Талбесік • 06 Маусым, 2024

Орман шаруашылығын дамытуға жауапкершілік қажет

99 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Amanat» партиялық бақылау комитетінің отырысында алдағы жазғы-күзгі өрт қаупі кезеңіне байланысты орман және табиғатты қорғау мекемелерінің кадр тапшылығы, техниканың тозуы, ұшқышсыз ұшатын аппараттар сатып алу және орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын арттыру сынды өзекті мәселелері талқыланды.

Орман шаруашылығын дамытуға жауапкершілік қажет

Экология және табиғи ресурс­тар министрі Ерлан Нысанбаев­тың айтуынша, өткен жылы таби­ғатты қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жа­ңарту үшін 25 өрт сөндіру маши­насы, 51 шағын орман патруль­дік кешені, 154 трактор, 73 пат­рульдік машина, сондай-ақ 655 басқа да жабдықтар сатып алынған.

«Орман және табиғатты қор­ғау мекемелерінде техника­лық жарақ­тандырудың жеткіліксіз­дігін атап өту қажет. Орман өртін сөндіру стансасының саны стандарт бо­йынша 729 болуға тиіс. Бізде бары – 254, олардың басым бөлігі өткен ғасырдың 60-70-жылдарында салынған. Орман өртін сөндіру стан­саларында 1145 техника бар, оның 510-ы ғана жұмыс істеу­ге жа­рамды, жартысынан астамы ақаулы. Сонымен қатар ұш­қыш­сыз ұшу аппараттарының жетіс­пеушілігі (154 орман және табиғат­ты қорғау мекемелеріне барлығы 99 дана берілген) ормандарды толығымен аэровизуалды тексеруге мүмкіндік бермейді. Мысалы, «Семей орманы» табиғи резерватында бірде-бір ҰҰА жоқ», деді министр.

Орман шаруашылықтарының балансында өрттерді сөндіру үшін 275 өрт сөндіру машинасы қарастырылған, бұл қолданыстағы норманың шамамен 111%-ын құрайды. Алайда машиналардың 198-і немесе 72%-ның тозығы жеткен және есептен шығарылуға тиіс. Жабдықтау мәселесі де өзекті.

Өз кезегінде «Amanat» партия­сының хатшысы Ержан Жылқы­баев Жоғары аудиторлық палата жүр­гізген Төтенше жағдайлар ми­нистрлігінің аудит қорытынды­ларына назар аударды. Алматы, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақ­стан облыстарының жекелеген елді мекендеріндегі өрт сөн­діру бекеттерінің өртті сөндіруге қатыспаған жағдайлары тіркелді.

«Оған себеп машиналардың істен шығуы және жанармайдың болмауы. Қазіргі уақытта ел көле­мін­де ТЖМ қарамағында бар­лығы 432 өрт сөндіру депосы бар, оның ішінде 172-сі (39%) күрделі жөндеуді қажет етеді, 28-де (6%) ғимараттар апатты жағдайда. Елімізде қосымша 121 өрт сөндіру депосын салу қажет. Өз кезегінде өрт сөндіру қыз­мет­тері техникалық жабдық­тауды тек жекелеген позиция­лар бойынша жүзеге асырады, сондай-ақ пайдалану мерзі­мі өткен және пайдалануға жарамсыз материалдық заттар ескеріледі. Осылайша, өрт сөндіру қызметтерін жабдықтаудың декларацияланатын деңгейі олардың шынайы жағдайын көрсетпейді», деді Е.Жазықбаев.

Жабдықтау мәселесінің олқы­лы­ғынан бөлек, орман шаруашы­лықтары жалақының төмендігіне байланысты кадр тапшылығын қатты сезініп отыр. Осы мәселені көтерген қоғам қайраткері Ермек Әбілғазиев: «Катонқарағай ұлттық паркі қызметкерлерінің жалақысы төмен, себебі жүргізушілер, тракторшылар, тазалаушылар азаматтық қызметшілер санатына жатпайды. Ауылдық жерлерде жұмыс істегені үшін 25% үстемеақы алуға құқылы емес, медициналық жәрдемақы да жоқ. Орта есеппен 80 мың теңге қолға түседі, бұл кадрлардың тұрақтамауына бірден-бір себеп. Әсіресе орман аралайтын инс­пекторлар мен орман шеберлері жоқтың қасы», деді.

Партиялық бақылау комитеті­нің жұмыс тобы «Семей орманы» және «Ертіс орманы» резерваттарымен бірге Катонқарағай ұлттық паркіне жұмыс бабымен барған еді. Мұнда да сол мәселелер алдан шықты – жалақы төмен, мамандар тапшы, инфрақұрылым өз деңгейінде дамымай отыр.

«Жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандар шалғайдағы ор­ман шаруашылықтарына жұ­мыс­қа орналасуға ынталы емес, өйт­­кені оларға баспана мен жайлы өмір сүру жағдайларын ұсы­ну­ға мүм­кіндік жоқ. Жергілікті кадр­лар­ды ұстап қалу үшін салада жұ­­мыс істейтін жергілікті жас ма­ман­­дарға және жалпы жастарға аудан әкімдіктерінен ауданда сұра­ныс­қа ие мамандықтарға білім беру гранттарын бөлу, біліктілікті арт­тыру курстарын ұйымдас­ты­ру, тұрғын үй, жұмыс орын­да­рын беру тәжірибесін кеңейту қажет», деді партиялық бақы­лау ко­ми­тетінің төрағасы Павел Казанцев.

Комитет мүшелері орталық және жергілікті атқарушы орган­дар­дың атына бірқатар ұсы­ным қабылдады, оның ішінде: орман шаруашылықтарындағы өрт ошақ­тарын ерте анықтау жүйе­лерін пайдалануды кеңейту, еңбек­ақы төлеу үлгісін ауыстыру, ор­ман шаруа­шылықтары үшін қызмет­керлеріне тұрғын үй сатып алуға рұқсат беру, мониторингке пар­тиялық бақылау бекеттерін тар­ту және басқалар. Сонымен қатар ко­митет төрағасы орман өрт­­т­ері туын­­­даған жағдайда рес­пуб­­лика­лық штабты уақтылы құру­дың ма­­­ңыз­­­дылығына ерекше назар аударды.

«Республикалық деңгейде штаб қазірдің өзінде болуы, ол қажет болған жағдайда 1-2 сағаттың ішінде команданы жұмылдыруға тиіс. Себебі стандартты режімдегі ведомствоаралық өзара іс-қимыл әрдайым көлденең сұрақтар туғызады. Су тасқыны болған кезде Президент дұрыс шешім қабылдады, төтенше өкілеттіктері бар штаб құрылды. Осылайша, қазір де өртке қарсы жұмыстар бойынша төтенше штаб құру керек. Мемлекет басшысының нұсқауын күтіп отырудың қажеті жоқ», деп түйіндеді П.Казанцев.