Жаңа желінің ашылу салтанатына облыс әкімі Құмар Ақсақалов, Беларусь Республикасының өнеркәсіп министрі Александр Рогожник, аталған елдің Қазақстандағы төтенше және уәкілетті елшісі Павел Утюпин, «МТЗ» ААҚ бас директоры Виталий Вовк, сондай-ақ екі елдің бірнеше салалық министрлігінің өкілдері қатысты. Жиында жаңа цехтың ашылуы еліміздің өнеркәсіп саласындағы елеулі оқиға екені, зауыт бұдан былай өндірістің жергілікті үлесін бірте-бірте арттыра беретіні айтылды. Бұған дейін сырттан түгелдей бөлшек түрінде келетін әйгілі трактордың бірсыпара бөлшегі аз уақыттан соң Қостанайда жасалатын болады. Мамандардың айтуынша, трактордың кабинасы жалпы өндірістің 40 пайызын құрайды. Ал үшінші, төртінші кезеңде бөлшек өндірісіндегі жергілікті қамту үлесін барынша арттыру мақсаты тұр.
«Өндірістің келесі кезеңдерін жүзеге асыру мүмкіндігі жан-жақты талқыланып, әбден пысықталды. Болашақта трактордың алдыңғы белдемесін, жекелеген пластик бұйымдарын, басқа да бөлшектерді осында шығарсақ дейміз. Қозғалтқыш блогін де жасауға мүмкіндік бар. Биыл шойын құятын зауыт ашылса, машиналардың қандай түріне де сапалы қозғалтқыш блогін дайындап бере аламыз», деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Аумағы 10 жарым мың шаршы метр болатын өндіріс алаңында алты бірдей құрал-жабдық учаскесі жұмыс істеп тұр. Заманауи лазерлі станок, темір иетін аппарат, екі робот кешені және автоматтандырылған бояу камерасы бар. Желінің бойынан «Беларус» тракторының 9 түріне арналған көпфункциялы әмбебап кабиналар шығарылады.
«Жаңа желі өндіріс қуатына толық көшсе, жылына 10 мың кабина шығаруға мүмкіндік бар. Бұл межеге біз 2026 жылы жетеміз. Одан бөлек, қазірдің өзінде трактордың жоғары қысымды бөлшегін, кабинаның аяқбасқышын өзіміз жасап жатырмыз. Келешекте басқа да маңызды бөлшектерді өндіруді қолға аламыз», дейді «МТЗ-Қазақстан машина жасау зауыты» ЖШС бас директоры Валентин Дашкевич.
«Беларустың» Қостанайға ықыласы ауып отырғаны тегін емес. Біріншіден, кейінгі жылдары өңірде машина жасау саласы қарқынды дамып келеді. Екіншіден, облыста инвестициялық ахуал өте қолайлы.
«Қостанай облысы логистикалық орналасуы жағынан да аса тиімді. Бұл алаңды экспорт көзі деп білеміз. Тек тракторды емес, комбайн, өрт сөндіру машиналары сияқты техникаларды да осында құрастырып, жинау ойымызда бар. Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы жылдан-жылға артып келеді. Қазір ол миллиард доллардан асты. Оның ішінде, әсіресе, өнеркәсіптік кооперация жақсы дамыған», дейді Беларусь Республикасының өнеркәсіп министрі Александр Рогожник.
Индустриялық даму комитетінің төрағасы Азамат Панбаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Беларусь Респбуликасы жалпы құны 85 млн доллар болатын бірлескен тоғыз жобаны қолға алып отыр. Соның жетеуі толықтай іске асырылған.
«Жобалар негізінен машина жасау саласына қатысты. Мәселен, трактор зауытын іске қосуға 7,5 миллиард теңге тікелей инвестиция салынды. Оның өндіріс қуаты артқан сайын, салық түсімі де еселене береді. Бұл кәсіпорынның бюджетке төлемі шамамен төрт есе ұлғаяды деген болжам бар», дейді комитет төрағасы.
Бүгінде елімізде «Беларус» тракторларын құрастыратын 3 кәсіпорын жұмыс істейді. Мамандар жаңа цех өндірісті локализациялауға және тұтынушы үшін өнім құнын төмендетуге үлкен мүмкіндік береді деп отыр. Қостанайда шығарылған кабиналар отандық өндірісте пайдаланылады. Сонымен қатар дәл осындай трактор шығарып жатқан «ҚазАгроИнновациялықКорпорация» және «СемАЗ» компанияларына жіберілетін болады.
«Кезінде екі бірдей кеңшарда біраз жыл бас инженер болып жұмыс істедім. «Беларус» тракторларының өте сенімді техника екеніне сол жылдардағы еңбек тәжірибемде көз жеткіздім. Жаңа өндіріс орны облыс экономикасының дамуына үлкен серпін әкеледі. Бұл тракторлар біздің егін алқаптарымызда бұрыннан жұмыс істеп жатыр. Өзін өте сенімді техника ретінде көрсетті. Кейінгі 30 жылдың ішінде «Беларус» тракторлары едәуір жетілдірілді. Зауыттың үнемі сапа мәселесін бірінші кезекке қоятыны қуантады. Мұны осы трактордың игілігін көріп жатқан жергілікті шаруалар да растап береді. Сондықтан біз облыс бюджеті есебінен бұл зауытты электр энергиясы, газ, су, басқа да коммуникация қажеттілігімен қамтамасыз етіп, үлкен қолдау көрсеттік. Инфрақұрылымға жұмсалған шығын мемлекеттік салық түсімі ретінде еселеніп қайтады», дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Зауыт «Беларус» тракторларының 11-ден басталып, 364 ат күшіне дейін тең келетін 20 түрін шығарады. Жалпы, «МТЗ-Қазақстан машина жасау» серіктестігінде жылына 3 мың трактор құрастыру көзделген.
Салтанатты іс-шарадан кейін тараптар бірқатар екіжақты тиімді келісімшарттарға қол қойды. Қол қою рәсімі барысында енді Міржақып Дулатұлы атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің студенттері «МТЗ-Қазақстан» зауытында тәжірибеден өтетіні айтылды. Айтпақшы, Минскіден келген «МТЗ» ААҚ басшылары облыс әкіміне конвейерден жаңа шыққан «Беларус» тракторын тарту етті. Су жаңа қуатты техника Қостанайдағы оқу орындарының біріне берілетін болады.
Қостанай облысы