басы қайырылды. Қазақстан, Грузия және Әзербайжан бірігіп «Middle Corridor Multimodal Ltd» компаниясын құрып, штаб-пәтерін Астанадан сайлады. Бірлескен кәсіпорын бір терезе қағидатымен қызмет көрсетіп, тауар жеткізудің құны мен мерзіміне кепілдік береді, Қытай – Еуропа және Түркия – Қытай бағыттары бойынша жүк ағы­нын арттыру мақсатында мультимодаль­ды сервисті дамытуға қатысты ортақ саясат жүргізеді.

Біздің ел арқылы жүріп өту уақы­тын мейлінше қысқарту – басты міндет. Бұ­рын Қытайдан ТХКМ арқылы Қара теңіздегі порттарға жүк жеткізу уақыты 53 күн болатын. Қазір 18-23 күн аралығында жеткізіп беріп жатыр. Мерзімді біртіндеп 10-15 күнге дейін төмендетуге болады. Дегенмен шаруаны тежейтін факторлар бар. Порттар әлі жеткілікті ауқымда жұмыс істей алмай тұр. Каспий теңізіндегі ірі үш порт – Ақтау, Құрық және Түркіменбашы, еуропалық транзит өтетін Румыниядағы Констанца пор­тының қуаты әлі жеткіліксіз. Оның үстіне жүк корабльдері де тапшы.

в

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Дүниежүзілік банктің көлік жөнін­дегі жетекші маманы Чарльз Кунак Орта дәліздің дамуын тежеп тұрған іркі­лістерді былай сипаттайды.

«Дәліздің Қытай мен ЕО арасында­ғы сауданың үлкен үлесін еншілейтін­дей әлеуеті бар, бірақ ол әлі өңірлік деңгейде қалып отыр. Проблемалардың көбіне инфрақұрылымдық емес, эксплуа­тациялық сипаты басым. Баға жоғары және тұрақсыз, жеткізу уақыты тым ұзақ, сенімсіздеу. Мұның бәрі аздап алаң­даушылық туғызады. Транспорт­тар түйісінде кідіріс көп болады. Порт­тар­дың әлсіз тұсы – әр жеткізуші өз дәлізі тұ­сында әртүрлі баға ұсынады. Әсі­ре­се әртүрлі көлік тоғысатын жерлер­де процедураларды реформалау және жеңілдету аса маңызды», дейді халық­аралық сарапшы.

Торап бойында инфрақұрылым­дық шектеулер, ұзаққа созылатын кеден­дік процедуралар, өткізу қабілетінің тө­мендігі, әсіресе батыс бағытта (Ақтауда) тиісті логистикалық хабтың жоқтығы, вагон мен платформалардың тозып кетуі, кеме мен паром тапшылығы секілді проблемалар да бар.

Мұның бәрі кезең-кезеңі­мен шеші­летін түйткіл. Өйткені ТХКМ-ға біз емес, Қытай, Түркия, Еуроодақ секілді алпауыттар үлкен қызығушы­лық танытып отыр. Бұл бағытта да олар өз мүддесін, өз мүмкіндігін таразыға тартады. Біз өз мүддемізді көксейміз. Тың жол. Келешегі кең бағыт. Қарт Еуразияның қантамыры іспеттенген Транскаспий­дің біз үшін де, әлем үшін де мүдделер мүйісіне айналғаны да сондықтан.

ТХКМ-нің дамуы нәтижесінде үшін­ші елдер арасында жеткізілім көлемі кө­бейеді. Қазақстан астығы Әзербайжан мен Түркияға бұрынғыдан да көбірек апарыла бастайды. Әзербайжанның жемісі мен көкөнісі елімізге көптеп келеді. Орта дәліз бірте-бірте Орталық Азия мен Таяу Шығысты да жалғайды. Бәрін айт та бірін айт – Транскаспий ең бірінші кезекте орта келешекте «мұнай экспорттау көлемін арттыру» дейтін ауыр да мағыналы міндетті іліп алып кете алса игі. Өйткені Каспий құ­быр консорциумы (КТК) арқылы мұнай тасымалдау (қазір 80 пайыз мұ­найымызды Новороссийскідегі порт арқылы Еуропаға жібереміз) тәуекелі тым артып кетті. Былтыр қыста ТХКМ мен «Еуропа – Кавказ – Азия» көлік дәлізін ұйымдастыру бойынша ЕО мен серіктес елдер арасындағы халық­ара­лық ынтымақтастық бағдарламасы ара­сында қол қойылды. Аталған мемо­рандум халықаралық қаржы институт­тары тарапынан инвестиция тар­ту­ға жол ашты. Еуропалық қайта құру және даму банкі зерттеуіне сүйенсек, ТХКМ бойынша үздіксіз жеткізуді кү­шейту үшін 18,5 млрд еуро инвес­тиция керек. Бұл қаржының басым бө­лігін ЕО елдері төлеп беруге да­йын.­ Нақ­тылап айтсақ, қазірдің өзінде 10 млрд еуро бөліп қойды. Шешім былтыр Брюссельде қабылданды. 1,5 млрд еуро Орталық Азиядағы көліктік ин­­фра­­­құрылымның стратегиялық жоба­ла­рына жұмсалады.

«Ұзындығы 11 мың шақырым бола­тын көлік дәлізі біздің аймақтары­мыз­ды 15 күн немесе одан аз уақыт ішін­де байланыстыруға арналған. Біз бұл дәлізді бәсекеге қабілетті етуіміз ке­рек. Сол себепті, Еуропалық комиссия және Еуропалық инвестициялық банк ОА транспорттық мүмкіндігіне инвестиция салады», деп мәлімдеді сауда бойынша еурокомиссар Валдис Домбровскис.

ТХКМ бойынша атқарылуға тиіс ма­ңызды істің бірі – бірыңғай цифрлық платформа құру. Бұған дейін дәліз ар­қылы жүк жеткізу бір орталықтан қада­ғаланып, басқарылмады. Мүдделі тараптар жүктің қай жерде бара жатқанын, межелі нүктеге қашан жететінін нақ­ты режімде аңдай алған жоқ-ты. Сол олқы­лықтың орны толмақ. Біраздан бері пысықталып келе жатқан мәселенің шешімі Сингапур сапарында айтылды. ҚТЖ мен сингапурлық PSA компаниясы бірлесіп Транскаспий мар­шруты бойынша цифрлы дәліз жасап шықты. Жүйе уақытты үнемдеп, тасымал үдерісін мейлінше ашық қыла­ды және Қазақстанды сауда ағыны үшін тартымды ете түседі. Мемлекет басшы­сының Сингапурға сапары кезінде «KTZ Express» АҚ пен «Global DTC Pte Ltd.» Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберінде цифрлық дәліз құру жөніндегі жобаның іске қосылғаны ­туралы хабарлады.

«Біздің «Global DTC» мен бірлескен бастамамыз көлік логистикасын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Цифрлық технологияларды кедендік ре­сімдеу үдерісіне интеграциялау тасымал тиімділігі мен ашықтығын едәуір арттырады», дейді «KTZ Express» АҚ бас директоры Дамир Қожахметов.

Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілі Андрей Михневтің айтуынша, 2030 жылға таман Транскаспийдің өткізу қабілеті 11 млн тоннаға жетсе, Орталық Азия елдері тәп-тәуір табысқа кенеледі. Ол тасымал көлемін үш есе көбейтуге жағдай жасайтын 5 шартты атап өтеді. Біріншіден, Орта дәлізді экономикалық дәліз ретінде қарастыру; Екіншіден, логистикалық шешімдерге көбірек көңіл бөлу; Үшіншіден, кеден­дік процедураны жеңілдету және реформалау; Төртіншіден, жеткізуші, жүк жіберуші және олардың агенті ара­сындағы ақпарат алмасуды жедел әрі нақ­­ты қылатын цифрландыру үдерісін кү­шейту; Бесіншіден, инфрақұрылымды жетілдіруді жалғастыру.

Мамандардың есебінше, дұрыс пайдаланылса Орта дәліз Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия елдеріне жыл сайын 600 млрд доллар табыс тауып отыруға жағдай жасайды.

Дүниежүзілік банк есебіне мән берсек, Транскаспий арқылы тасымалданатын тауарлар көшін мұнай және мұнай өнімдері (1 млн тоннадан астам) бастайды. Одан кейінгі орындарда – контейнерлік жүктер (мың тоннадай), көмір мен кокс (600 мың тоннадан астам), қара және түсті металдар (500 мың тоннадан астам), астық және агроөнер­кәсіп кешені өнімдері (300 мың тоннадан астам).

2023 жылы ТХКМ маршрутымен ­2,7 млн тоннадан астам жүк тасымалдан­­ған. Сөйтіп, көрсеткіш 2022 жылмен ­са­лыс­тырғанда 86 пайызға жоғарыла­­ған. 2024 жылға қойылып отырған деңгей – ­4 млн тонна. Ортамерзімді келешекте көлем 10 млн тоннаға дейін өседі деп күтіледі. Қазіргі уақытта Орта дәлізде 11 елдің 25 теміржол, транспорттық-логистикалық, порттық және кеме қа­тынасы компаниясы жұмыс істеп жатыр.

«Астана» халықаралық қаржы орта­лығының басшысы Ренат Бектұров­тың айтуынша, бұл жобаның әлеуетін то­лық ашуға қатысушы-елдер транспорт­­тық құжаттама, салық саясаты, үйлестіру тетіктері және кеден процедуралары бойынша өте тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керек.

«Орта дәліз транзит көлемін ғана емес, елдер арасындағы сауданы да ынталандырады. 2040 жылдары ОА елдері­нің контейнерлік сауда көлемі 470 мың ЖФЭ-ге (жиырму футтық эквивалент) жетуі мүмкін. Маршрут бойынша сауда­ның өрістеуі Оңтүстік-Шығыс Азия елдері­мен ынтымақтастықты нығайтады. Яғни олар өз бағыттарын әртараптандырады, белгілі бір деңгейде аталған өлкенің елдері үшін осы дәліз бойымен жүк жіберу тиімді әрі тез бола түседі. Ал бұл өз ке­зегінде сауда саласын цифрландыру және кедендік реттеу саласында тәжірибе алмасу сияқты артықшылықтарды сыйлайды», дейді.

Дүниежүзілік банк болжамынша, Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның 2021-2030 жылдар аралығындағы жүк ба­засының жиынтық әлеуетті өсімі 90 млн тоннаны (+44 пайыз) құрайды. Оның ­70 млн тоннасы – елімізден шыға­тын қосымша экспортқа тиесілі.

Тұмсығын көкке шаншыған кемелер мен мың контейнерді мінгестірсе де теңіз үстімен міз бақпай баяу жылжитын томаға-тұйық танкерлер арлы-берлі жосылып жатқан; тиелген тонна-тонна тауарды бұйым көрмей, темір табанынан от шашыратқан құрам­дар арлы-берлі ағылып жатқан әлемде қан­­ша көлік жолы бар. Көп. Әйгілі Транссібір магистралі, Еуропа пен Ба­тыс Африканы жалғайтын Трансатлан­тика бағыты, Азиядағы ауқымды дә­ліз – Трансазиялық теміржол, Солтүстік Америка мен Азияның дәнекері бол­ған – Солтүстік теңіз жолы, Балтық елде­рін Еуропаға бастап баратын Батыс-Шы­ғыс жолы, тізбелей берсек саны көп. Бей­қам жатқан Транскаспий солардың бірі ғана болып қоя ма? Әлде елеулісі атана ма? Хазар (Каспий) дейтін ұлы теңізден шапағат көріп отырған елдердің көңіл ауаны жылдар өте қалай өзгереді? Бәлкім, осы ғасырдың ортан беліне тақау, бәлкім аяқ жағына таман Орта дәліз бағзыдағы Ұлы Жібек жолындай маңызға ие болып шыға келер? Кім біліпті. Бір білеріміз – енді сауда ағыны тоқтамайды, тоқырамайды. Аңдыздап келген ағын сияқтанған алпауыт экономикалар дамымасына қоя ма? Әлі-ақ Қазақстанның оңтүстігі, оңтүстік батысы мен орталығы да бұл дәліздің толыққанды қатысушысы атанатын күн туар.