Үкімет • 07 Маусым, 2024

Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккендерге салынып жатқан үй құрылысын тексерді

45 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды, деп жазады Egemen.kz.

Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккендерге салынып жатқан үй құрылысын тексерді

Фото: primeminister.kz

Премьер-министр сапар аясында аймақтағы су тасқынынан зардап шеккендерге салынып жатқан үйлердің сапасын тексерді.

Ол Петропавл қаласындағы Бірлік ықшам ауданында жаңадан бой көтерген үйді аралап, жаңа баспана кілтін алған отбасы мүшелерімен де әңгімелесті. Олжас Бектенов ауқымды су тасқынының салдарын жоюда түсіністік танытып, көмектескені үшін тұрғындарға алғысын білдірді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың барлығының баспанасын қалпына келтіру мәселесін ерекше бақылауда ұстап отыр. Солтүстік Қазақстан облысы қаладағы су басқан ықшам аудандардағы үйлердің құрылысын алғашқылардың бірі болып аяқтады. Біздің басты міндетіміз – зардап шеккендердің барлығын суық түскенге дейін үйлеріне көшіру», деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы әкімдікке салынып жатқан үйлердің маңын абаттандыруды қоса тапсырды.

Өңірде барлығы 700 үй мен 90 орындық балабақша салынып жатыр. Жақында ғана отбасыларға 53 үйдің кілті берілді. Маусым айының соңына дейін тағы 47 үй беру жоспарланса, 600 үйдің құрылысы биылғы тамыз айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. 

Сондай-ақ сапар барысында Олжас Бектенов қалпына келтіруге болатын үйлерді жөндеу жұмыстарымен танысты. Солтүстік Қазақстан облысы – су тасқыны салдарын жоюға механикаландырылған бригадалар тартылған жалғыз өңір. Мәселен, тек Ойқала ықшам ауданында 1 133 үй су басу аймағында болды, оның 309-ы жөндеуді қажет етеді. Жұмыстарды 24 мехбригада кезең-кезеңімен орындап жатыр, Петропавл бойынша осындай 85 құрама бар.