Қоғам • 11 Маусым, 2024

Алимент төлемеген әйелдер

178 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұрын отбасын тастап кеткен безбүйрек әкелер ғана балаларына алимент төлемеуші еді. Алайда бүгінгі қоғамда тоғыз ай құрсағында тербеткен ұрпағы үшін алимент төлемейтін аналар да бар.

Алимент төлемеген әйелдер

Фото: inbusiness.kz

Атырау облыстық әділет департаменті сот орындаушы­ларының қызметін реттеу және бақылау бөлімінің басшысы Ақбөбек Дүсіпқалиеваның айтуынша, алимент төлеуден жалтаратын, тіпті мүлдем төлемеген борышкерлер аз емес. Сондай борышкерлерден берешекті өндіріп алу мақсатында тиісті жұмыс қолға алынған. Нәтижесінде, борышкерлерден биыл 5 айда 43 млн 375 мың теңге берешек өндіріліпті.

«Мәселен, өткен жылдан қалған алимент өндіруге қатысты 9 564 құжат бар. Бұған биыл 1 186 атқару құжаты қосылып отыр. Бұл құжаттың бәрі сот орындаушыларына жіберілді. Осы кезге дейін 983 құжатты орындау жұмысы аяқталды», дейді А.Дүсіпқалиева.

Оның айтуына қарағанда, қазір жеке және мем­лекеттік сот орындаушыларының өндірісінде 9637 құжат бар. Бұл құжаттың бәрі алимент өндіруге қатысты.

«Балалары үшін алимент төлемеген 48 ана борышкерлер тізімінде тұр. Оның ішінде аналық құқынан айырылған, ұрпағын балалар үйіне қалдырған 21 әйел бар. Ал 27 әйел балаларын күйеуінің тәрбиесіне тас­тап кеткен. Сол себептен қазір облыста жалғызбасты 27 әке балаларын тәрбиелеп отыр», деп мәлім етті А.Дүсіпқалиева.

 

Атырау облысы