Үш өзеннің ортасында тұрған Орал қаласында көктем сайын маса мен шіркей көбейетіні таңсық емес. Жергілікті әкімдік қаржы бөліп, тиісті мекемелер жәндіктер көбейетін қуыс-қалтарысты алдын ала улап, қам жасайтын. Бірақ биылғы көктемде өңірде су көп болды, Жайық өзені тасып, қала маңындағы саяжай қоғамдары түгел су астында қалды. Ал су көп жерде маса мен шіркей де көп.
«Бұрынғы жылдары әр көктемде шамамен 13 мың га жер зиянкес жәндіктерге қарсы өңделетін еді. Биылғы су тасқынына байланысты бұл көлем екі есеге жуық ұлғайып отыр. Бірақ оны алдымен зерттеу керек, жәндіктердің жұмыртқа салған аумағын, личинкаларының көп жерін анықтап алу қажет. Қазір арнайы мамандар, энтомолог-биологтер қала маңын, Деркөл мен Круглоозерный кентінің айналасын, жайылма сулар аумағын зерттеуге дайын. Тек судың көптігінен әлі кей жерге бара алмай отыр», дейді облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиев.
Жалпы, Орал қаласы мен оның айналасында профилактикалық дезинсекция жұмыстарын жүргізу, яғни масаға қарсы өңдеу жұмыстарын атқару үшін жыл сайын мемлекеттік сатып алу байқауы өтеді. 2024–2025 жылдарға арналған байқаудың жеңімпазы – «Танкеев Б.А.» жеке кәсіпкері болыпты. Өткен сәуір айында жеке кәсіпкер мен әкімдік арасында 187 040,0 мың теңгеге 2 жылдық келісімшарт жасалған. Мұның 105 395,0 мың теңгесі биыл, яғни 2024 жылы игерілуге тиіс. 81 645,0 мың теңге келер жылдың еншісінде. Қаржыландыру жоспарына сәйкес, биыл облыстық бюджеттен 105 395,0 мың теңге бөлініп те қойған.
«Бұл жұмыс маса мен шіркей тәрізді жәндіктердің шектен тыс көбейіп кетуінің алдын алу үшін, профилактикалық мақсатта жасалады. Бірақ шыбын-шіркей осы шаралардың нәтижесінде мүлдем жойылып кетеді деп айта алмаймыз. Биыл тасқын судың әсерінен жәндіктердің шектен тыс көбейіп кетуіне қолайлы жағдай туғанын түсіну керек», дейді Қанат Амангелдіұлы.
– Біз атқаратын дезинсекциялық шаралар екі кезеңге бөлінеді: біріншісі су айдындарын масалардың дернәсілдеріне қарсы өңдеу болса, екіншісі аумақтарды масалардың ұшатын түріне (имаго) қарсы өңдеу. Біз бірінші кезеңді 9 сәуірде бастап кеттік. Орал қаласының айналасын, Серебряково, Круглоозерное, Серебряково, Круглоозерное Коминтерн, Желаево, Октябрьское, Зеленое, Макарово, Достық, Жайық, Бортөбе, Өскен, Жамбыл секілді т.б. ауылдардың маңындағы су қоймаларына энтомологиялық мониторинг жүргізіп, масалардың дернәсілдерін қарадық. Сөйтіп, 18 сәуірде 3 және 4 сатыдағы дернәсілдер пайда болған жерлерде өңдеу жұмысы басталды. Біз оны рюкзак бүріккіштермен жүргізіп шықтық, 20 дезинфектор және 5 техника жұмылдырылды. Сөйтіп, бір айдың ішінде 3000 гектардан астам аумақ дернәсілге қарсы өңделді, – дейді «Танкеев Б.А.» ЖК директорының орынбасары Юлия Майер.
Әрине, дернәсілге қарсы күресте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған, ел аумағында қолдануға рұқсат етілген инсектицидтер мен ларвидцидтер қолданылуға тиіс. Сондықтан тиісті мекеме улау кезінде қолданылатын препараттардың мемлекеттік тіркеу туралы сертификатын, сәйкестік декларациясы мен сертификатын қатаң тексеріп отырады.
Дезинсекциялық іс-шаралардың екінші кезеңі де Орал қаласы аумағында, сондай-ақ қала маңындағы Серебряково, Круглоозерное, Коминтерн, Желаево ауылдарында, орман алқаптарында, ауылдағы орман белдеуінде жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Бәйтерек пен Теректі аудандарының Асан, Жеміс-көкөніс, Мичурино, Новенький, Трекино, Володарка, Дариян, Подстепное, Октябрьское, Зеленое, Макарово, Достық, Жайық, Бортөбе, Өскен, Жамбыл елді мекендері, қалалық мәдениет және демалыс саябағының аумағы, Хан тоғайы, Әнес көлі, Деркүл өзенінің бойында, Шаған өзені, саяжай аумағы да назардан тыс қалмаған.
Биылғы жұмыс көлемінің көптігіне байланысты қосымша қаржы бөлінуі мүмкін бе? Бұл сауалға Қанат Өмірәлиев «әбден мүмкін» деп жауап берді.
«Дәл қазір бөлінген қаражат бар, жұмыс жүріп жатыр. Егер бөлінген қаржы таусылып, одан әрі қажеттілік туса, қосымша сұрататын боламыз. Бірақ әуелі нақты талдау жұмыстарының нәтижесіне сүйену керек. Мысалы, былтыр қала маңында 2 мың га жерден жәндіктердің личинкалары анықталған еді. Биыл оның көлемі тағы 1 мың гектарға ұлғайғаны байқалады. Нақты көлемі қандай болмақ? Соған байланысты әрекет етеміз» дейді Қанат Амангелдіұлы.
Қазір қала ішінде де, ауылдарда да маса мен ұсақ шіркейдің ерекше көбейіп кеткенін айтып, дабыл қағушылар көп. Әсіресе Орал қаласында көшеде жүру қиындап кетті. «Қала іші неге масаға қарсы улау жүргізілмейді?» деп наразылық білдірушілер де бар.
«Біз соңғы 5 жылдан бері қала ішінде улау жұмысын тоқтаттық. Өйткені тұрғындар арасында жағымсыз иіске шағымданған, «аллергия дерті асқынып кетті» деп арыз айтқандар болды. Бүгінде көпқабатты үйлердің жертөлесінен маса шығып жатыр дейді. Бұл мәселеге пәтер иелері кооперативтері жауап беруге тиіс. Ереже бойынша ПИК жылына екі-үш мәрте жертөледе дезинфекция жұмысын жүргізуі керек. Біз көктемде осы жағдайды ескертіп, тұрғын үй пәтер иелері кооперативтері басшыларымен жиналыс өткізген болатынбыз», дейді Қанат Өмірәлиев.
«Маса мен шіркейдің көбеюі – маусымдық қиындық. Жаз әбден күшіне еніп, күн ысыса, инелік шықса, маса-шіркейдің бұлты да сейіледі. Сәл шыдайық» деп оралдықтарды сабырға шақырып жатқандар да бар. Әзірге Батыс Қазақстанда ең өтімді тауар – омарташының торлы бетпердесі болып тұр.
Орал