Аймақтар • 07 Маусым, 2024

Абаттандыру ережесіне өзгеріс енгізіледі

64 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан облысында тұрғындардың экологиялық сауатын көтеру, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған іс-шаралар жүйелі өткізіліп келеді. Мысалы, күні кеше Сарыағаш ауданының Дарбаза, Жартытөбе ауылдық округтерінде және аудан орталығында ішкі көшелердің бойындағы күл-қоқыстарды, арық-атыздарды тазалау, шөптерді ору жұмыстары жүргізілді.

Абаттандыру ережесіне өзгеріс енгізіледі

Жалпы, Сары­ағаш ауданы аума­­­ғын­­да жыл­ басынан бері 73 сен­бі­лік өткізілген. Сенбілік барысында 500 көше, 161 шақырым аяқ­жол, 200 шақырым арық-атыздар, 103 шақырым ирригация жүйелері тазаланды. Сонымен қатар 37 аялдама, 34 саябақ пен скверлер, 47 спорт алаңшасы сырланып, реттелді. Сенбіліктерге 20 000 адам қатысып, 343 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 676 тонна күл-қоқыс арнайы орындарға тасымалданды. Сондай-ақ табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жасыл аймақ» КММ тарапынан берілген 31 700 түп ұзақ жылдық ағаш көшеті қала және 13 ауылдық округ аумақтарына, демеушілер есебінен Сарыағаш қаласы және Қапланбек ауылдық округінде 4 200 ағаш және гүл көшеттері егілді.

«Біз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жалғастырамыз және апта сайын пысықтап отырамыз. Облыс аумағы таза болса, қоғам да, қоғамның ойы да тазарады. Қоғам болып кіріскенде ғана аймақ тазарып, ажары ашылады», деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды тазалық жұ­мыс­тары сараланған мәжі­лісте. Ал жиынға қатыс­қан Президент Әкімші­лі­гінің мемлекеттік инспекторы Ерлан Исабеков бұл бастаманың әрбір өңірде сапалы өтуі тұрақты бақылауда екенін айтты. «Түркістан облысында акция аясында көптеген жұмыс атқарылды. Мем­лекет басшысы бұл бас­таманы тұрақты негізде жалғастыруды тапсырды. Осыған байланысты әкімдіктер халықтың эко­логиялық мәдениетін да­мытудың 2024–2029 жыл­дарға арналған өңір­лік жос­парларын әзірлеуі қа­жет. Қазіргі қол­да­ныс­тағы абаттандыру қағи­да­сы тиісті деңгейде әзір­лен­беген, сондықтан орын­далуы ақсап тұр. Бұдан бөлек, қағидада аумақтарды күтіп ұстауға және тазалауға байланысты көптеген мәселе ескерілмеген. Бұл орайда, Президент Әкімшілігі тарапынан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне абаттандыру ережесіне өзгерістер енгізу жөнінде нақты тапсырма берілді. Жаңа қағидада меншік иелерінің жеке және іргелес аумақтарды күтіп-ұстауы, елді мекендердің және ғимараттардың сыртқы архитектуралық келбетін жақсарту мәселелері қарас­ты­рылуда. Сондай-ақ қыс мезгілінде аумақтарды жинау, қарды, мұзды және қоқысты жинаудың нақты мерзімдері мен әдістері көрсетіледі. Бұл жұ­мыс­тар­ды атқаруда тұр­ғын­дар мен бизнес өкіл­де­рінің қатысуына басым­дық беріледі», деді Ерлан Исабеков.

Түркістан облысында таза­лық науқаны аясында 1 408  іс-шара өткізілген. Оған 2 156 мемлекеттік орган, 3  204 бизнес өкілі, 74 мыңға жуық тұрғын атсалысқан. Сондай-ақ өңірде полиция де­пар­таменті құ­ры­­лым­да­рымен облыс аумағын абаттандыру қа­ғи­­далары мен ортақ пай­далану орындарын лас­тау фактілерінің анықтау бағытында кешенді шаралар атқарылып келеді.  Жыл басынан бері Әкімшілік кодексінің 505 бабы бо­йынша 3 597 ескерту жасалып, 139 тұлғаға әкімшілік айыппұл, ал 10 614 тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар рәсімделіп, 146 млн теңге айыппұл салынған. Әкімшілік кодексінің 630 бабы бойынша 2 920 тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар рәсімделіп, 13 млн теңгеден астам айыппұл салынып отыр. Экология Кодексі талаптарының сақ­талуына қатысты жүр­гізілген 115 тексеру жұ­мыс­та­рының нәтижесі бойынша 478 экологиялық заң бұзушылық анықталып, 145 нұсқама берілген, 462 жеке және заңды тұлғаларға әкім­шілік айыппұл салын­ған.

 

Түркістан облысы