Таным • 03 Маусым, 2024

Ғалам ғажаптары: Ең қымбат мамық

77 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Гагачи мамығы. Бағасы алтын мен мұнайдан да қымбат. Оған ең ауқатты адамдардың ғана қолы жетеді.

Ғалам ғажаптары: Ең қымбат мамық

Бұл бір қызық дүние. Тәулік бойы суға салса да, су болмайды. Бұдан жа­сал­ған көрпе 1 млн доллар тұрады. Әлем бойынша жылына небәрі 50 кг ғана са­тылымға шығады. Мұны табиғаттың адамзатқа сыйлаған жылу сақтағышы десек болады. Мамықты алу жолы да – күрделі. Исландияға барып, Гага құ­сының ұяларынан жинау керек. Құс ұясын сәуір айында, салқын кезде салады. Ұрпағын суықтан қорғау үшін кеудесіндегі нәзік мамықты жұлып, қоршайды. 60 ұядан тек 1 кг мамық жиналады. Неге қымбат екенін өзіңіз ойлай беріңіз.

 

Уды у қайтарады

а

Біздің түсінігімізде улы жылан кез келген тіршілік иесіне қауіп төндіреді. Бірақ түйе ағзасы олай ойламайды екен.

Негізі түйенің керемет иммунитеті бар. Вирустық ауруларға, тіпті оба немесе аусыл сияқты дерттерге аз шал­­дығады. Дегенмен бұл жануар ауы­ратын елден ерек сырқат бар. Ұзақ уақыт бойы не шөп жемей, не су ішпей жатып алады. Сонда иесі баяғыдан қалған дәстүр бойынша түйенің аузын ашып, улы жыланды салып жібереді. Жыланды уымен қатар жегенде, түйенің дене температурасы көтеріліп, қызық үдеріс жүреді. Түйе терлеп, бірден ас-су іше бастайды. Толық зерттелмегенімен, араб халқы осы әдісті әлі күнге дейін қолданады.

 

Жылдам альпинист

рн

Непал тұрғыны Пхунджо Джхангму Лама Эверестегі ең жыл­дам альпинист атағын алды.

Ол 8849 метр биіктікті 14 сағат 31 минутта бағындырды. Әлемдік рекордты жаңартты. Бұл туралы «the Himalayan Times» басылымы хабарлады. Альпинист 22 мамырда түстен кейін тауға көтеріліп, ертесі таңертең өрмелеуді аяқтаған. Пхунджо бұған дейін де рекордтық көр­сет­кішке қол жеткізіп, 2018 жылы Эверест шыңын 39 сағат 6 минутта бағын­­­­дырған. Ол Непалдың Швейцария Альпісі мен Гималай тауларында өрмелеу жаттығуларынан өтіп, дайындалады.