3656 әскери бөлімінің командирі полковник Дмитрий Бастердің бастамасымен Астана гарнизонының әскери қызметшілерінің балалары үшін Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мереке ұйымдастырылды. Іс - шараға Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының, сондай-ақ елордалық бригаданың әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелері қатысты.
Авиациялық базада әскери қызметшілердің балалары үшін ертегі кейіпкерлерінің қойылымдары, түрлі ойындар, концерттік бағдарлама, спорттық жарыстар мен флешмоб дайындалды. Ал ең кішкентай қонақтар үшін ұландықтар арнайы қауіпсіз алаң әзірледі, онда балалар асфальтқа бормен суреттер салды. Сондай-ақ, мереке иелеріне жарыстарға белсенді қатысқаны және сайыстағы жеңістері үшін сыйлықтар мен грамоталар табысталды.
«Бүгін біз ең жарқын және қуанышты мерекелердің бірі — Балаларды қорғау күнін атап өтудеміз. Бұл күн балалардың болашағымыз үшін қаншалықты маңызды екенін, үміт пен армандарымыздың оларға тікелей байланысты екенін еске салады. Балаларға қамқорлық жасау - біздің ең үлкен құндылығымыз. Балалар - еліміздің болашағы. Әрқайсысы өзінше талантты. Олардың әрбірін мақтан тұтамыз!», деді Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов.
Офицерлер мен сержанттар барлық назарын балаларға арнады. Мереке күні құқықтық тәртіп әскерінің әуе базасы балалар әндеріне, көңілді музыкаға, би мен тәтті күлкіге толы болды. Тамаша көңіл-күй мен мұқият ойластырылған мерекелік бағдарлама жаздың басталуын атап өткен балалар мерекесіне сән берді.
«Мұндай іс-шаралар өте маңызды. Себебі, мұндай сәттер міндетті түрде балалардың естерінде сақталады және олар өскенде осы мерекенің маңызына мән беруге, келесі ұрпаққа қамқорлық танытуға тырысады. Офицер мен командир қызметте қаншалықты қатал болса да, үйде баланың күлімсіреуінен елжіреп, жүрегі сүйіспеншілікке толатын мейірімді әке. Балалар ата-аналарының осы мерекені өздерімен бірге ойнап, билеп, бөліскеніне дән риза», деді генерал-майор Қайрат Үмбетов.
ҚР Ұлттық ұланының Ән-би ансамблі жиналған көпшілікті концерттік бағдарламамен қуантты.
Іс-шара соңында балаларға балмұздақ пен түрлі дәмді тағамдар таратылды.