«Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізіліп жатыр. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет», деді Президент.
Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында бірқатар жұмыс қолға алынған.
Еңбек ардагері, «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС директоры Танабай Шынтасов «Egemen Qazaqstan»-ның өңірдегі тілшісіне хабарласып, су тапшылығын болдырмауға қатысты көкейдегі ойын жеткізген-ді.
«Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарында ескіден келе жатқан тік дренаждар іске қосылып жатыр. Кезінде тік және көлденең дренаждар әр аудандағы іріленген ұжымшар, кеңшар құрамында жоспарлы түрде жұмыс істеді. Ал бүгінде аудандардағы 25 мыңдай ұсақ шаруашылықтың жағдайында жүздеген гектарға қызмет жасап жатқан дренаждар жұмысы қалай үйлестірілуде? Тік дренаждарға кім иелік етеді? Бұл бағытта Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі қоян-қолтық жұмыс істемесе, судың тиімділігі де, жердің берер табысы да мардымсыз болары анық. Өңірдегі «Қазсушар» РМК филиалының балансындағы түрлі дәрежедегі каналдардың ұзындығы 5 781 шақырымға жуық десек, бүгінде олардың 4 652 шақырымы топырақты жер арналарымен егістік жерлерге су тасымалдайды. Облыстың жылдық суға қажеттілік лимиті – 3 198 млн текше метр. Яғни су тасымалдаушы каналдарымыздың 80 пайызындағы фильтрация көлемі өте жоғары екеніне қарай отырып, 30–40 пайыз су жоғалтқанның өзінде облыста орташа 1 млрд текше метр су жоғалтады екенбіз, яғни алынатын ағын судың үштен бірін. Су тапшылығын болдырмас үшін осындай кемшіліктерге жол бермеуіміз қажет», дейді Танабай Шынтасов.
Ардагер су шығынын есепке алу, ол үшін өлшеу бекеттерін, автоматты жүйелерді енгізу қолға алынбай, үнем жөнінде айту бекер дейді.
«Су тасымалдаушы 8 трансшекаралық канал, ондағы 470-ке жуық гидроқұрылым, 240-тан астам су өлшеу бекеті бүгінде тозған, апатты жағдайда жұмыс істеп тұр. Сарыағаш, Келес, Қазығұрт аудандарына су жеткізіп беруші трансшекаралық каналдардың ұзындығы 360 шақырым болса, оның 110 шақырымы көрші Өзбекстанның халқы тығыз орналасқан елді мекендері арқылы өтеді. Осы 8 трансшекаралық каналдың жобалық жалпы су өткізу қабілеті секундына 165 текше метр болса, бүгінде бұл көрсеткіш секундына 110 текше метрге төмендеп, яғни 66 пайыздық су өткізу қабілетімен жұмыс істеп жатыр», дейді маман.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, суды үнемдеу, су саласын дамыту бағытында бірқатар игі іс қолға алынған. Бүгінде облыста жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд текше метр болатын 42 су қоймасы бар. «Боралдай», «Бәйдібек ата» су қоймаларын салу жобалары әзірленген. Жобалар толық іске асқан жағдайда «Бөген» су қоймасына қосымша 113 млн текше метр ағын су жеткізіліп, Түркістан қаласы аумағында ағын су мәселесі шешімін табады.
«Бәйдібек ата» су қоймасын салу жұмыстарына былтыр облыстық бюджеттен 680 млн теңге қаралып, құрылыс жұмыстары басталды. «Боралдай», «Бөген», «Қосқорған» су қоймаларының техникалық экономикалық негіздемесі және жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Түркістан облысындағы барлық каналдың жалпы ұзындығы – 12,3 мың шақырым. Ұзындығы 59 шақырым болатын «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасының 1-кезеңі аяқталды. Нәтижесінде, жылына 60 млн текше метр ағын су үнемделді.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының айтуына қарағанда, каналдың 2-кезеңінің жобасы дайын. Жоба аясында 25 дана су өткізу құрылымы автоматтандырылады, 24,9 шақырым каналды бетондау арқылы жылына 29 млн текше метр ағын су үнемделеді. Бүгінде жалпы құны 73,9 млрд теңге болатын 17 жоба дайын. Тиісті қаржы бөлінсе, 236 шақырым канал бетонмен қапталып, 49,8 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады.
Облыста егістікті әртараптандыруда өнімділікті жаңа технологиялар есебінен ұлғайтуға басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта биыл тәжірибе негізінде жаңа әдіспен мақта дақылы 3 000 гектардан астам аймаққа егілді. Бұл технологияның тиімділігі – суды, энергияны, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, кемінде гектарынан 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есе жоғары. Мысалы, Жетісай ауданындағы «Керімхан» шаруа қожалығы жаңа әдіспен мақта егіп, жақсы сападағы әрі мол өнім алуды көздеп отыр. Қожалық биыл 100 гектарға мақтаның жергілікті «Мақтаарал 50/27» , 40 гектарға «Сұлтан» сортын және 20 гектар жерге Қытай елінен әкелінген мақта шитін сепкен.
Мақтаарал аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Биязит Әлімқұлов өңірдегі мақталы алқаптардың 70 пайызы Мақтаарал және Жетісай аудандарына тиесілі екенін айтады.
«Көршілес елдерден келетін су көлемі де жыл өткен сайын азайып келеді. Бұл өз кезегінде ағын суды үнемді пайдалануды талап етеді. Мақташыларымыз егістігін ала жаздай бір рет қана суарып алатын жағдай да кездеседі. Бұрынғы су тоқтаусыз келіп жататын кездерде мақтаны екі-үш рет, кейде тіпті төрт рет суаратын. Қазір ондай мол су жоқ. Сондықтан судың бәрі мақтаға кетіп жатыр деген ой туындамауы керек. Диқандар жақсы біледі, суды мақтадан гөрі қауын-қарбыз көп ішеді. Оларды піскенге дейін бірнеше мәрте суаруға тура келеді. Жылдар бойы мақта өсірудің қыр-сырын біліп қалғандар одан қол үзгілері келмейді. Осындай жайттарды ескере келе, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бекіткен егіс құрылымына сәйкес мақта дақылын өткен жылмен салыстырғанда 4 мың гектарға азайтып, орнына жоңышқа және көкөніс, бақша дақылдарының үлесін арттыру қарастырылды. Ауданда биыл 60,8 мың гектар алқаптың 33,6 мың гектарына мақта, 4,7 мың гектарына дәнді дақыл, 1,6 мың гектарына көкөніс, 17,2 мың гектарына бақша және 3,3 мың гектарына жоңышқа егу жоспарланған. Бүгінде аудан бойынша 3 710 гектар алқапқа мақта дақылы егілді», дейді бөлім басшысы.
Түркістан облысы