Үкімет • 09 Маусым, 2024

Вице-премьер: Биылғыдай шегірткенің таралуын бұрын-соңды кездестірмедік

97 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

8 маусымда шегірткенің таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі орталық жедел штаб отырысында вице-премьер Серік Жұманғарин өңірлердегі жағдай туралы баяндамаларды тыңдады, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Вице-премьер: Биылғыдай шегірткенің таралуын бұрын-соңды кездестірмедік

Фотолар: Үкіметтің баспасөз қызметі

Түркістан облысында қосымша жер телімдерінде шегірткеге қарсы өңдеу шаралары жүргізіледі. Өңделген 260 мың гектардан басқа, өңірде 50 мың гектардан астам таралу учаскелері анықталды. Қосымша өңдеу облыстың Арыс қаласында, Сарыағаш, Келес, Ордабасы, Шардара аудандарында жүргізіледі. Облыс әкімдігі ақпараты бойынша, қосымша өңдеу 70 бірлік жерүсті техникасының көмегімен жүргізіліп жатыр, оған қоса қосымша 4 ұшақ келді. Қазіргі уақытта барлық қажетті техника көкөніс-бақша дақылдары алқаптарының айналасында шоғырланған. Егістікке зиян келген жоқ. 

Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында шегіртке дернәсілдері көбейе бастаған. Өңдеуге арналған техника дайын. Жалпы облыста 76 бірлік техниканы пайдалана отырып, өңірдің 12 ауданында 281 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілді. Шегірткенің пайда болу орындарын тексеру және анықтау үшін 600-ге жуық адам тартылды. Олар фитосанитариялық инспекция, әкімдік қызметкерлері және уақытша қызметкерлер. Шегірткенің белсенді өсу кезеңінде жұмысты күшейту үшін әкімдікке тағы 14 бірлік техника қажет.

Қостанай облысының бес ауданында 29,4 мың га аумақта химиялық өңдеу жүргізілді. Дернәсілдердің көбею орындарына мониторинг жасау және анықтау үшін 129 тексеруші және 326 уақытша қызметкер тартылды. 72 бірлік техника әзір тұр. Шегірткеге қарсы күрес жұмыстары фермерлермен бірлесіп жүргізіліп жатыр.

«Біз биылғыдай шегірткенің таралу аймағын бұрын-соңды кездестірген емеспіз. Біз оның таралуының ықтимал салдарын жете бағаламаймыз. АШМ Мемлекеттік инспекция комитетіне барлық рәсімдік мәселелерді дереу аяқтауды және барлық қажетті техниканы аталған өңірлерге жіберуді тапсырамын. Қарбалас уақытта біз штаб отырысын аптасына екі рет өткізетін боламыз», деп түйіндеді Серік Жұманғарин. 

Үкімет