Фото: satbayev.university
Атырау облыстық білім басқармасы мектепке дейінгі және орта білім беру бөлімінің бас маманы Дина Стамғалидың айтуынша, Оқу-ағарту министрлігінің шешіміме сәйкес Махамбет ауданында барлық мектептің, Жылыой ауданындағы 4 білім ордасының оқушылары аралық және қорытынды емтихандардан босатылды. Алайда 11-сынып оқушылары ҰБТ тапсырудан босатылған жоқ. Ал 9-сыныпты бітіргеннен кейін оқуын колледжде жалғастыруға ниетті оқушылар қабылдау емтиханын тапсыруы керек.
Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы оқу жылын 204 мектептің 149 187 оқушысы аяқтады. Оның ішінде 9-сыныптың 12 700 оқушысы бар. Білім ордаларындағы 11-сыныпты 6 мыңға жуық түлек бітіреді. Білім ордасымен қоштасатындардың арасында 125 түлек «Алтын белгі», ал 329 оқушы «Үздік аттестат» алуға үмітті.
Жылыой аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлжансара Таңатарованың мәліметінше, мұнда жалпы білім беретін 20 орта мектеп бар. Мектептің дені Тасқын судан зардап шеккен Құлсары қаласында орналасқан.
«Биыл аудандағы білім ордаларын 684 түлек бітіреді. Ал 9-сыныпты бітіретін 1606 оқушы бар. Бұл оқушылардың 30 пайызы оқуын колледждерде жалғастыруға ұйғарым жасады. Мектеп бітіретін түлектердің басым бөлігі ҰБТ тапсыруға шешім қабылдап отыр. Қазір 617 түлек ҰБТ тапсыру үшін өтініш берді. Бір түлек денсаулығына байланысты Атырау облыстық білім басқармасы басшысының бұйрығымен мемлекеттік емтиханнан босатылды», дейді Гүлжансара Таңатарова.
Білім басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, 5252 түлек ҰБТ тапсыруға өтініш беріп отыр. Атырау және Құлсары қаласында ҰБТ пункттері бар. Тасқын судан зардап шеккен облыстардың бірінде тұрғанымен, атыраулық түлектер өзге өңірлердегі қатарластары секілді баршаға ортақ тәртіппен ҰБТ тапсырады.
Бұл орайда мұнайлы өңір түлектеріне алабөтен жеңілдік жасалып отырған жоқ. Дегенмен Ғылым және жоғары білім министрлігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Қазақстан жоғары оқу орындарының ауқымды көрмесін өткізді. Мақсат – Атырау облысының жастарына бөлінген нысаналы білім гранттары туралы ақпарат беру. Көрмеге алғашқы күні ақпарат алуға 2 мыңға жуық талапкер келді.
«Атырау облысының талапкерлері үшін 1200 білім гранты бөлінді. Биыл мамандықтардың саны артып, білім гранттары 9 бағытты қамтып отыр. Атырау өңірінің түлектері үшін мамандық таңдаудың мүмкіндігі көбейді. Бұл көрмеде білікті мамандар талапкерлерге мамандықты сәтті таңдаудың жолын көрсетіп, нарықтағы сұранысқа ие салалар туралы кеңес берді. Жоғары оқу орындары туралы толыққанды мәлімет ұсынды», деді министрдің кеңесшісі Руслан Емелбаев. Оның айтуынша, министрлік батыстағы, сондай-ақ халық тығыз қоныстанған, жаңадан құрылған өңірлердің талапкерлеріне 5 мың грант бөліп отыр. Осыған байланысты Атыраудағы көрме аясында «Грант түрлері және талапкердің жол картасы» тақырыбындағы кәсіби бағдар беру семинары өтті.
Атырау облысы