Фото:gov.kz
Көктемгі су тасқыны кезінде облыстың Атбасар, Астрахан, Есіл, Целиноград, Бұланды, Аршалы аудандарындағы бірқатар білім ошағы зардап шеккен болатын. Іле оқу үдерісі онлайн жүргізілді. Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуде осы жағдай ескеріліп, түлектердің дайындалуына уақыт берілді. Ата-аналардың пікірінше, бұл – түлектерге жасалған тәп-тәуір қамқорлық.
«Ұлттық бірыңғай тестілеу мерзімінің ұзартылуы жақсы болды», дейді Атбасар ауданының тұрғыны Нұрлан Алпысбаев. – Бұл шешімді ең алдымен түлектерге жасалып отырған жанашырлық деп қабылдауымыз керек. Ата-аналар әрқашан балаларының болашағын ойлайды емес пе?»
Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш бергендердің білімін қапысыз сарапқа салуға барлық жағдай жасалған. Түлектерді тасымалдайтын көлік, жатын жерлері талапқа сай.
«Су тасқынынан зардап шеккен Атбасар ауданының түлектерінен ұлттық бірыңғай тест тапсыруға 1566 өтініш түсті», дейді Көкшетау қаласының ұлттық тестілеу орталығы филиалының жетекшісі Қуаныш Мұхамеджанов. – Ал Көкшетау қаласынан 6139 өтініш қабылданды. Ақмола облысында аталған өңірлерде тіркелу мерзімі ұзартылды. Ұлттық бірыңғай тестілеу 3 маусым – 12 шілде аралығында өткізіледі.
Филиал жетекшісінің айтуына қарағанда, жауапты науқан ұтымды ұйымдастырылып отыр. Елорда іргесіндегі су тасқынынан зардап шеккен білім ошақтарының түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуді Астана қаласында тапсырмақ. Тағы бір айта кететіні – Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімімен 2024 жылы талапкерлер негізгі ұлттық бірыңғай тестіні екі рет тапсырып, ең үздік нәтижесімен грант конкурсына қатыса алады.
Ақмола облысы