Әлеуметтік көшбасшы тәрбиелеуді мақсат еткен бұл жоба өткен жылдың қараша айында басталып, маусымға дейін созылған еді. Іріктеу турларына қатысуға 800-ден астам адам ниет білдіріп, 500 адам қатысқан. Соның ішінде 200 адам ғана онлайн білім беру платформасына қол жеткізіпті. Балалар көшбасшылық және жобалық қызметтен курстардан өтті. Теориялық бөлім соңындағы іріктеуден кейін 50 бала жартылай финалға шыққан. Жақында Алматы қаласында, Алатау баурайында осы балалар үшін 5 күндік лагерь-тренинг ұйымдастырылды. Нәтижесінде, қазылар алқасы финалға шыққан 37 оқушыны таңдады. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысынан төрт оқушы – Айдар Сартаев, Нұрдана Махамбет, Аружан Сексенбай, Абылай Серікқали бар.
Балалар Батыс Қазақстан облысының әр мектебінен жиналған. Айдар Сартаев Бәйтерек ауданына қарасты Январцево аулынан келсе, Нұрдана Махамбет – Орал қаласынан. Ал Аружан Сексенбай Ақсай қаласында оқиды екен.
Аружан жоба барысында жарық беруді жақсарту және шекараларды белгілеу үшін «Vision Zero» тұжырымдамасына сәйкес зерттеу жүргізіп, ұсыныс дайындапты. Ол өз идеясын шынайы өмірде жүзеге асыру үшін өзі тұратын Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсановпен жеке кездескен.
«Әуелгіде мен, мектеп оқушысы, өз идеямды аудан әкіміне дұрыс жеткізе аламын ба деп уайымдадым. Бірақ бәрі жақсы өтті. Өзім қатысып жүрген жоба аясында үйренген коммуникативтік дағдылардың арқасында сөзім сенімді шықты, өз идеяларымды жеткізе алдым, – дейді Аружан.
Жобаның соңғы кезеңі Астана қаласында өтеді. Мұнда үздік шыққан 6 жеңімпазға сыйлық ретінде шетелдік білім сапарына жолдама, дайындық курстарының гранттары және компьютер берілмек. Сондай-ақ үздіктер Алматыдағы инновациялық университеттің студенті атанбақ.
Батыс Қазақстан облысы