Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Барыс-келіс бастауы
Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы қатынастар сонау тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастау алады. Қос елдің халықаралық дипломатиялық байланысы 1992 жылы орнаған. Сол жылдың 28 қаңтарында басталған екіжақты өзара ынтымақтастық осы күнге дейін түрлі салада қарқынды дамып келеді.
Қазақстан Президенті Оңтүстік Кореяға бес мәрте мемлекеттік сапармен барды. 1995 жылы мамыр айындағы сапар аясында қос тараптың екіжақты қарым-қатынастарының шарттық-құқықтық негізі қаланды.
Келесі жылдың қыркүйек айында Кореяның сол кездегі Президенті Но Му Хённің Қазақстанға жауап сапармен келіп, бейбіт атом энергиясын пайдалануға және байланыс пен ақпараттандыру саласындағы ынтымақтастыққа қатысты келісімдерге қол қойылды, энергетика және минералдық ресурстар саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум орнатылды.
2019 жылғы 21-23 сәуірде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Корея Республикасының Президенті Мун Чже Ин елімізге мемлекеттік сапармен келіп, елдер арасындағы стратегиялық әріптестікті орнатудың екіжақты ынтымақтастығының дамуын қанағаттанғандықпен атап өтті.
Одан кейінгі дипломатиялық байланыстар әр жылдардағы түрлі экономикалық бизнес форумдарына ұласып, парламентаралық ынтымақтастықты қоса алғанда әлі күнге дейін жоғары деңгейде делегациялардың алмасуы белсенді жүзеге асып келеді.
2022 жылы президенттікке сайланған Юн Сок Ёльдің мемлекет басшысы ретінде біздің елге бұрын жолы түспеген. Дегенмен былтыр қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-дағы жұмыс сапары Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльмен кездесумен жалғасқан болатын. Әңгімелесу барысында қос президент қазақ-корей стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту келешегін талқылады.
Қазақстан Президентінің айтуынша, 2022 жылы екіжақты тауар айналымы 6 миллиард доллардан асып, тұрақты өсім байқалған. Сонымен қатар корей компанияларының Қазақстан экономикасына салған инвестицияларының жалпы көлемі 8 миллиард доллардан асып, еліміздегі ең ірі 10 инвестордың қатарына нық сеніммен орныға алған.
Жалпы, бүгінде елімізде 700-ден астам кореялық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Әсіресе еліміздің нарығында KIA, «Hyundai», «Samsung», LG және басқа да компаниялардың жұмысында белсенділік бар.
Әлемдік автомобиль өндірісі көшбасшыларының біріне айналған KIA корпорациясы 2025 жылы Қостанайда зауыт салмақ ниетте. Жобаны жүзеге асыруға корпорация 90 миллиард теңгеден астам инвестиция құйғалы отыр. Онда 1,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Әйгілі зауыт қазақ жерінде жылына 70 мың автомобиль шығаруды көздеп отыр. Оның ішіндегі 50 мың автомобиль ұсақ бөлшектерден құрастыру әдісімен өндірілмек. Осы арқылы жергілікті өнім үлесі барынша жоғарылай түседі.
Биыл 23 сәуірде Астанаға келген KIA корпорациясының президенті Хо-сунг Сонг Ақордадағы қабылдауда Қасым-Жомарт Тоқаевқа жоғарыда аталған автомобиль шығаратын толық циклді зауыт құрылысының барысы туралы айтқан болатын. Оның айтуынша, корпорация көліктің қосалқы бөлшектерін әлемдік деңгейде өндіретін компанияларды да біздің елге тартпақшы. Осы бағыттағы жұмыстар аясында зауыт салу жөнінде келісімге қол қойылған.
Экономикалық алыс-беріс
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанның Оңтүстік Корея нарығына жалпы сомасы 1 миллиард доллардан асатын 90 түрлі өңделген тауар экспортын ұлғайту мүмкіндігі бар. Бұл туралы былтыр Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова мен Корея Республикасының Сауда, индустрия және энергетика министрі Ан Дук Гынның кездесуінде мәлім болған.
«Біздің тауар айналымы құрылымында экспорттың үлесі басым және экспорттық қоржынды әртараптандыруға мүдделіміз. Кореялық кәсіпкерлер отандық кондитерлік өнімдер мен сусындарымызға қызығушылық танытып отыр. Жалпы, тамақ өнеркәсібінде біз экспортты қазіргі 10 миллион доллардан 115 миллион долларға дейін ұлғайта аламыз», дейді Айжан Бижанова.
Жалпы, Оңтүстік Корея еліміздің экономикасына инвестиция салатын алғашқы 10 елдің қатарына кіреді. Яғни Корея – Қазақстанның ең әлеуетті сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі.
Өткен жылдың соңында өзара тауар айналымы 2,3 есе өсіп, 6,1 миллиард доллардан асты, былтырғы жылдың сегіз айында Қазақстан мен Корея арасындағы сауда көлемі 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,7 пайызға артып, 4,6 миллиард долларды құраған болатын. Қазақстан Оңтүстік Кореяға негізінен шикізат, оның ішінде мыс пен мырыш металдарын экспорттайды. Ал кореялық компаниялар сауда-экономикалық ынтымақтастық аясында Қазақстанның мұнай өнеркәсібі саласында табысты жұмыс істеп келеді. Еліміздегі кен орындарын зерттеу бағытындағы корей Консорциумының құрамына 6 компания кіреді.
Жібек жолының жаңғырығы
Корея билігінің хабарлауынша, Президент Юн Сок Ёль 10-15 маусым күндері біздің елге ғана емес, сонымен қатар Өзбекстан мен Түрікменстанға да мемлекеттік сапармен барғалы отыр. Ёль мырзаның алдағы сапары туралы ресми хабарламада Орталық Азия ежелгі Жібек жолының негізгі бөлігі болғаны, бұл өңір Еуропа мен Азияны байланыстыратын стратегиялық орын екені айтылған. Сондай-ақ Украина мен Таяу Шығыс төңірегіндегі геосаяси ахуал сынды соңғы саяси да әскери дағдарыстардың әсерінен Орталық Азияның өңірлік маңызы артып келе жатқанына тоқталыпты.
Қысқасы, осы сапар арқылы Оңтүстік Корея Орталық Азияға арналған аймақтық Жібек жолы стратегиясын жариялап, осы аптадағы сапар бағытын Түрікменстан, Қазақстан және Өзбекстанға бұрмақшы.
Кореяның түпкі мақсаты – Орталық Азияның бес елінің қатысуымен саммит құрып, «Корея – Орталық Азия Жібек жолы» деп аталатын аймаққа арналған жаңа дипломатиялық стратегиясының бір бөлігі ретінде келесі жылы Сеулде алғашқы кездесуін өткізуді көздеп отыр. Бұл туралы өткен жұмада Сеулде өткен баспасөз брифингінде айтылды. Сондай-ақ бұл саммит өткен жылғы Корея-Тынық мұхиты аралдары саммитінен, осы айдың басында өткен Корея-Африка саммитінен кейінгі Юн үкіметінің дипломатиялық бағытын кеңейту жолындағы келесі қадамы болмақ. Саммит Корея және Орталық Азия елдерімен серіктестіктің жаңа платформасын құруды көздейтін «Жібек жолы бастамалары» жобасы аясында өткізілмек.
Ал 27 мамыр күні еліміздің Корея Республикасындағы елшісі Нұрғали Арыстанов Кореяның белді ақпараттық порталдарының бірі «The Korea Times»-қа берген сұхбатында Қазақстан мен Корея өте жақын достық қарым-қатынастағы елдер екенін және арадағы жоғары деңгейдегі стратегиялық әріптестік нығайып келе жатқанын атап өтіпті. «Біз мұндай ынтымақтастық деңгейін санаулы елдермен ғана орнықтырамыз, ал Корея – біздің ең маңызды стратегиялық серіктестеріміздің бірі», дейді Н.Арыстанов.
Елші сұхбатында экономикалық ынтымақтастық Корея-Қазақстан әріптестігінің негізгі өзегі болып отырғанын атап өтіп, екі ел арасындағы былтырғы тауар айналымының 6 миллиард долларға жеткен межесін маңызды кезеңге балапты.