Таяуда мамандар пікірталас алаңында жиналып, атом саласын дамытудың өзекті мәселелерін, оның ішінде елде АЭС салу мүмкіндіктерін тағы талқылады.
«Электр энергиясын тұтынудың өсуі мен жұмыс істеп тұрған стансалардағы генерациялаушы жабдықтың тозуына байланысты елде жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу – өзекті мәселе. Үкіметтің көміртегінсіз энергетикаға көшу бағыты, сондай-ақ елімізде шикізат пен өндірістік базаның болуы республикада атом энергетикасы саласын дамыту үшін барынша тиімді жағдай жасайды. АЭС салу – индустриялық дамуға қажетті оңтайлы әрі тиімді шешім», дейді «Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин.
Атом энергетикасы электр энергиясының тұрақты көзін қамтамасыз етудің жолы ғана емес, экономиканың сабақтас салаларын дамытудың қуатты катализаторы екенін түсінетін кез жетті дейді мамандар.
«Қазақстанда атом электр стансаларын салу мәселесі азаматтар арасында біраз күмән тудырады. Көбі оның артықшылығын біле бермейді. Өкінішке қарай халық атом энергиясын енгізудің нақты экономикалық пайдасы туралы хабарсыз. Ел келешегін ойласақ, энергия тапшылығы мен энергияға тәуелділіктен арылу маңызды. Қисынды қадамдардың бірі – атом электр стансасын салу», дейді Азаматтық альянс төрайымы Бану Нұрғазиева.
Жасыл энергия көздерінің қатарына қосылған атом электр стансалары қоршаған ортаға, әсіресе адамның денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмейтінін саладағы ғалымдар мен мамандар дәлелді дәйектермен айтып, тұжырымдап қойғалы да бірқыдыру уақыт өтті.
«Егер біз атом электр стансаларының құрылысына қарсы болсақ, онда энергетика саласында да, жалпы елде де ештеңеге қол жеткізе алмаймыз. Мен өз басым нақты шешімге келдім: АЭС халыққа ешқандай қауіп төндірмейді. Оның қоршаған ортаға да зияны жоқ. Бұған Алматы мен Курчатовтағы ғылыми-зерттеу реакторларының тәжірибесі дәлел», деп атап көрсетті форум модераторы, «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Жақып Хайрушев.
Бүгінде елдің атом өнеркәсібінде 20 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Оның ішінде 15 мыңы – негізгі өндірістік персонал. Сондай-ақ ондаған жылдар бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан «Ұлттық ядролық орталық» пен «Ядролық физика институтында» көптеген маман қызмет етеді.
«Қазақстанда АЭС салу жөніндегі талқылау мен әртүрлі пікірталас аясында еліміздің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудағы орасан зор тәжірибесін атап айтқан аса маңызды. Мәселен, «Ядролық физика институтының» негізінде 57 жыл бойы ССР-Қ (қазақстандық су-сулы реакторы) табысты жұмыс істеп келеді. Бұл елдегі жалғыз стационарлық, көпмақсатты (іргелі, қолданбалы зерттеулер, медициналық және өнеркәсіптік радиоизотопты өнімдерді өндіру бойынша) зерттеу реакторы. Ол елімізде АЭС салу үшін қарастырылып жатқан реакторлардың түпүлгісі болып саналады. Институт базасында атом саласы үшін кадр даярлау жүзеге асырылады», деді Ядролық физика институтының бас директоры, академик Саябек Сахиев.
«Ұлттық ядролық орталықтың» бас директоры Эрлан Ғаділетұлының сөзінше, АЭС-тің әлемдегі перспективасы ең жоғары энергия көзі екені әлдеқашан дәлелденген.
«Ұлттық ядролық орталық» өзінің білікті мамандары мен білімді ғалымдарының арқасында, көпжылдық тәжірибесінің нәтижесінде атом саласында әлемге әйгілі табыстарға қол жеткізді. Ел-жұрт АЭС маңызын дұрыс ұғынып, салдыруға бел буса, оны іске қосып, ел игілігіне айналдыруға қай тұрғыда да біздің әлеуетіміз жетеді. Одан кейін біздің қоғам АЭС-тен қорқып немесе оны түсінбей отыр дегенмен келіспеймін. Халық бәрін біледі, түсінеді, тек сақтанып жатыр. Өйткені Семей атом қаруының қорқынышы мен салған жарақаты бар», деді ғалым.