Қазақстан • 07 Маусым, 2024

Қазақстан делегациясы VI Этноспорт мәдени фестиваліне қатысып жатыр

43 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

20-дан астам елден 1000-нан астам спортшы мен мәдениет саласының өкілдері  жиналған VI Этноспорт мәдени фестиваліне Қазақстан делегациясы қатысып жатыр. Іс-шараТүркияның Ыстамбұл қаласында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан делегациясы VI Этноспорт мәдени фестиваліне қатысып жатыр

Фотолар: disk.yandex.kz

Фестиваль аясында 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары стилінде безендірілген Қазақстан тіккен киіз үй тамашаланды.

disk.yandex.kz

4 күн өтетін фестивальде қазақ балуандары Біржан Қосалиев пен Сырым Ізбасаров аударыспақ спорты бойынша өнер көрсетті. Қос балуан да – Қазақстанның және Азияның бірнеше дүркін чемпионы, сондай-ақ 2-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының жеңімпаздары. Сонымен қатар Нариман Әсімжан мен Азат Түлкібай Түркия төрінде ұлттық спортымыз теңге ілуді таныстырды.

Фестиваль шеңберінде Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының президенті Неджметтин Билал Ердоған ұлттық спорт федерацияларының басшыларымен кездесті.

Кездесу барысында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов: «5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына дайындық қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі уақытта оған 84 мемлекет қатысатынын растады. Біз барлық елдің делегациясын қыркүйекте дүбірлі доданы тамашалауға шақырамыз», деді.

disk.yandex.kz

Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы дәстүрлі спорт түрлерін сақтай отырып, оларды дамыту мақсатында аталған фестивальді 6-шы жыл қатарынан өткізіп келеді.