Аймақтар • 05 Маусым, 2024

Әуезов тұрған үй

133 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бар ғұмырын ұлт мәдениетін насихаттауға арнап, әлемге «Абай жолы» роман-эпопеясымен қазақтың мыңжылдық тарихын, салтын, дәстүрін дәріптеген кемеңгер жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің өмір жо­лына қатысты деректер, мұрағат материалдары қашанда құнды.

Әуезов тұрған үй

Алаш үкіметінің астанасы болған Семей қаласында Мұқаңа қатысты тарихи орындар мен ғимараттар жетерлік. Солардың бірі – 1918-1920 жыл­­дары жазушы тұрған қала ор­талығындағы академик Павлов кө­шесі, 70 мекенжайында орналасқан тарихи ғимарат. Бұл үйді Мұхтар Омар­ханұлының тұрақ еткені туралы жеке іс парағында жазылған. 1919 жылғы қараша айында М.Әуезов семинария­ны бітіріп, бастауыш мектепке сабақ беру құқына ие болады. Семей губерниясында кеңес өкіметі орнағаннан кейін ол біршама билік қызметіне араласады. 1919 жылдан бастап ол губерниялық революциялық комитетте бөлім басқарады. Облыстық мемлеттік ар­хивте М.Әуезовтің Семей гу­бер­ниялық ревкомы бөлімшесінің меңгерушісі болып жүрген кездегі жеке ісі сақталған. Мұрағат материалында осы үйде тұр­ғандығы көрсетілген.

Тарихи үй 1869 жылы салынған. Үйдің жалпы аумағы – 251,8 текше метр. Іргетасы бетонды, ленталы. Қабыр­ғала­ры 2,5 кірпіштен қаланған. Төбесі ағашпен жабылып, темір шатырмен шатырланған, едені тақтай. Терезе мен есіктері қолдан қарапайым түрде жасалған.

Тарихи ғимарат Больничная көшесі 62, Демьян Бедный көшесі, 11-13 деген мекенжайды иеленсе, бүгінгі күні Семей қаласындағы академик Павлов көшесі, 70-үй деп өзгертілген. Бұл үйде тек қана Мұхтар Әуезов емес, Алаш арыстары Әлихан мен Ахмет, Міржақып пен Сұлтанмахмұт сынды тұлғалар аялдағаны туралы тарихи деректер бар.

 

Семей