Ақсудың Алғабас аулында жуықта шағын жылыжай пайда болды. Небәрі 260 шаршы метр жерге жайғасқан кешен облыс орталығының тұтынушыларын арзан көкөніс өнімдерімен қарық қылуды көздеп отыр. Жылыжай иесі, «Тамыр-Компани» жеке кәсіпорнының басшысы Дархан Әлпейісов алғашқы маусымда бұл жерге қияр мен қызанақ, болгар бұршағын, аскөк, шалғам, пияз еккенін айтады.
– Жылыжайға тұқым мен көшеттерді еккеніме бір айдан енді асты. Азықтық өсімдіктердің көшеті жылы ауа райын жақсы көреді. Сондықтан жылыжайды үнемі жылытып, бірқалыпты температура ұсталып тұр. Бұл бизнеске 12 млн теңге инвестиция құйдым. Оның 5 млн теңгесін мемлекет грант ретінде берсе, өзгесі жеке қаражат. Барлық қажетті тұқымды жергілікті дүкендерден сатып алдым. Қазір шаруашылығымда екі қызметкерім бар. Олардың санын алдағы уақытта төртеуге жеткізу жоспарда тұр. Ал өнім жинала бастаған уақытта маусымдық жұмыстарға қосымша адам күші тартылады, – дейді жас кәсіпкер.
Дарханның алғашқы мамандығы – әскери штурман. Ақтөбедегі әуе қорғанысы саласында әскери ұшақ штурманы болып біраз уақыт еңбек еткен. Әскери қызметте 10 жылдай жүріп, Аягөз, Алматы, Павлодар қалаларында болыпты. Келісімшарты аяқталған соң көптен бері көкейінде жүрген бизнес идеясын жүзеге асыруға бірден кірісіп кетіпті. Айтуынша, жылыжай шаруашылығын құру, көкөністерді егу әдіс-тәсілдерінің барлығын интернеттен, әлеуметтік желідегі танымал блогерлерден үйренген. Көктеп шыға бастаған көшеттерді алғашқыда қарды ерітіп, соның суымен суарып келген. Алдағы күндері жылыжай жанынан құдық қазып, қажетті суды содан тартып шығармақшы. Еңбекқор азамат өнімі жақсы шықса, алдағы уақытта бұл жерге құлпынай егіп көрмекші.
Сөз соңында кәсіпкер Павлодар қаласындағы сауда-саттық нүктелері жылыжайдың болашақ өніміне сұраныс жасап отырғанын жеткізді. Облыс орталығындағы «Jailau» фермерлік базарында және «Рахат» көтерме-бөлшек базарында сату көзделген. Болашақта шаруашылығы кеңейе түссе, еліміздің оңтүстігі мен Қырғызстаннан тасылатын көкөніс өнімдерінің бір бөлігін қамтамасыз ету жоспарында бар.
Павлодар облысы