Екі кезеңнен тұрған байқаудың бірінші бөлігінде жас ақындар рәміздерге арналған, ұлттық рухты қастерлеу мен Отанды сүю тақырыбындағы патриоттық өлеңдерін көпшілік алдында оқып, сынға түсті. Екінші кезеңде еркін тақырыптағы жырларын талқыға салды.
Өзара бәсекеде жастар арасынан суырылып шыққан Шәкәрім университетінің студенттері Ұлан Нұрбол, Мерей Тұрарбек, сондай-ақ Әлихан Бөкейхан университетінің студенті Ақгүл Серікқызы ұйымдастырушылар тарапынан жыр бәйгесінің арнайы жүлдесіне ие болды. Байқау қортындысы бойынша Азамат Серікұлы 3-орынды қанағат тұтса, 2-орынның жүлдесі Мирас Зекеновке бұйырды. Бірінші орынды Бағжан Кәріпбаева иеленді.
«Байқаудың басты мақсаты – 25 жасқа дейінгі жастарды жарысқа қатыстыра отырып, бүгінгі заманның патриоттық жырларын көпшілікке таныстыру, жас өнерпаздардың өлеңдері арқылы ұлттық нақышты еліміздің рәміздерін насихаттау», дейді іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Абай жастары ресурстық орталығының бөлім басшысы Ерсінбек Өрлеубек.
Облыс аумағында рәміздер күніне орай барлық аудан тұрғындарының қатысуымен Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өткізіліп, жиналған көпшілік Мемлекеттік әнұранды бір уақытта шырқады. Семей, Курчатов қалалары мен Жарма ауданының жастары велошеруге қатысса, Абай, Бесқарағай, Бородулиха аудандарында ел мерейін асқақтатып автошеру ұйымдастырылды. Шеруге қатысушылар бір мезетте ту көтеру іс-шарасына қатысып, ел рухын көтеретін Әнұранды қосылып орындады.
Сонымен бірге Семей өнерпаздары кешкілік қала тұрғындары мен меймандарына патриоттық әндерден шашу шашып, коцерттік бағдарлама ұсынды.
Абай облысы