Суреттерде: Батыс Қазақстан облысында ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған Құралай Есенғожина мен Әли Ахмет. Сурет БҚО білім басқармасының баспасөз қызметінен алынды.
«Биыл мектеп бітіруші түлектердің 233-і «Алтын белгіге», ал 328 оқушы «Үздік аттестат» алуға үміткер», дейді облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.
Өңірде болған алапат су тасқынына байланысты оқушылардың Ұлттық бірыңғай тестілеуден өту күндері бір аптаға шегерілген еді.
«ҰБТ тапсыруға ниет білдірген мектеп бітірушілер Ұлттық тестілеу орталығының сайтына электронды түрде онлайн тіркеледі және тестілеуден өту орнын, күнін, уақытын өздері таңдайды. Біздің облыста Ұлттық бірыңғай тестілеу «UStudy» орталығының 2 пунктінде – Орал және Ақсай қалаларында 27 мамыр – 12 шілде аралығында өтіп жатыр», дейді Орал қаласының ұлттық тестілеу орталығы филиалының жетекшісі Әлібек Сұпығалиұлы.
Облыстық білім басқармасы ұсынған ақпаратқа қарағанда, қазіргі таңда 2300-ден астам түлек тестілеуден өткен. 14 оқушы 130 балл және одан жоғары балл жинаған. Облыста әзірше ең жоғары балл – 136. Осы балды жинаған «Abyroi school» жеке мектебін бітіруші Құралай Есенғожина. Шәкіртінің жетістігіне ұстаздары Есболат Нәсиев, Айгүл Құрманғалиева, Нұрболат Ерғалиев, Әсел Әбсәламова да ерекше қуанып жатыр. География-математика бағытын таңдаған Құралай бұған дейін география пәнінен өткен қалалық олимпиадада 1-орынға, облыстық олимпиадада 2-орынға ие болған екен. Яғни өңірдегі ең жоғары ұпайды қанжығасына байлауы кездейсоқ емес.
Сөз реті келгенде айта кетейік, дәл осы «Abyroi school» мектебінің түлектері Әли Ахмет – 135, Амандық Баян – 132, Айым Паңгерей мен Аида Қажымұратова – 131, Дижан Маширов 130 ұпай жинап, үздік нәтиже көрсеткен. «Бұл – біздің шәкірттеріміз бен ұстаздарымыздың тынымсыз еңбегі мен күш-жігерінің нәтижесі», дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жадыра Болатқызы.
Еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігі су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың 11-сынып оқушылары ҰБТ кезінде төмен балл алып қалған жағдайда, ақылы ҰБТ кезінде алған жоғары ұпайы білім грантын тағайындау кезінде есепке алынатыны жөнінде хабарлаған болатын. Бұл жеңілдік Батыс Қазақстан облысына да қатысты. Жыл сайын жүздеген жас үшін облыс әкімінің гранты бөлінеді. Оның басым көпшілігі – өңірге өте қажетті жалпы медицина, педагогикалық мамандықтар. Қазіргі таңда облыстың еңбек нарығында тапшы болып тұрған мамандықтар жөнінде ақпарат жинақталып, өңделіп жатыр. Содан кейін жергілікті гранттар туралы ақпарат облыс әкімдігінің және білім басқармасының ресми сайтында жарияланады.
Айта кетейік, батысқазақстандық мектеп түлектеріне орта білім туралы аттестат табыстау рәсімі «Жолың болсын, жас түлек!» деген атаумен 14 маусым күні өтеді.
Батыс Қазақстан облысы