1907 жылы Сұлтанмахмұт Торайғырұлының көзіне инфекция түседі. Дерті меңдеп, үдей бастайды. Қайбір дәрігерге 3 ай бойы қаралып, ем қонбайды. Қалтасына да біршама ауырлық түседі. Күзде Әбубәкір Алдиярұлына қаралады. 1908 жылы ақынның көзіне күрделі ота жасайды. 1913 жылы Сұлтанмахмұт «Қазақ» газеті арқылы Әбубәкір дәрігерге алғыс айтады. Мұнда «Әбубәкір мырзаның «қазағым-қандасым» деп халімді біліп, тегін қарап тұрғанына шын көңілімнен Тәңірі жарылқасын айтамын» делінген.
Құпиясы жоқ қабырға
«Сыбырлайды төңірек, сыбырлайды, Көңіл желі әр шиді бір ырғайды» деп жырлайды Жұмекен. Осы өлеңді оқығанда сыры көп сыбыр туралы бір қызық еске түсті.
Екі адам сыбырласып-күбірлесіп отырса, мәдениеттілік танытып естімеуге, естісек те естімегендей кейіп танытуға тырысамыз. Бірақ әлемнің мына бір нүктесіне барсаңыз, 100 метр жердегі әлсіз сыбырдың өзі күн күркірегендей естіледі екен. Қай жерде екен деп қызығып отырған шығарсыз. Ол – Аустралияның Аделаида қаласының Баросса суқоймасы. XIX–XX ғасырларда салынған. Акустикалық қасиеттері үшін бөгет «Сыбырлайтын қабырға» деп атанып кеткен. Қабырғаның бір шетінде айтылып жатқан сөз екінші жағында жаңғырып жатады.
Айдан түскен топырақ
Қытайдың «Чанъэ-6» ғарыш кемесі Айдың арғы бетінен сынамаға топырақ жинады. Бұл хабарды сол елдің ұлттық ғарыш басқармасы хабарлады.
Кеме Айға мамыр айында аттанды. Ал 2 маусымда діттеген жеріне жетті. Қайтар уақыты – осы айдың 25-і. Қытайдың Ішкі Моңғолия аймағына қонуға тиіс. Еске сала кетейік, Айдың арғы жағы Жерге қарап тұрған жоқ, ойлы-қырлы. Ай бағдарламасы Жердің спутнигінде өмір сүруге қолайлы база құру мақсатында ауқымды зерттеу үшін қажет. Айдан түскен топырақ Қытайға Жер серігінің пайда болуы туралы негізгі деректерді бермек.