Экономика • 11 Маусым, 2024

Көлік саласын дамыту қай бағытта өрбиді?

184 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Еліміз таяу арада тасымал жолдарын әртараптандырып, оңтүстік пен солтүстік, шығыс пен батыс арасын жалғап жататын ауқымды транзиттік хаб құрғысы келеді. Оған себеп те, негіз де көп. Сарапшылар да жақын жылдарда Еуразиядағы тасымал ағыны күрт көбейеді деп болжап отыр. Алда тұрған міндеттің ауқымдылығы сол – қазір қабылданатын тиімді логистикалық шешім келешектегі табыс пен қауіпсіздік кепілі болмақ.

Көлік саласын дамыту қай бағытта өрбиді?

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Саланы өркендетуге 5,5 млрд еуро қажет

«Азия мен Еуропа арасындағы сауданың көп бөлігі теңіз жолдарымен жүзеге асырылады. Дегенмен Қызыл және Оңтүстік Қытай теңіз айналасындағы геосаяси шиеленістерге, сондай-ақ порт инфрақұрылымының қуатын кеңейтуге арналған техникалық шектеулерге байланысты тәуекелдерді әртараптандыратын бірнеше құрлықтық маршрут бар. Логистикалық мүмкіндіктерді әртарап­тан­дыру жүк айналымының бір бөлігін құрлықтық маршруттарға бағыттауы мүмкін», делінеді «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) зерттеуінде.

Еліміз Орта дәліздің де, Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің де маңызды қатысу­шы­сы ретінде транспорттық мүмкіндікті дамытуға күш салып жатыр. Еуропалық қайта құру және даму банкінің баға­лауынша, ОА елдері транспорттық ин­фра­құрылымның жақсаруы үшін 18,5 млрд еуро қажет. Соның ішінде Қазақ­стан үшін 5,5 млрд еуро керек екен.

Осыншама қаражатты табу үшін:

  • инвестиция тарту;
  • мәмілені дұрыс құрылымдау;
  • тариф саясатын жетілдіру;
  • цифрландыру тетіктерін жетілдіру;
  • мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту;
  • халықаралық ынтымақтастыққа мән беру керек.

АХҚО сарапшыларының айтуынша, дәл қазір ЕО, Қытай, Ресей, Үндістан, Орталық Азия елдері – Орта дәліз бен Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің маңызды нүктелері. Бұл құрлықтық дәліздер арқы­лы сауда ағыны артады деп күтіледі.

«Бұл елдерге әлем экономикасының 40 пайызы, әлем халқының 43 па­йызы тиесілі. Олар 2028 жылға дейін экономикалық өсім көрсетеді деп болжанады», дейді сарапшылар.

 

Халықаралық теміржол жүйесі

Елдердегі теміржолдардың өлшемі әртүрлі дейді сарапшылар. Посткеңестік елдердегі теміржол табаны 1 520 мм болса, Қытай, Иран, Түркия және ЕО-да 1 435 мм.

«Теміржол табанындағы өлшем­дер­дің әртүрлі болуы шекарада жүкті өңдеуге және жеткізуге жұмсалатын уақытқа әсерін тигізеді. Дегенмен унификация және цифрландыру тетіктері арқылы операциялық үдерістерді оңтайландыру есебінен жүк жеткізу уақытын қысқартуға болады. Орта дәлізде теміржол табаны екі нүктеде ауысады: Орталық Азия мен Қытай арасында және Грузия мен Түркия шекарасында», делінеді зерттеуде.

Орта дәлізбен тасымал уақыты 38-53 күннен 19-23 күнге дейін қысқарды. Мақсат – 2024 жылы 14-18 күн ету (Қазақ­стан арқылы 5 күн).

«Дүниежүзілік банк болжамы бо­йынша 2030 жылға таман Орта дәліз бойынша көлем үш есе артып, жылына 11 млн тоннаға жетеді (транзиттік жүк өсімі есебінен емес, Орталық Азия және Кавказдың экономикалық өсімі есебінен). Дүниежүзілік банк Орта дәліз негізінен өңірлік маршрут болып қалады, ал құрлықаралық сауда 2030 жылға таман оның 40 пайызынан аз емес көлемде қалыптасады деп пайымдайды. Қазақстан соңғы 15 жылда транспорт пен логистикаға 35 млрд доллар инвес­тиция салды. Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі транспорт пен логистика үлесі 2022 жылғы 6,2 пайыздан 2025 жылы 9 пайызға жетеді деп болжанады», делі­не­ді зерттеуде.

Қазір біздің тараптан жүктерді темір­жол транспортымен тасымалдау үлкен басымдыққа ие. Одан кейінгі орын­дар­да ав­томобиль транспорты және құбыр желісі тұр.

2023 жылы Қазақстан 139 елдің арасында 2,7 индекспен 79-орын алды. Индекс компоненті бойынша еліміздің негізгі көрсеткіштері мынадай:

  • кеден – 2,6;
  • инфрақұрылым – 2,5;
  • халықаралық тасымал – 2,6;
  • логистика – 2,7;
  • жүктерді бақылау – 2,8.

«1991 жылы Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақ­стан Оңтүстік Қазақстанмен байланыста болды, бірақ өз араларында теміржол байланысы жоқ еді. Ірі қалалар мен облыс­тардың бәрінде теміржол бар. Алайда теміржол байланысының өзге елдер арқылы өтуі ел ішіндегі тасымалды қиын­датты. Соңғы жылдары Қазақстан теміржол желісінің бүтіндігіне байланысты көп жұмыс істеді. Павлодар – Өскемен, Ақтөбе – Қостанай, Жезқазған – Ақтау, тағы да басқа желілерді іске қосты. Сонымен қатар сыртқы сауда үшін халықаралық байланыстарды да жаң­ғыртты – Түрікменстан – Иран және Қытай бағы­тында теміржол салды», дейді маман­дар.

Қазіргі уақытта еліміздегі жүктемесі ең көп теміржол учаскесі – Достық – Мойынты және және Шу – Шымкент. Екінші теміржол желісін салу арқылы Достық – Мойынтының өткізу қабілеті ұлғайтылып жатыр. Соңғы жылдары жүк тасымалы едәуір артып, 2023 жылы 327 млрд тонна километр межесіне жетті.

Ал елдегі автожол ұзындығы – 94 800 шақырым. Оның 24 900 шақырымы – халықаралық және республикалық маңызы бар жолдар. 31 800 шақырымы – облыстық жолдар.

 

Теңіз тасымалының мүмкіндіктері

Мамандар зерттеуде Каспий теңізінің маңызына да тоқталады. Қазақстан Каспийдегі Ақтау және Құрық порттары арқылы Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстанмен байланыс орнатады. Каспий жүк кемесін қабылдай алады және түгел дерлік Ресей аумағы арқылы ағып өтетін Волга – Дон өзен каналы арқылы мұхиттармен жалғасуға мүмкіндік бар.

2018 жылы Қазақстан, Ресей, Әзербай­жан, Түрікменстан, Иран Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы келісіп, теңіз түбіне, жер қойнауына және әуе кеңістігіне қатысты егемендікті анықтады. Ақтауда қазір екі субпорт бар, бірі – оңтүстіктегі мемлекеттік порт және солтүстіктегі жаңа мемлекеттік-жекешелік терминал. Құрық порты әлі даму үстінде, онда тек паром терминалы жұмыс істейді.

«Теңіз көлігімен жүк тасымалдау көлемі 2011 жылы шарықтау шегіне жеткеннен бері төмендеп келеді. Бұл негізінен Каспий теңізі порттары арқылы мұнай экспортының көлемін басқа көлік түрлерімен алмастыруға байланысты болды. 2022 жылы Қазақстанның теңіз порттары арқылы жүк тиеу көлемі 6,5 млн тоннаға жетті (2021 жылғы көрсет­кіштен 19 пайызға көп). 2022 жылы Қазақстанның теңіз порттарына 2 237 кеме кірді (2021 жылғы көрсеткіштен 23 пайызға көп). Кемелердің басым бөлігі – буксир, баржа, теңіз катерлері. Көбінің пайдаланылғанына 10 жылдан асқан», деп ақпарат беріледі.

 

Басқа бағыттар

Сарапшылар Қазақстанның авиа­ция саласы COVID-19 пандемиясы тудыр­­ған үш­жылдық құлдыраудан кейін қайта қал­пына келіп жатыр дейді. Әуе қозға­лы­сы жанданып, жаңа бағыттар ашылды. Бір­қатар әуежай модернизациядан өткізіле бастады. Бірнеше қалада жаңа әуежай мен жаңа терминалдар бой көтеріп жатыр. Ал құбыр желілерінің көптеп тартылуына бас­ты себеп – мұнай-газ сала­сының дамуы. 2023 жылы Каспий құбыр консорциумына жалпы шикі мұнай экс­портының 80,1 пайызы тиесілі болды (70,5 млн тонна мұнайдың 56,5 млн тоннасы).

Дәл қазіргі сәттегі елде транспорт және логистика саласында қолға алынған ірі инвестициялық жобалар:

  • Ақтөбе мен Атыраудан Астраханға дейінгі автожолға (ұзындығы – 893 шақырым) реконструкция жасалып жатыр. 2025 жылға таман Атырау – Орал – Саратов тасжолы (ұзындығы – 587 шақырым) автожолының реконструкция­сы аяқталады.
  • 2025 жылға таман Ақтау теңіз портында қосымша контейнерлік хаб салынады (200 мың ЖФЭ-дан астам). Құны – 42,3 млн доллар.
  • Құрық теңіз портындағы «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалы: онда жылына 1 млн тонна жүктемесі бар астық терминалы; жылына 5,5 млн тонна жүктемесі бар мұнай терминалы; жылына 3 млн тонна жүктемесі бар әмбебап терминал болады.
  • 2025 жылдың соңында Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісі Қазақ­стан мен Өзбекстанды байланыстырады. Басты мақсат – Орталық Азиямен, Оңтүстік Азиямен транзиттік байланысты нығайту. Жоба құны 523,1 млн долларға бағаланып отыр.
  • 2025 жылға таман Достық – Мойынты (836 шақырым) учаскесіндегі екінші жолдың құрылысы аяқталады. Оның құны – 1,1 млрд доллар. Екінші жолдың ашылуы учаскенің өткізу қабілетін 5 есе арттырмақ. Сонымен бірге тасымал жылдамдығы тәулігіне 1 500 шақырымға дейін жеделдейді (қазіргі жылдамдығы – тәулігіне 800 шақырым).
  • Ұзындығы 272 шақырым болатын Бақты – Аягөз теміржол желісінің құрылысы да басты назарда. Жоба жүзеге асқан жағдайда Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк айналымы 20 млн тоннаға ұлғаяды деп күтіледі. Құны – 1,2 млрд доллар.