17 Қаңтар, 2015

Ағылшынша-қазақша онлайн сөздік

4597 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Агылшынша-казахша создик-2 Жуырда  ағылшынша-қазақша онлайн сөздік ашылды, адресі: www.eng-kaz.kz. Бұл тек қана сөздік емес, аудармаға қажет көмекші құрал. Еңбектің туу тарихы мен басқа да мәліметтерді аталған сайттан табуға болады. Осы сайтты ашқандағы мақ­сат – қазақша – шет тілінше – қазақша сөздіктерді насихаттау. Осы ретте шығарушылар назарына 2013 жылы шыққан үлкен ағылшынша-қазақша сөздіктің І томы шалынып, қызығушылық туғызған. Содан кейін сөздік авторының рұқсаты алынып, осы сөздіктің онлайн нұсқасын жасауға талпыныс жасалыпты. Ескертетініміз – алдары­ңыздағы еңбек жоспарланған сөздіктің бестен бір бөлігі ғана. Себебі, оның келесі бөлімдеріне автор енді ғана кірісуде. Жобаның мақсаты – қазақ тілді ақпарат кеңістігін ұшы-қиыры жоқ мұхитқа ұқсаған ағылшын тіліндегі ақпарат әлемімен тікелей байланыстыратын ағылшын-қазақ тілдік арнасын түзу. Бұл еңбекке «Oxford Advanced Learner’s Dictionary of Current English» ағылшын тілінің тү­сіндірме сөздігі негіз болды; сөз­дікке ендірілген сөздерді қолдануға қатысты мысалдардың, идиомалар мен фразалық тір­кестердің басым көпшілігі жоғарыда аталған сөздіктен алыныпты. Бұл жерде сөздердің қазақ тіліндегі эквиваленттерін тауып қана қоймай, қазақ тілінің табиғаты мен сөз саптау дәстү­рін, сондай-ақ, стилистикалық ерекшеліктерін сақтай отырып аударуға жете мән берілген.  Айта кету керек, сөздікті құрастырғанда қолданылған осындай тәсіл ағылшын сөздерінің қазақша баламаларын кеңінен қамтып, олардың стилистикалық реңктерін де нақтылай түсуге үлкен септігін тигізген. Сөздіктің қорын кеңейту, сондай-ақ, таныстырма сөздердің мән-мағыналарын анағұрлым толық қамту мақсатымен «Webster’s Encyclopedic Una­bridged Dictionary of the English Language» және «Longman Dic­tionary of Contemporary English» сөздіктері де қолданылды. В.К.Мюллердің «Большой англо-русский словарь» сөз­дігі және орысша-қазақша-орысша сөздіктердің (Русско-казахский словарь. I – II тома под редакцией Г.Г. Мусабаева, Н.Т. Сауранбаева (1978-1981); Казахско-русский сельскохозяйственный словарь, Тлемисов Х., Рамазанов Е., Алматы, Кайнар, 1994; www.sozdik.kz (орысша-қазақша-орысша интернет сөздігі); Қазақша-орысша сөздік, русско-казахский словарь под редакцией Р.Г.Сыздыковой и К.Ш.Хусаина, Алматы 2008; Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов, Алматы (2008) көмегімен жан-жануарлар мен өсімдіктер, минералдар мен басқа да ғылыми немесе қалыптасқан, жалпы мойындалған терминдер мен түсініктердің аттары мен атауларының қазақша баламаларын табуға да талпыныстар жасалды. «English-Urdu, Urdu-English Dictionary» сөздігі қазақ тіліне араб, парсы және басқа да шығыс тілдерінен енген сөздердің (мысалы, зирә, бадам, дәліз, һақ, құқық, пенде, перзент және т.б.) табиғатын тануға септігін тигізді. Бұл еңбектің көзделген үлкен жобаның бестен бірі ғана екендігіне қарамастан, оны ағылшынша-қазақша сөздіктер құрау саласындағы тың әрі ірі қадам деп нық айтуға болады. Тек әртүрлі тілдік және көптеген салалық сөздіктерді құрастыру, сондай-ақ, оларды кеңінен қолдану арқылы ғана қазақ тілінің деңгейін көтеріп, оған қазіргі заман ағымымен бірге жылжуға мүмкіндік тудыруға болады. Бұл еңбекті жалпы линг­вис­тикалық сөздік әрі аударма ісіне қажет көмекші құрал ретінде қарастырған жөн. Сөздік ғылыми тұрғыда, көптеген мы­салдар арқылы ағылшын тілі­нен қазақшаға толыққанды аудармалар жасау мүмкіндігін кеңейтеді. Осылайша бұл еңбек қазақ­тілді ақпарат кеңістігінің қазіргі орыс тілінде бар әрі ор­ныққан ақпа­рат көздерімен қатар, ағылшын тіліндегі ақпа­рат қайнарла­рына да жол ашуы­на септігін тигіз­бек. Үлкен сөздікті құрастыру ірі энциклопедияны құрастырумен тең: үлкен ғылыми еңбекті түрлі ғылыми көздер мен көптеген салалық сөздіктерсіз жасау мүмкін емес. Сондықтан да, ойластырылған жобаның бестен бірін тындыру үшін он бес жылдай уақыт кетті. Бұл – көптеген сарапшы-филологтардың, ғылы­ми институттардың және де қоғам өкілдерінің қауырт та қоян-қолтық жұмысын қажет ететін үлкен еңбек. Сондықтан да, бұл сөздік қазақстандық және шетелдік лингвистердің, филологтардың, сондай-ақ, ғылымның басқа да салалары өкілдерінің назарын өзіне аударады деген ойдамыз. Бұл өз кезегінде тың ғылыми идеялар мен бастамалардың пайда болуына да септігін тигізері сөзсіз. Егер, сөздікке қатысты сауал­­да­рыңыз, ескертпелеріңіз, ұсы­ныс­­­тарыңыз, тілектеріңіз не қо­сым­ша­ларыңыз болса, мына элек­трон­ды поштаға жолдауға мүм­кін­­дік бар: engkazkz@gmail.com. Сәулебек БІРЖАН.