Туризм • 11 Маусым, 2024

Баянауылда жазғы маусым ашылады

68 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Баянауылдағы Жасыбай көлінің жағасы туристерді қабылдауға дайын. Алдағы сенбі, 15 маусымнан бастап демалыс аймағында жазғы туристік кезең ашылады деп күтіліп отыр.

Баянауылда жазғы маусым ашылады

Суретті түсірген – Валерий Бугаев

Баянауыл курорттық аймағында бір демде 5 мың адам демала алатын 50-ден аса туристік нысан бар. Таулы өлкеде 13 негізгі туристік маршрут және 68 көрнекі орын жұмыс істейді. Былтыр Жасыбай демалыс аймағына шамамен 120 мың адам келген.

Павлодар облысы әкімдігінің ақпарынша, туристік саланы дамыту жөніндегі 2028 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасы бекітілді. Онда 8,5 млрд тең­геге 17 инвестициялық жобаны және 12,3 млрд теңгеге 7 ин­фра­­­құрылымдық жобаны іске асыру іс-шаралары көзделген. Баянауылдағы туристік әлеуетті одан әрі дамыту үшін Павлодар облысының әкімдігі мен ERG арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде 3 жобаның сметалық құжат­тамасы әзірленді. Олар Баянауыл кен­тінде екінші дүниежүзілік соғыс батырларына арналған стелла бойындағы жаяу-серуен­деу аймағын қайта жаңарту, Сабындыкөл көлінің жағалауы мен жағажайын қайта жаңарту, туристерге арналған музейі бар орталық салу. Бұған қоса ауданда дене шынықтыру-сауықтыру орталығын ашу көзделген. Келе­шекте аудан орталығында шаңғы-роллерлік трасса, шипажай салу, хостелі бар ірі заманауи жанар­май құю стансасын тұрғызу сияқ­ты жоспарлар да бар.

Туристік маусымның ашы­луын­да аниматорлар, қолөнер­шілер шақырылып, спорттық және мә­дени іс-шаралар болады. Жаға­жай волейболы, арқан тарту сияқты жарыстар өткізіліп, ұлт­тық ойындар ойнатылады. Негізгі бағ­дарламадан бөлек төрт экскур­сиялық бағыт бар, сапсер­финг бо­йын­ша жаппай сүңгу, автобустық экскурсия, жаяу саяхат, джип-тур. Кемпіртас, То­райғыр көлі, Саймантас, Қоңыр әулие, Ескі өткел сияқты жерлер көрсетіледі.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы