Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Өңір жұртшылығын әбігерге салған тасқын су сәбилердің есіміне әсер еткені байқалады. Азаматтық хал актілерді тіркеу басқармасының басшысы Алмагүл Төремұратованың айтуынша, Атырау қаласында тұратын бір отбасы дүниеге келген тұңғыш ұлын Тасқын-би есімімен атауды жөн көріп отыр. Ал Индер ауданындағы сәбидің біріне Тасқынбек есімі қойылған. Бұл – отбасындағы сегізінші бала.
Бір қызығы, екі ұл да бір күнде өмірге келген. Нәрестелердің туған күні – 29 сәуір.
Статистикалық мәліметке қарағанда, кейінгі кезде Атырау қаласында ата-аналар ұлына Мұхаммад есімін көп таңдайтыны байқалып отыр. Жыл басынан бері 32 сәбиге дәл осы есім қойылған. Ал 19 балаға Хамза, 15 ұлға Айсұлтан есімімен туу туралы куәлік беріліпті. Қыздардың арасында танымалдылығы тұрғысынан Айша есімі алдыңғы орында тұр. Осы есім 33 бұрымдыға қойылған. Бұдан соң 31 Медина, 29 Асылым, 27 Сафия есімі тіркелген.
Ал Жылыой аудандық орталық ауруханасының директоры Асулан Абдрахмановтың дерегіне қарағанда, 5 сәуірден мамырға дейін жүкті аналар 42 сәбиді дүниеге әкелген. Оның 20-сы ұл, 22-сі қыз. Құлсарыны тасқын басқан кезде іңгәлаған егіз ұл – жас отбасының төртінші және бесінші баласы. Сәбилердің бойы – 52 см. Екеуінің салмағы бірдей емес. Біреуінің салмағы – 3500, екіншісі – 3350 грамм.
Өмірге сәби әкелген ананың бірі – Құлсары қаласының тұрғыны Жұлдыз Жандосқызы 6 сәуірге қараған түнде босанған. Бірақ бірнеше сағаттан кейін Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы ауруханаға эвакуацияланған.
«Түн ортасында ұлымды босанған кезде Құлсары қаласына тасқын су кіріп, жұрт әбігерге түсіп жатқан еді. Бұл – тұңғыш сәбиім. Содан болар, ұлым үшін алаңдадым», дейді Жұлдыз Жандосқызы. Жас ананың айтуынша, ата-енесі немересіне Бекзат есімін берген. Алайда сәбидің бүркеншік есімі де бар.
«Біз оны Тасқынбай деп еркелетеміз. Өйткені ол су тасқыны кезінде өмірге келді. Туыстарымыз да осылай әзілдегенді ұнатады», дейді Жұлдыз Жандосқызы.
Атырау облысы