Экология • 06 Маусым, 2024

Экологиялық білімді насихаттайды

130 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жақында Астана қаласында «Қазақ­станда экологиялық білім беруді ілгері­лету» атты конференция өтті. Оған мемлекеттік мекемелер өкілдері, ғалым­дар, экологтер және мектеп директорлары қатысты. Іс-шарада экологиялық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері талқы­ланды. Сондай-ақ жиын аясында «Эко­мек­теп» инновациялық білім беру курсы іске қосылды.

Экологиялық білімді насихаттайды

Фото: bilimdinews.kz

Бұл Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Азаматтық қолдау орталығының» қолдауымен Қазақстан Экологиялық қорының «Экологиялық мәдениетті арттыру және жастар мен балалар үшін қолайлы экологиялық жағдай жасау жөніндегі кешенді шаралар» жобасы аясында жүзеге асты.

Экомектеп – 1-4 және 5-9 сынып оқушыларына әзірленген кітап. Бұл жинақ экологиялық білімді насихаттайды. Мұнда қоршаған орта туралы түрлі тұжырымдамалар тартымды жазылған. Сондай-ақ студенттерге тұрақты өмір салтын ұстану үшін тәжірибелік кеңестер мен нұсқаулар ұсынады.

Қазақстан Экологиялық қорының жетекшісі Айгүл Абдуалиеваның айтуынша, экомектеп – жастарды қоршаған орта мәселелеріне тартуға бағытталған маңызды қадам.

«Экомектептің мақсаты – оқырмандарды іс-әрекетке ынталандыру. Бұл кітап ақпарат беріп қана қоймайды, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғауға үндейді. Экологиялық тұрақты өмір салтын өзгертуге көмектесетін кеңес береді. Біздің әрбір кішкентай іс-әрекетіміз планетамыз үшін үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін», деді ол.

 

Ақбота Белдеуханқызы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті