Әлем • 07 Маусым, 2024

Жасыл экономикаға көшу мәселесі талқыланды

45 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әзербайжан астанасында түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) ХІІІ пленарлық отырысы және Ассамблея кеңесінің отырысы өтті. Іс-шараларға Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы қатысты.

Жасыл экономикаға көшу мәселесі талқыланды

Түркі мемлекеттері парламенттері басшыларының бұл жолғы кездесуі «Түркі Әлемі алдындағы жасыл көкжиектер: жасыл күн тәртібіне қол жеткізудегі парламенттердің рөлі» тақырыбына арналды.

Сапар Әзербайжан Республикасының Прези­денті Ильхам Әлиевтің парламент­тер делегацияларының басшыларымен кез­десуінен басталды. Әзербайжан басшы­сы түркі мемлекеттерінің табысты ин­тегра­циясындағы заң шығарушы органдардың рөлін атап өтті. Мәжіліс спикері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен жылы лебізін жеткізді.

– Бүгінде Қазақстан мен Әзербайжан байланысы үлгі боларлық деңгейде. Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Сіздің аралары­ңыздағы тығыз сенімді диалог – біздің табыс­ты ынтымақтастығымыздың кепілі. Қазақстан мен Әзербайжан парламенттері де осындай сенім мен ынтымақтастық рухында жұмыс істеп жатыр деп сеніммен айта аламын, – деді Ерлан Қошанов.

ТүркПА Кеңесінің отырысында Ұйымға төрағалық етуді Әзербайжан Республи­касының Милли Мәжілісі қабылдады.

Пленарлық сессияда сөз сөйлеген Ерлан Қошанов ТүркПА Қазақстанның бастамасымен түркі бірлігін нығайту үшін парламенттік алаң ретінде құрылғанын атап өтті. Кейінгі 15 жылдан бері ұйым бұл миссияны сәтті орындап келеді.

Жиын тақырыбының өзектілігіне тоқ­тал­ған Мәжіліс спикері жасыл энергети­каға көшу және көміртегі бейтараптығы Ұйым­ға қаты­сушы елдер үшін климаттық күн тәр­ті­біндегі ортақ мақсат екенін атап өтті.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған ерекше көңіл бөліп отыр. Қазақстан климат бойынша халықаралық шарттар міндеттемелеріне қол жеткізуге бағытталған жұмысты жүргізіп келеді. Мәселен, былтыр 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы бекітілді. Су және Салық кодекстері әзір­леніп жатыр. Құжатта «Жасыл күн тәртібі» еске­рілуде. Парламент бұл жұмысқа толығы­мен атсалысып келеді, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы «Жасыл Қазақстан» ұлт­тық бағдарламасының жүзеге асырылу ба­рысы туралы ақпарат берді. Оның аясында эко­жүйені қорғау бойынша ауқымды жоба­лар қолға алынғанын айтып, климаттың өз­геруіне қарсы күрестегі Әзербайжанның бас­­та­маларына қолдау білдірді. Осыған бай­ла­ныс­ты Ерлан Қошанов Әзербайжанға биыл қараша айында Бакуде өтетін Біріккен Ұл­ттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіз­демелік конвенциясы (COP29) тараптары­ның 29-конференциясының табысты өтуін тіледі.

Сонымен бірге Мәжіліс спикері жасыл экономика тауарлары мен қызметтерінің стандарттарына ортақ көзқарас қалыптастыру қажеттігіне назар аударды.

Кездесуде тараптар ТүркПА елдеріне арнал­ған бірқатар модельдік заң қабылдау мәсе­­лесін де талқылады. Олардың қатары­нда жеке деректерді қорғау, еңбек нары­ғы­ның та­лаптарына сай кадр даярлау, сау­да өкілдік­тері, айналымға шығарылатын өнім­дердің қауіпсіздігі мен сапасы және темекі өнімдерін пайдалануды шектеу туралы заң жобалары бар.

Ассамблеяның XIII отырысы алаңында негізгі сессиядан бөлек депутаттардың қатысуы­мен парламентші әйелдердің, жастар тобының, сондай-ақ ТүркПА аясындағы Парламент аппараттары басшыларының кездесулері өтті.

ТүркПА-ның XIII пленарлық отырысының қорытындысы бойынша қатысушылар Баку декларациясын қабылдады.

Сондай-ақ отырыс күні парламенттер спикерлері Әзербайжан ұлтының көшбас­шысы Гейдар Әлиевтің рухына тағзым етіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.