Қоғам • 07 Маусым, 2024

«Халық заңгерінен» кеңес алғандар көп

42 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің бірнеше өңірінде қатар өткен «Халық заң­гері»­ республикалық акциясы Астана қаласында да ұйым­дас­тырылды. Бұл күні тұрғындар заң саласының мамандарынан тегін заңгерлік кеңес алды. Кеңес беруге келген тұлғалар қатарында мемлекеттік қызметкерлер, жеке адвокаттар, нотариустар болды.

«Халық заңгерінен» кеңес алғандар көп

«Халық заңгері» акциясы дәстүрлі түрде 2016 жылдан бері өтіп келеді. Күні бүгінге дейін осы іс-шараға 8 мыңнан астам үздік сарапшы мен түрлі мемлекеттік орган өкілдері қатысып, құқықтық көмекке жүгінген 165 мыңнан астам тұрғын кеңес алған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі превенция қызметі басшысы­ның орынбасары Жігер Байгелдин­нің айтуынша, «Халық заңгері» республикалық акциясы­­­ның бас­ты мақсаты – халықтың құқық­тық сауаттылығын арттыру, тегін құқықтық көмек көрсету.

«Науқанға қаламыздың 80-ге жуық білікті заңгері мен мемлекет қызметшісі жиналып отыр. Сонымен қатар заңгерлер тұрғындардан түскен құқықтық сұрақтар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіліп жатыр. Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл акцияға жыл сайын белсенді қатысады. Өйткені тұрғындарға құқықтық көмек көрсету превенция жұмысының бір бағыты саналады. Жұртшылық көбіне-көп жер, ПИК, МИБ мәсе­­­­лелерімен келіп жатыр. Осы науқанда түскен сұраныстар бо­йынша тұрғындарға тиісті кеңес береміз. Мәселенің шешім табуын­ соңы­на­ дейін бақылаймыз», дейді Ж.Байгелдин.

Науқан басталарда кеңес алуға келгендер көп бол­ды. Әр адамға жеке адвокат­тар, мемлекет қызметшілері мен­ нотариустар көмек көрсет­­ті. Бірі­нен шығып, екінші маманға жүгінген тұрғындар жетерлік. Олардың ішінде тұрғын үй, мұрагерлікті заңнамалық реттеу, алаяқтық, жеке тұлғалардың банкроттық рәсімдері, алимент сынды мәселелермен жүгінгендер қарасы қалың. Мысалы, Астана қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инс­пекция басқармасының маманы­ Сапар Әділжанның айтуын­ша, қарапайым, үй кезегін білуге келетіндердің өзі аз емес көрінеді.

«Тұрғын үй мәселесі бойынша кеңес алуға келетіндер жыл сайын көбейіп жатыр. Азаматтар арасында тұрғын үй кезегі бойынша, атап айтқанда, кезекке тұру мәселесіне қа­тыс­ты сұрақтар көп. Осыған қоса мемлекеттік тұрғын үй бағ­дар­ламаларына қатысты сұрақ­тар түсті. Қойылған сауал­дарға толық жауап беруге тырыс­тық. Дегенмен бірлі-екілі шешімін таппаған сұрақ болды. Алда олар бойынша байланысқа шығып, ресми жауап қайтарамыз. Бізге келген әр адамның өтініші жерде қалмайды», дейді С.Әділ­жан.

Акция барысында тегін кеңес алуға келген әрбір тұрғынға маман­­дар құқықтық, заңгерлік көмек көрсетті. Ал кейбір күрделі мәселелерге қатысты сауалдарды құзырлы ор­ган­дар тіркеп, соңына дейін жеткізуге уәде берді.

 

Жания Әбіл,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті