Бұдан бөлек Франция, Аргентина, Испания, Германия, Иран, Қытай сынды елдерден 14 фильм додаға түседі. Айта кетейік, фестиваль 14-23 маусым аралығында өтеді.
Режиссер Бейімбеттің шығармасын экрандауға он жыл бойы толғатып, үлкен дайындықпен келген. Данияр Саламатты бәрі әу бастан камералық қалыптағы авторлық туындылар түсіріп жүрген режиссер ретінде таныды. Бірақ режиссердің іштегі көптен бергі арманы – тарихи фильм жасау болатын.
Иә, автор Бейімбеттің шығармасы арқылы жиырмасыншы-отызыншы жылдар – өліара кезеңдегі қазақтың мінезін, табиғатын, тұрмысын көрсеткісі келді. Аталған фильмде сол кезеңдегі жаппай ұжымдастыру басталып, «социализмнің» ызғары суреттеледі. Ел арасында түрлі ұрандар да желдей еседі. Соның бірі – «әйелдерге бостандық». Осы ұранды желеу қылғандардың салқыны сан жұртқа тиеді. «Талақ» сөзі көркем туындыда мұсылман заңдылығымен ажырасуды ғана білдірмейді, сол кезеңдегі қазақ өміріндегі өмір сүру тәртібінен, дәстүрінен, көшпелі өмірінен еріксіз ажырауын да меңзейді. Халық «бостандық» деген ұранмен бостандығынан ажырап бара жатқанын астармен баяндайды.
«Бейімбеттің шығармаларынан әлі күнге дейін толықметрлі фильм түсірілмепті. Көрші қырғыздар Шыңғыс Айтматовтың барлық туындысын киноға айналдырды. Бір ғана «Ақ кемесі» өзбек елінде бір, өз елінде екі қайтара түсірілді. Біздің басты қасіретіміз өзіміздің классиктерді бағаламау, өзімізге мән бермеу болып тұр. Соның ішінен сүзіп, жауһарды іздеп табу кемшін. Өйткені қазір режиссерлердің көбі Батысқа, орыс әдебиетіне қарайды, өзінің туған табиғатына, туған әдебиетіне үңіле бермейді. Сонымен Бейімбеттің басқа шығармаларын үңгіп қазып, ақтарып отырып, «Әже» және «Талақ» деген екі әңгімесіне ерекше қызықтым. Осы екі туындының басын қосып, сценарий жаздым», дейді Данияр Саламат.
«Шанхай кинофестивалі алғашқы үштікті (Канн, Берлин, Венеция) өкшелеп келе жатқан «А» класындағы үздік кинофестивальдердің бірі екенін ойласақ, біздің фильмнің осындай додада бақ сынауы жақсы қадам. Сәуірдің екінші жұлдызында өткізген баспасөз мәслихатында әлемнің 105 елінен 3,3 мың жоба іріктеуге түсті деген-тін. Биыл – Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл. Күзге қарай ұлы суреткердің осы құрметіне орай өз елімізде фильмнің көрсетілімін жасап жіберсек, ғажап болар еді...» дейді режиссер.
«Талақ» фильмі Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының демеуімен жарық көрді. Түсірілім жұмыстары былтыр қараша-желтоқсан айларында Жаркент өңіріндегі Әулиеағаш деген жерде өтті. Арнайы декорация, шағын ауыл жасалды. Актерлік құрамда, негізінен, типтік ерекшеліктерінде, түстерінде архаикалық тек, бұрынғы заманның түрін беретін ерекше бейнелер, ерекше образдар таңдалған. Басты рөлдерді Ерболат Әлқожа, Әмира Омар орындады. Құрымбайдың образын Айбек Иманқұлов ойнады. Айта кетейік, Бейімбеттің таңдалған екі шығармасында да Құрымбай деген кейіпкер жоқ. Туындыға «Құрымбайдың жігітшілігі» деген әңгімедегі Құрымбайдың образы алынған. Режиссердің айтуынша, сол кездегі ұрдажықтық, асырасілтеушілік, ештеңенің байыбына бармауды көрсету керек болған. Ал ауылнайдың рөлін Бейнұр Баймұхамбет алып шықты. Қоюшы операторы – Есен Айтмұқамет, қоюшы суретшісі – Нұрболат Жапақов, композиторы – Қайсар Дәуренқан.
Кейінгі жылдары тарихи тұлғалар өміріне арналған телесериалдар көп түсірілді: «Жәңгір хан. Сарай сыры», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Домалақ ана», «Тәшенов. Тайталас», «Қаныш. Қазына», «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін», «Міржақып. Оян, қазақ!» Кешегі «Соңғы үкім»... Халықаралық Шанхай кинофестивалінде бақ сынайтын тарихи тақырыптағы кезекті жаңа туынды – «Талақ» фильміне сәттілік тілей отырып, көруге асықпыз.