Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
«Болашақ» шағын ауданындағы осы құрылысқа «Қазақстан халқына» қоры демеушілік жасайды. Қор баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, еліміздің 6 аймағында да осындай жаңа үй құрылысы жүріп жатыр.
«Қазір 6 облыстағы 21 елді мекенде 649 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында – 200, Батыс Қазақстанда – 114, Ақтөбеде – 80, Қостанайда – 88, Ақмола облысында 87 үйді салу қолға алынды. Бұл өңірлердегі құрылысы жүріп жатқан бір үйдің орташа құны – 27,4 млн теңге. Ал Атырау облысының Құлсары қаласында 80 тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге 2 млрд 640 млн теңге бөлінді. Мұнда 1 үйді салуға жұмсалатын қаржы 31 млн 975 мың теңгені құрайды», деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.
Типтік үлгідегі жаңа үйлердің әрқайсысының ауданы – 100 шаршы метр. Құлсарыда жаңа тұрғын үйлермен бірге екі мың орындық Binom мектебін, 300 орындық балабақша нысанын салу жоспарланған. Сондай-ақ шағын аллеялар салынады.
«Тұрғын үйлердің авторлық дизайнын «Etalon project group» ЖШС дайындады. Бұл серіктестік дизайнның сақталуына бақылау жүргізеді. Ал техникалық қадағалау «ZAF-Стройсервис» ЖШС-ға жүктеліп отыр», деп мәлім етті қордың баспасөз қызметі.
Атырау облыстық құрылыс басқармасының бас маманы Ернар Қадырбайдың айтуынша, «Қазақстан халқына» қоры тұрғын үйлерді салуға жергілікті мердігерлерді ұсыныпты. Соған сәйкес «Орлан», «Армандастар-Атырау» және «Казкомсервис» ЖШС-ға сенім артылып отыр. Бұл компаниялардың әрқайсысында 50-ге жуық маман жұмыс істейді.
«Sergek Group» компаниялар тобының бас директоры Әсет Ахметовтің айтуына қарағанда, Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккендерге арнап салынып жатқан тұрғын үй құрылысының барысын Sergek жүйесі арқылы бақылауға болады. Қазір Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Атырау облысындағы құрылыс алаңдарына 55 бейнекамера орнатылған. Камералардың онлайн трансляциясын gov.kz сайтында тәулік бойы қарауға болады.
«Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерде тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарын бақылау және үйлестіру үшін ахуалдық орталық құрды. Бұл орталықта залалды өтеу туралы барлық өтініш, әр ауыл мен аудан орталығындағы, қалалардағы құрылыс барысы бақылауға алынды. Онлайн бейнемониторинг құрылыс пен жөндеу жұмыстарын жедел тәртіппен бақылауға, мерзімнен кешіккен қалған жағдайда тезірек әрекет етуге мүмкіндік береді. Біз үшін ашық жұмыс форматы маңызды болып отыр. Өйткені біз тұрғындардың баспананы қалпына келтіруге байланысты жұмыстардан хабардар болғанын қалаймыз», дейді Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Жәннат Дүбірова.
Ал «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына қарайтын компаниялар Құлсары қаласына 7 миллиард теңге бөлді. Бұл қаржы Құлсары қаласының инфрақұрылымын қалпына келтіру мақсатында бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» арқылы «Атырау» әлеуметтік дамыту корпоративтік қорына аударылды. Бұл игі іс «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылады.
«Жалпы, осыған дейін «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары тобы еліміздегі су тасқынының зардабын жоюға 15 млрд теңге бөлген болатын. Сонымен бірге портфельдік компаниялар өңірлерде тұрғындарды тасымалдауға арнайы техника бөліп, гуманитарлық көмек көрсетті. Қордың бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорына еншілес кәсіпорындардың серіктестерінен көмек ретінде қаржы аудару жалғасып жатыр. Оның ішінде мұнай-газ секторындағы румындық «Rompetrol», атом өнеркәсібі саласындағы «Cameco», «CGN» және «Marubeni» жапондық компаниялары бар», деп ақпарат таратты «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры.
Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың дерегіне сүйенсек, Құлсары қаласында көпқабатты үйлердің қасбеті мен шатырын жөндеу басталды. Мұндағы 100-ге жуық үй 30 жыл бұрын пайдалануға берілген. Алайда содан бері үйлердің сыртқы келбетіне жаңғырту жүргізілмей келген.
«Бұл жұмыстарды 4 кәсіпорын атқарады. Қазір мердігерлер 1 және 3-шағын аудандағы көпқабатты 13 үйді жөндеуге кірісті. Мердігерлерге 100-ге жуық адам жұмысқа тартылды», деді Жұмабек Қаражанов.
Атырау облысы